Тарих • 22 Қаңтар, 2020

Қазақтың тұңғыш дәрігері – Мұхамеджан Қарабаевтың есімін ұмытпайық

2420 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мұхамеджан Қарабаев көз жұмғаннан бері қаншама жыл зымырап өтті. Бертінге дейін оған көңіл бөліп, ізет көрсете барған қоғам өкілдері болмапты. Ал ол қандай құрметке де лайық еді. Мұхамеджанды халқымыз білмейді емес, біледі. Кеңес өкіметі тұсында да арагідік жазылып, мәселе көтеріліп тұрды.

Қазақтың тұңғыш дәрігері – Мұхамеджан Қарабаевтың есімін ұмытпайық

Қазақстанға, қала берді бұрын­ғы Одақ көлемінде танымал меди­ци­на ғылымының док­тор­лары, осы саланың ғалым, мамандары Ишанбай Қарақұлов пен Естөре Оразақов хал­қымыздың ар­дақты перзентінің есімін есте қал­­ды­ру туралы билік орындарына ұсы­ныстар жа­саған. Бірақ одан ай­тар­лықтай нәтиже шыға қой­ма­ды. Әйтеуір Меңдіқарадағы ту­бер­­кулезді емдейтін санаторий­ге тұң­ғыш дәрігердің есімі берілген. Мұхамеджан жайында Марат Сисе­кенов деген алматылық дәрі­гер шағын кітап жазған. Мұха­мед­жанның туған жері – Введен ауы­­лында оған көше аты берілді. Осымен тә­мам.

Мұхаң қандай адам еді? Шы­нын­да да, бұл кісіні біз, қазақтар ғана біліп, қалың орыс-орманның одан хабары аздау болып кел­ге­ні­нен бе, қостанайлықтар оны жиі есіне ала бермейді. Көп жыл­дар Ленин атында болып келген об­лыстық аурухананың бүгін­гі даң­қы жер жарады. Осы ауру­ха­на­ның тұңғыш дәрігері Қарабаев бол­ған еді. Оны біреу біледі, біреу біл­мей­ді.

1888 жылдың бас кезінде Қазан уни­вер­си­тетінің медицина фа­культетін бітіргеннен кейін Мұха­мед­жан Қостанайға келіп, қала­лық қызметке орналасады. Сол кезде мыңдаған халқы бар Қос­та­най қаласында небәрі төрт орын­­дық кішкентай ғана емхана бол­ған. Басқа жерде емдеу орны бол­мағандықтан бұл жерге Қос­та­найдан ғана емес, бүкіл Нико­ла­­ев уезінің халқы қаптап келіп қа­­ралатын.

Айтпақшы, Мұхамеджан бас­тап­­қы кезде Орынбор қаласында жұ­мыс істейді. Осында ұлты та­тар генерал Бикчуриннің Қа­ди­ша деген қызымен танысып, соған үйленеді. Қадишамен бір­ге Қостанайға оралады. Сәнді киінг­ен, басында аппақ телпегі бар, нәп-нәзік, сымбатты әйелін Мұхаң­ның кәдімгі мәдениетті, тәр­биелі жігіт ретінде пәуескеден қолы­мен қолтығынан сүйемелдеп түсі­ріп жатқан сәтін Кәрім ақса­қал жүрегімізді толқытып, сүй­сініп суреттеп айтып еді. Кіш­кен­тай сәбиі дүниеге келіп, ше­ті­неп кетеді. Бұған ел ішіндегі тұр­мыс­тық жағдайдың қиындығы, айтар­лықтай күтімнің жоқтығы әсер еткендей болады. Қалада, жылы жерде, ақ­сүйектердің жылы ұясында, тоқ ортада, ер­ек­ше назарда өскен Қадиша Мұхамеджанды Орынборға қайтуға үгіттейді. Бұ­ған күйеуі көнбе­гесін өзі кетеді. Еш­­кімге тұрмысқа шық­пай, кейін Қа­­рабаев қартайып, өмірден өт­ер шағында қасында болып, кү­тім жасап, оны соңғы са­­пар­ға шығарып салады. Не де­ген шы­найы сүйіспеншілік, не деген таза, ғажайып махаббат дес­еңіз­ші! Кәрім атамыздың Қа­диша мен Мұхамеджанның шерге, са­ғын­ы­ш­қа толы өмірі жайлы айтқан сол әңгімесі аңыз секіл­ді болып құлағымызға сіңіп қа­лып­ты. Бұны біз алдағы уақытта кеңі­рек зерттеп, қызықты бір әңгіме жаз­сақ па деген ойдамыз.

Ол тұңғыш қазақ дәрігері ғана емес, Қос­та­най өңіріндегі бірден-бір жоғары білімді дә­рі­­гер еді. Қостанай қаласының алғашқы тұр­ғын­дарының да бірі болған. Осы оқиғаның өзі оған аса құрмет, із­етпен қарауды орайлап тұр ғой. Ендеше Мұхамеджан Қарабаевқа Қостанай қала­сынан көрнекті бір көшенің атын берген жөн.

М.Қарабаевтың өмір деректері қы­зықты да тәлімді. Ол елді жаяу аралап, қызмет көр­сет­кен. Түр­лі қауіпті жұқпалы ауруларды емдеп жазған. Республикалық мұра­жай­да Қара­баев­тың өз қолымен толтыр­ған, дәрігерлік диагноз қой­ған қағаздары сақтаулы. Ол кез­інде Якутияда алапес ауруы тарағанда өкіметтің шақы­руымен қа­уіпті аймаққа аттанып, сол жақ­та үш-төрт жылдай кідіріп қа­ла­­ды, сол­түс­­тіктің науқастанған хал­қы­ның денсаулығын түзеуге ат­са­лы­­са­ды. Оның есімі сол жақ­­та үл­­кен құрметке бөленеді. Сонда жүр­генде якут әйеліне үй­ле­ніп, бала­лы-шағалы бола­ды. Елге отбасымен қайтуға бет алғанда дәр­мен­сіз күйге түседі. Жергілікті халықтың дәс­тү­­рі бо­йын­ша бұған рұқсат етілмейді екен. Со­дан якут туыстарын әзер көндіріп, әйелін тас­тап, одан туған екі баласы – Есіман мен Тамараны еліне ала келеді. Қос­та­най облысында, Алматыда, Талдықорғанда, Көкшетауда бү­гін­­де немерелері, жиендері мен шө­берелері өмір сүруде. Ертеде біз барғанда Мұхамеджанның туған келіні бала-шағаларымен Введенде тұратын еді, қазір не­ме­ре­сі осында қоныс тепкен.

Кеңес өкіметі орнағанда жан аямай қызмет атқарып, денсаулық сақ­тау саласында өле-өлгенше қыз­мет етті. Белгілі мемлекет қай­­­­рат­кері Әліби Жангелдиннің кө­­ме­­гімен оған рес­публикада тұң­­­ғыш рет дербес зейнетақы т­а­ға­йындалды. Ол ақтық демі біт­кенше халықты емдеумен шұ­ғыл­дан­ды. Боровской кентінде Мұхаң қызмет атқарған емхана ғимараты әлі күнге дейін сақтаулы. Соның қабырғасына ескерткіш тақта қо­йыл­ған. Оның тұрған үйі де бар.

Введендегілер Қарабаев қа­бі­рінің қай жерде екенін біле қой­май­ды. Мұның жөні де бар. Көп жылдар бойы оның бейіті кірпіш зауытындағы Тобыл өзенінің жар­қа­бағындағы ескі қорымда деп есептеліп келді. Оған белгі де орнатылды. Бір жылдары зауытқа кірпіш жаятын алаң керек болып, оған жер таңдалғанда әлгі қорым жат­қан орын лайық деген шешім шы­ғарылады. Кеңес өкіметінің кезі. Мұнда ата-бабаларымыз жа­тыр дегенге жергілікті басшы­лар құлақ аспай қояды. Тіпті бас­қа қайран қалмаған соң ауыл ақ­са­қа­лы Кәрім Дәулетов қулыққа басып, бұл жерде Мұхамеджан Қарабаев жатыр деген шағыммен аудан, облысқа барып, сөзін әрең өткізген. Жартылай қопарылып қал­ған қорымдағы жұмыс тоқ­тал­ған.

Енді бір жылдары Тобыл өзе­ні­нің жарқабағы құлай-құлай келіп, Қарабаевтың бейітін өзенге ағы­зып жіберуге шақ қалды. Тағы да Кәрім Дәулетов дабыл қа­­ғып, бейітті табиғат апатынан сақ­таудың басқадай амалы болмай, оны өзге қорымға кө­шіруге тура келген. Содан Қа­ра­баев­тың мүр­де­сі жаңа бір зиратқа жет­кі­зілген болатын. Алайда, бұл кө­ші­рілген сү­йек Мұхамеджандікі емес, әкесі Қарабайдікі болатын. Ал Мұхамеджанның нақты жерленген жері ұзақ жылдан адам аяғы баспаған ескі зиратта еді.

Біз сол ескі зираттан осында 1928 жылы жерленген қазақ­тың тұңғыш кәсіби дәрігері Мұ­хаме­джан Қарабаевтың қабірін ізде­дік. Бұл қорымды адам аяқ алып жүр­гісіз қалың жыныс басып кет­кен. Кезінде қабірдің орнын білетін, Мұхаңды өз қолымен қойған, жүзге тақап көз жұмған Кә­рім атадан біраз жайларды естіп, қанық болғанбыз. Оның айтуынша, белгі тасы әлдеқашан құрып біткен. Мұхамеджанның бауыры Дәулеттің есімі жазылған бір белгі бар, соны тапсаңдар, оның ар жағында аталарың жатыр деген. Айтқанындай солай бо­лып шықты. Бір сағаттан артық уақыт аралап жүріп, ит тұмсығы өт­пей­тін қалың бұталардың ішінен тап­тық.

Мұхамеджан бүкіл қазақ хал­қы­на қызмет еткен, ел тарихында қолтаңбасын қалдырған азамат. Алдымен басын көркейту керек. Қорым Меңдіқараның Буден­ный кентіне барар жолда, Тобылдың оң жағында орна­лас­қан. Көп жылдардан бері мұнда адам қойылмағандықтан жол біте­ліп, шөп, шілік басып кеткен. Асфальттан қорымға дейінгі жолды әйтеуір көлік жүретіндей дұ­рыстап, табан ізі көрінетіндей етсе жетіп жатыр. Қорым ішін де та­зартып, Қарабаевтың бейітіне дейін аршыл­уы керек. Жолға көрсеткіш қойса да артық емес. Халықтың даңқты перзентінің құр­метіне ел болып үлес қосу бәрі­міз­дің парызымыз. Осы игілікті істерді жүзеге асыру жайлы сол уақыттағы Меңдіқара ауданының бас­шыларына айтқан болатынбыз. Бұл 2002 жылдың жазында болған. Ертеректе «Халық кеңесі» газетінде, ал кейін 2005 жылы маусым айында «Ана тілі» га­зетіне Мұхамеджан атамызды есте қалдыру жөнінде мақала жазып, орынды мәселе көтергенбіз. Өкі­нішке қарай көрер көз, естір құ­лақ болмады.

Мұхамеджан 1889 жылы Ыбы­рай Алтын­са­рин ауырып қа­л­ды дегенде айлап қасында оты­­рып емдеген. Ол жөнінде Алтынсарин дос­тарының естелік хат­тарында айтылады. Ыбырай ата­мыз осы Мұхамеджаннан үміт­­теніп, оны Троицкіге оқуға ал­дыртқан. Қазанда кіта­бын бас­ты­рарда Ыбыекең Мұхамед­жан­ды корректор етті. Алтын­са­рин халықтың оқу-білім алуына қандай адал қызмет етсе, Мұ­хамед­жан Қарабаев та халықтың ден­саулығын сақтау ісіне сон­ша­лық­ты жанын салған.

Мұхаң Ырғызда да дәрігер болып жұмыс істеген. Сол Ырғызда қазақ­тың тұңғыш дәріге­рінің есімі аса құрметпен аталады екен. Мұха­м­е­джанның мұражайы да бар. Онда Алаш ардақ­тысына қатысты құнды-құнды құжаттар жина­лыпты. Саха (Якутия) елін­де де атам заманғы қызметі үшін халық Қарабаевты есін­де сақ­тап қалыпты. Ана бір жылдары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қа­рымды қаламгер Қалаубек Тұрсынқұлов сол жақ­­қа қазақ жазушыларын бас­тап бар­ғанда Мұ­ха­мед­жанның Якутия­дағы қызметі жөнінде тебі­рене жазады. Жазушы «Поляр шең­бе­рінің ар жағында» атты қалың кітабында якуттардың Мұхаңды қалай бағалайтынын тамашалап әңгі­ме­лейді. Басқа жұрт басына көтерген атақты дә­рігеріміз өз меке­нінде, Отанында қадірсіз бол­уы қалай?

Басқаның жөні бір бөлек, Мұ­ха­­меджан Қарабаевтың жөні бір бөлек. Ол жай адам емес. Үш ға­­сыр бойы жұрт есінен кетпей келе жатқан асыл бейне емес пе?! Оның еңбегі ұшан-теңіз. Ал осын­дай адамды біз бағалай алмай келе­міз.

Введенка орта мектебінде, қа­зір­гі Мұхаң атындағы облыс­тық оңалту орталығында Қара­баев­қа арналған мұражай бұрышы бар. Одан басқа дәнеңе жоқ. Ал Введен деген атау бізге сонша құнды ма? Бұл – алдымен Мұха­мед­жан Қарабаевтың туған жері. Карабайка деп аталатын өзен иірімі де бар. Қарабай көңінің қасына переселендердің ауылы 1911 жылы орын теуіпті. Осы жерде бертінге дейін әспеттелген революционер Летунов та туыпты. Көп жылдар оның есімімен кеңшар аталды. Бізге тағы бір қадірлі адам Алаш жас­та­рының бірінші жетекшісі, Орынбордағы алғашқы халық-ағарту институтының директоры болған, Ахаң мен Жақаңның сенімді серігі Мұхтар Бабақайұлы Мұрзин де осы жерде дүниеге келген. Ол Мұхамеджан Қара­баев­тың күйеу баласы болатын. 1945 жылы Шымкентте түрме­де өлтірілді. Қандай аяулы адам болған десеңізші. Біздің айтайын дегеніміз, Введеннің атын өзгертіп, оны Мұхамеджан Қара­баев­тың есімімен атаған жөн. Неме­се Қарабай ауылы-ақ болсын.

Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жас­тайынан біліп өсті. Ол аш, жала­ңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы импе­раторлық университеттің медицина факультетіне түсті. Бар ынтасын салып оқыды. Оған қатысты деректерді ақтарып отырып, таң­данарлық жайларға куә боласың. Ол ел ішін­де­гі сүзек, оба сияқты жұқпалы ауруларды жаяу­лап жүріп емдеген, тіпті алғашқы жылы жала­қы ала алмай, адамдарды тегін қараған. Профессор Ишанбай Қарақұловтың айтуына қара­ғанда, 1895 жылы қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, оны жүзеге асыруға ұйтқы бол­ған. Бір шеті Якутия, Орта Колымаға дейін ба­рып, Санкт-Петербург қаласында, жоғарыда айтыл­ған Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысады.

Ең алдымен Денсаулық сақ­тау министр­лі­гінің қазақтың тұң­­ғыш дәрігеріне көңіл бөлмеуі қын­­жыл­тады. Маңдайалды ме­­ди­цина қызметкерлерін марапат­тау үшін Мұхамеджан Қа­­рабаев медалін баяғыда та­ғай­ын­дауға болады ғой. Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина униве­рситетіне, республикалық емдеу мекемелерінің біріне Мұха­мед­жанның есімін беріп, оның атынан студенттерге неге стипендия тағайындамасқа? Мұхаң­ның аш, арық бауырла­ры­мызды емдеп жатқан ескі суреттерді көр­ген­де төбе құйқаң шымырлайды, ұлтына бүйрегі бұрып, шыбын жанын шүберекке түйіп, жұқпалы аурулардан қорықпай, қалың елді аралап, алапатқа қарсы күресуі асқан ерлік қой. Осы жайлы неге кітап жазбасқа, неге телехабар, не көркем фильм түсірмеске? Біз өзгелер дегенде елпілдеп, дымымыз қалмайды, ал өзіміздің текті, жарқын тұлғаларымыз дегенде кежегеміз кейін тартып, тартыншақтанып, неше түрлі сылтау айтып, бойымызды аулақ салып тұратынымыз неліктен? Осы уақытқа дейін елемей келген Мұхамеджан Қарабаевты республикалық деңгейге көте­ріп, есімін елге жарқыратып көрсе­те­тін мезгіл жетті.

Тарихымызды саралап, олқы тұс­тарымызды анықтап, ақ­таң­­дақ беттерімізді ашып, көп­ке жария етудеміз. «Рухани жаң­ғы­ру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында қыруар игі шара­лар орындалды. Алайда, атқара­тын шаруалар әлі де шаш-етек­тен. Солардың қатарында Мұха­мед­жан Қарабаевтың есімін мәңгілік есте қалдыру, оның ел алдындағы сіңірген жанқиярлық еңбегін мем­лекеттік деңгейде құрметтеу, ардақ­ты Алаш азаматын түркі дүниесіне, әлем жұртшылығына таныстырып, насихаттау міндеті тұр. Бұл қазақтың тұңғыш дәрі­ге­рі­не жасалған тағзым болар еді.

 

Есенгелді СҮЙІНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

НҰР-СҰЛТАН