Руханият • 22 Қаңтар, 2020

Қарқаралының аға сұлтаны

3880 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Екі жүз жылға таяу тарихы бар қазақтың қасиетті мекендерінің бірі – Қар­қа­ра­лы. Арқаның алтын тәжі саналатын қастерлі аймақ көрікті табиғатымен бірге, елге белгілі тарихи тұлғаларымен де көзіқарақты жұртты қы­зық­тырмай қоймайды. Біз бүгін сол өлкеде өмір сүріп, 17 жыл Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған, Бөкей ханның нәсілі — Құсбек төре Тәукеұлы туралы сөз еткіміз келеді. Жалғыз Қарқаралы шежіресіне қатысты емес, жалпы қазақ тари­хында елеулі орындардың біріне ие Құсбек төре туралы бүгінде көп айтыл­майды. Кешегі Кеңес өкіметінің солақай саясатының салқынымен көркем әдебиет­терде, ауыз-екі әңгімелерде Құсбек төрені жағымсыз кейіпкер ре­тінде ғана сомдау басым. Бүгінгі ұрпақ бұл бұрмаланған тарихты дұрыстауы керек деп ойлаймыз.

Қарқаралының аға сұлтаны

Майор Құсбек Тәукин

Құсбек төре Бөкей ханның қарақалпақ әйелінен туған баласы Тәуке сұлтанның үлкен ұлы. Тарихи құжаттарда Құсбек төре 1799 жылы дүниеге келген деп көрсе­ті­леді. Орыстар оған «ақылды, әділ, ел арасын­да ерекше сенім мен құрметке ие» деп мінездеме берген. Құсбек Тәукеұлы туралы көп деректерді Әлихан Бөкей­хан­ның туған інісі Смахан төре Бөкейхан жазып қалдырған. Бүгінгі таңда аталған деректерге сүйене отырып тарихшы ға­лым, Еуразия ұлттық университетінің док­торанты Арман Ахметов Құсбек төре тура­лы, жалпы Барақ хан, одан тараған белгілі сұлтандар туралы толымды еңбек жазып, жемісті еңбек етіп жүр. Құсбек тура­лы зерттеуінде келтірген мәліметтеріне сүй­ен­сек, 1824 жылы Қарқаралы округі ашы­лып, Тұрсын Шыңғысұлы аға сұлтан бол­ғанда беделі жағынан Құсбек төре екінші адам болғанға ұқсайды. «Құсбек төре 1830 жылы сәуір айында Петерборға патша сара­йына аға сұлтан Тұрсын Шыңғысұлы бастап барған Қарқаралы округінің депута­ци­ясы құрамында болды. Сөйтіп, 18 мамырда Александр лентасына тағылған алтын медальмен марапатталды. Жүктелген тап­сырмаларды бар ынтасымен тиянақты орын­дауы ескеріліп, 1840 жылы 3 наурыз­да шекара бастығы Ладыженскийден мақтау қағазын алады. 1841 жылы 11 тамызда майор шеніне жоғарылайды. Өзі тұрған Қара-Әйтімбет болысына әкесімен қатар билігі жүрген. Тұрсын сұлтаннан кейін 1843 жылы 26 шілдеде халықтың қа­лауымен Қарқаралы округінің аға сұл­та­ны болып сайланады. Үш жылдан кейін екін­ші мерзімге аға сұлтан болып, 1849 жылы 18 желтоқсанда қызметтен босайды. 1861 жылы 9 қыркүйекте қайта аға сұлтан қызметіне келіп, 1863 жылға дейін атқарады. Жылына 350 рубль тө­ле­м­ақы алып отырған. Талды, Жарма өзен­­де­рінің бойын жайлап, Қараша тауы аймағында қыстаған», деп жазыла­ды «Барақ хан әулеті» дерек-шежіре кіта­бын­да. Өкініштісі, Құсбек сұлтанның қай жылы дүниеден өткені әзірше белгісіз. Төре қайтыс болғанда ақын інісі Жошы сұл­тан:

Кешегі туған айдың бүгін бесі,

Мал тайса ер жігіттің қалмайды ісі.

Келсем, кеткім келмейтін ауылым-ай,

Ит байласа тұрғысыз болғаны несі?!

– деп жоқтау өлең айтыпты.

Құсбектің үш әйелі де төренің қыздары болған. Олар Айбала Әбілқайырқызы, Айғанша Қосымқызы, Жанпейіс Жадай­қы­зы. Мұндағы Айғанша – тобықты елін­дегі Қосым Абылайханұлының қызы еке­нін айта кеткен жөн. 62 жастағы Құс­бек­тің формуляр тізімінде жеті ұлы көр­сетілген. Олар: Әбілхан, Тәтіхан, Сыз­дық­хан, Әзіхан, Омархан, Сейілхан, Әбдіхан және қыздары Әйнеке мен Фатима. Смахан Бөкейханның жазып қал­дырған дәптерінде Құсбектің төрт баласы Тәтіхан, Сыздықхан, Әзіхан, Әбіш есімдеріне Қоңыр есімді тағы бір баланы қосқан. «Мұнда Смахан төре ұрпақтары жал­ғасқан, өзі білетін адамдарды жазып отырған сияқты. Ал Құсбектің пайғамбар жастан асқанда әйелі тағы бір ұл туып атын Қоңыр қойды десек, онда ол се­гі­зінші ұл болар еді. Бірақ 1879 жылғы де­рек­те жеті бала деп анық айтып тұр. 1879 жылға дейін бір баласы жастай өліп, жаңа туған баламен қайта жеті бала болуы мүм­кін деген ой да келеді. Қоңырдың ұр­па­ғы Ермек Төкенұлының үйінде ата­дан жалғастырып жазып келе жатқан Құран-қатымда мынадай жолдар бар: «Сыздыхан, Әзіхан, Тәтіхан, Омархан, Әбілхан, Әбіш, Қоңыр Құсбек ұрқына...». Мұн­да Құсбектің баласының саны тағы да жетеу. Бұл жазбада Сейілханның есімі аталмай орнында Қоңыр тұр. Егер қар­тай­ған шағында туған баласы болмаса, онда ел Сейілханды «Қоңыр» атап кетуі әбден мүм­кін», дейді А.Қиятұлы.

Бүгінгі таңда Құсбек төреден тара­ған ұрпақтар Қарқаралы өңірінде өсіп-өркен­деуде. Аға сұлтаннан тараған ұл­дар­дың барлығының есімдері Қарқаралы ауданының Бақты ауылына қарасты қыс­тау­ларға беріліп, солай аталады. Мәселен, Талды өзені бойында «Ыбыштың жайлауы» деп аталатын жер болса, Бақты аулы­нан Абыз бөлімшесіне бара жатқан бағыт­та «Ыбыш қыстағы» деген жер атауы сақ­талған. Сондай-ақ Құсбектің үшінші ұлы Сыздықханнан тараған Әбілезхан есімі де Бақты ауылына жақын маңдағы «Әбілез қыстауына» берілген. Құсбектің төр­тінші баласы Әзіханның қыстауын да атал­ған ауылдың маңынан нұсқап беретін адам­дар бар.

Құсбектің балаларының ішінде алтын­шы ұлы Қоңыр беделді адам болған екен. Қоңыр сұлтан туралы Бөкей хан­ның жұрағаты марқұм Бақыт төре Тәңір­бер­ген­нің жазуынша, ХХ ғасырдың басында Қоңыр сұлтанның салдыртқан мектебі бо­лып­ты. Ол мектептің қабырғалары 1958 жылға дейін сақталған. 1928 жылы Қоңыр төре, тілеубай руынан Мұздыбай, Жақаш үшеуі бай тұқымы ретінде кәмпескеге ұшырап, Қостанай жеріне жер аударылған. Қазір Қарқаралы ауданындағы Абыз бен Бақты ауылдарының арасында «Қоңыр қыстағы» деген үлкен қыстау әлі бар.

 Талды бойын жайлаған төре

Құсбек төре туралы Адольф Януш­ке­вичтің «Қазақ даласына жасаған сапар­ла­рындағы» жазбаларында айтылады. «Қарасу бойында. Анама хат» атты есте­лігінде А.Янушкевич: «Аспанды ба­сы­на көтеріп гу-гу еткен жұрт бағы жан­ған Құсбек сұлтанның жүйрігіне бас бәй­ге­ні берді. Құсбек бәйгесін сол бойда алды» деген күнделік парақшасына жазба қалдырады. А.Янушкевичтің Құс­бек­пен талай мәрте кездескені анық. Тағы бір деректі С.Бөкейхан Солтанғазы төре туралы жаза келіп: «Оны Құсбек төренің үйінде көрген поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич «салмақты, көрікті қарт» деп бейнелейді», деп Құсбек пен Янушкевичтің қарым-қатынасы туралы ақпарат қалдырады.

Ең алдымен ескеретін ерекше жағдай Құсбектің – аға сұлтан лауазымы. Ел би­леген сұсты әмірші әрине босаң мінез танытпайтыны белгілі. Қамысты бос ұста­саң, қолыңды қияды демекші, халық­ты хариз­масыз басқару қиын шаруа. Сол себепті де билік мансабында Құсбек аға сұлтанның өңірге темірдей тәртіп ор­натуы заңдылық. Сапарғали Бегалин «Қар­қаралы» поэмасында:

«Табандап Талды бойын Құсбек жай­лап, Обадай орда тігіп, шалқып жай­ғап. Ауылына аңдаусызда атпен келсе, Алғызған ат бауырына, жаяу айдап. Түсіріп түстік жерден тізерлетіп, Қу­сыртып қолын төске «Алла жарлап!». Сүйгенге – таяғының үшін беріп, Сүй­меске – ұстатпаған, таяғын да», деп Құсбек аға сұлтанды қатал болыс, әмір­шіл төре деп суреттеуі осы жайлардан келіп туындаса керек. Бұл жердегі қатал­дық – қатыгездік емес. Біз осыны көп ескергеніміз жөн. Негізінен Құсбек Тәукеұлын күрделі тұлға деуге болады. Ол туралы жазушы Мұхтар Әуезов 1932 жылы шыққан «Абай» журналында қысқаша айтып өтеді. «Ел басқару ісінде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған майор Құсбек Тәукин билік еткен жылдары жер дауы, жесір дауы әділ шешіліп, орыс ұлығына пара беру мүлде болмаған», деп жазады.

Осыдан бір-екі жыл бұрын аға сұлтан­ның шежірелі өмірі мен сол заманның тынысын дәл сипаттаған көркем шығарма да жазылды. Жазушы Серік Сағынтайдың «Оңқа-Жәдік оқиғасы» хикаятында Құсбек образы айрықша суреттелген. «Жасынан аймақтың кәріқұлақ қарияларын, жыршы, ақындарын тыңдап өскен Құсбек төренің білім-білігі едәуір еді», деп сипаттайды С.Сағынтай.

 Күре жолдың бойында кесенесі тұр

Бүгінде аға сұлтанның күмбезді кесе­несі Қарқаралы ауданына қарасты Бүр­кіт­ті ауылында, Қарқаралы-Егінді­бұ­лақ тас жолының бойында тұр. Кесенені мем­лекеттік маңызы бар тарихи, мәдени ескерткіштер қатарына енгізіп, қорғауға алуға мұрындық болған белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кан­дидаты Мыңжасар Әдекенов пен сол кез­дегі Қарағанды облыстық мәдениет де­партаментінің басшысы Рымбала Кенже­балақызы болатын. Талды өзені­нің сол жағалауында орналасқан тарихи нысанның ерекше архитектурасы өткен-кеткен жолаушыларды бейжай қал­дырмайды. Ескі әңгімелерден жеткен аңыз-деректерге сүйенсек, мазар кірпішін қы­рық қыз қалап, құрылыс балшығына аттың қылы мен ешкінің майы қосылып сы­ланған.

Зират сәулетті-жоспарлық және көр­кем өнер шешімімен ерекшеленетін әр­түр­лі мемориал кешендерден тұрады. Кесене негізінен шошақ бейіт үлгісіне жатады. Сондай-ақ негізгі кесенеге жапсарлас жанама төртбұрышты зираттар жал­ғасып салынған. Құсбек төремен қатар ол бейітте Бөкейханның ұрпақтары Тәуке сұлтан, Құсбек төре, Ысмайыл сұлтан жатыр. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланған мазар үш камералы діни-ғұрыптық ескерткіш ретінде ерекшеленеді. Ескерткіш Кеңес өкіметі тұсында елеусіз-ескерусіз қалып, малшы-жалшылар мазардың ішіне жылқы қамаған кездер болған. Құсбек төре туралы деректерді жинақтап кеткен ғалым, зерттеуші Мыңжасар Әдекенов: «Атақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін азат етілген жерлерге Сырдың бойынан, әр жерден қайта серпіліп келіп жиналған елді басқаруға деп Қаз дауысты Қазыбек би мен шекшек Нұралы би Самарқандағы Барақ ханның
14 жастағы баласы Бөкейханды 1748 жылы алып келіп, Орта жүзге хан сайлаған екен. Содан бері, Бөкейхан мен одан тараған, ел басқарған сұлтандардың тарихы орталық Қазақстанның, Қарқаралы аймағының да тарихы», деп жазып кеткен. Қарқаралы өңіріне жүргізген Құсбек билігі арғы атасы Бөкейханнан бері үзілмей жалғасқан.

«Құнанбай мешітінде» қолтаңбасы бар

Тіпті кейбір деректерде қазіргі Қарқа­ралы қаласындағы «Құнанбай қажы» мешітін салу туралы алғашқы жұ­мыс­тар Құсбек төре аға сұлтан болып тұрған уақытта қолға алынған. Семей қаласындағы Абай музейiнiң аға ғылыми қыз­меткерi Мұздыбай Бейсенбаевтың «Ана тiлi» газетiнде жариялаған «Құ­нан­­бай тәкиесi мен Қарқаралыдағы мешiтi» атты архив құжаттарында Сiбiр қазақ­тарының Шекаралық басқармасы құ­ры­лыс бөлiмiнiң жазған қатынасында: «Қарқаралы округтiк приказында осы жылы 5 қыркүйекте баяндама тыңдалып, онда аға сұлтан және басқалардың мешiт салу жөнiндегi актiсi қаралыпты. Актiде жа­зылғаны: Аға сұлтанның, болыс уп­ра­­вительдерiнiң және басқа құрметтi би­лер­дiң сұрауы бойынша Жоғары Кеңсе басшыларының рұқсатымен осы округте мешiт салу жөнiнде жарлығы болған. Мешiт құрылысын жүргiзуге халықты көмек көрсетуге шақыра отырып, олардың ерiктi түрде берген қаражатын есептеп жазып отыру үшiн қатталған баулы кiтапша (шнуровая книга) берулерiңiздi және мешiт құрылысын жүргiзетiн жердi белгiлеудi сұраймыз...» делінген құжат та бар. Аталған архив құжаттарын үлкен тарихшы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Құнанбай» атты еңбегінің «Жәбір сұлтан» тарауында тарқатып айтып, оқырман назарына мынандай мәліметтерді ұсынады:

«Орталық мемлекеттік архивте «Қар­қа­ралы селосындағы мешіт құ­ры­лысы жө­ніндегі іс» деп аталатын 32 беттік құ­жат сақталған. Осы буманы оқып та­ныс­­қанымызда бұған дейін белгісіз болып келген бірталай жаңа деректің ұшығы шығып, мешіттің салыну тарихы көз алдымыздан тізбектеліп өте бастады. Мешіт құрылысын алғаш қолға алар тұста жасалған акт деген құжатты оқиық:

«1847 жылы 22 сентябрь күні біздер, төменде қол қоюшылар мен мөр басушылар, таңбасын салушылар, мешіт құрылысын салу жөнінде 2 сентябрде приказға берілген тілегіміз бойынша Қарақаралы селосында мешіт салуға ерікті түрде қаражат жинап береміз. Жо­ғары басшылар алдында мешіт салу мә­се­лесі толық шешілгенше иелік жасауды қазақтар атынан кеңесші Итхаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Олар приказда хатталған есеп қатирасын алып, халықтан ерікті түрде түскен кіріс қара­жатты жазып, оны қашан құрылыс жұ­мы­сына толық рұқсат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті және солардың қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуіне, кітапшаға кірістің дұрыс жазылып отыруына, қандай да болмасын тәртіпсіздіктің болмауына осылар бақылау жасайды. Қашан жоғарғы ұлықтардың ұлықсаты болғанша, жауап­кер­шілікті соларға жүктейміз. Сендіру үшін акт қағаз ұсынамыз.

Осы актіні жасағанда аға сұлтан майор Құсбек Таукин қатысты және мөрін басты». Аға сұлтан Құсбек Тәукин 1847 жылғы қазан айының 23-інде жолдаған хатында қозғалған мәселені одан әрі тереңдете, нақтыландыра түседі: «Приказдың төрт мүшесі және қазақтардың қатысымен мешіт құрылысына жаңадан салынған дүкендердің қарама-қарсы жағынан орын таңдап алдық. Шығыс жақта, далалық алаңқайдан 60 метрдей жерде. Осы жерді бекітіп беруді сұраймыз».

1848 жылғы 16 наурызда Шекара бас­қар­масының құрылыс бөліміне Қар­қаралы дуанының кеңесшісі атынан төмендегідей мазмұнда хабарлама жолданады. Онда: «Осы округтің аға сұлтаны, майор Таукин мен кішік-тобықты болысының болыснайы, хорунжий Өскенбаев өздерінің 17 ақпандағы хабарламасында Қарқаралы селосында мешіт салу жайындағы талабымызды Жоғары мәртебелі ұлықтар қол­дап және құрылысты жүргізуге рұқ­сат беріп еді. Осы көктемнің басынан құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда мұндай құрылысқа пайдалануға жарайтын бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын мешіт салу ісіне пай­да­лануға болмас па екен? Оларға тиесілі заңды еңбекақыларын төлер едік, немесе қандай да болмасын жағдайларын туғызар едік, – деген. Осы жөнінде айтылғандарды Сіздің мәртебеңізге хабарлап отырмын. Қарқаралы дуанының приказ кеңесшісі» (қол қойған), деп жазылған».

Міне, Т.Жұртбай көрсеткен архив материалдары бойынша біз мешiт салу аға сұлтан Құсбек төренiң де қолтаңбасы бар екенін барлық болыстың қатысуымен әрi халықтан жиналған қа­ра­­жат есебiнен, сонымен бiрге орыс әкiм­шi­лiгiнiң рұқ­са­тымен басталған iс еке­нiн айқын аң­ға­ра­мыз. Бұл да Құсбек төренің аға сұлтан болып тұрған ықпалды тұсында жаса­ған игі істердің бірі деуге болады.

Бүгінгі таңда осынау тұлға есімі ел ішінде тіпті ұмытылып бара жатқандай көрінеді. Ханға қарашаны қарсы қою саясаты Кеңес өкіметінен қалған кесел екенін бүгінгі жас буын жақсы түсінуі керек. Байды аяр, ханды залым қылып суреттеу өз тарихымызға өзіміз балта шапқанмен бірдей шолақ түсінік дер едік.

Осы күні жоғарыда айтылған ауқымды іс­те­рімен елге ерекше қызмет еткен аға сұлтан туралы айтылмақ түгіл, сол Қар­қа­­ралы ауданында, аудан орталығы Қарқаралы қаласында бірде-бір көшенің не кеңсенің есімі берілмеген. Бұл әділ тарихты әлі де әдейі бүркемелеу сияқты көрі­неді. Бұл ретте Қарқаралы ауданының бас­шылығы әлбетте ойланғаны дұрыс. Әрине, қолына найза ұстатып, қара қасқа атқа мінгізіп мүсін соғу артықтау болар, дегенмен Қарқаралы округінің азды-көпті тарихына едәуір еңбек сіңірген тұлға ретінде белгі тақта орнатылып, болашақ ұрпаққа Құсбек төре есімі дұрыс насихатталуы керек деп білеміз.