Қоғам • 22 Қаңтар, 2020

«Жастар тәжірибесіне» жеткілікті көңіл бөліне ме?

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жастар тәжірибесі» жобасы арнаулы және жоғары білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан жастар үшін еңбек жолын бастауға таптырмайтын жол. Жоба жүзеге асқалы бері елімізде мыңдаған жас маман жұмыс тауып жатыр. Алайда бұл бағытта да алаңдатарлық жағдай бар екен.

«Жастар тәжірибесіне» жеткілікті көңіл бөліне ме?

Мысалы, Алматы облысында «Жас­тар тәжірибесі» жобасы ақ­сап тұр. Аймақта соңғы екі жыл көле­мін­де «Жастар тәжірибесі» жобасын қаржы­ландыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Атап айт­қан­­да, 2018 жылы 459,3 миллион теңге игерілсе, 2019 жылы бұл қаржы 599,2 миллион теңгеге дейін өскен. Бірақ облыс жастарының еңбек тә­жіри­­бесінен өтуі мен жұмысқа орна­­ла­суына қатысты іс көңіл көн­шіт­пей тұр. Бұл туралы «Жетісу – адал­дық ала­ңы» жобалық кеңсесінің жетек­ші­сі Аманжол Жазықбаев мәлім­деді. Жастарды жұмысқа тар­туға ар­налған жол картасына жүр­гіз­ілген мониторинг нәтижесі бұл ба­ғыт­­та бірнеше қателік болғанын анық­­таған екен. Сарапшылар «Жастар тәжірибесі» жобасы аясын­да өндірістік тәжірибеден өтуге жі­бе­рілген жас мамандардың тағ­ды­ры­­на алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйт­кені тәжірибеден өткен 2 мыңға жуық жас маманның 20 пайызы ғана тұ­рақты жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ жастарды мекемелерге бөлу барысындағы жауапсыздықтың кесі­рінен белгілі мамандық иесі өзіне бей­таныс салада тәжірибеден өтуге мәж­бүр болған екен.

– Өкінішке қарай облыс бойын­ша «Жастар тәжірибесі» жобасы­на қатысты жұмыс ақсап тұр. Біз тәжіри­беден өткен жастардың ара­сын­да сауалдама өткіздік. Оған қа­ты­су­шылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «ша­уып кел, барып кел» жұмыстарды істе­ге­нін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бей­таныс салаға түскендерін көрсетті. Мы­салы, аспазшының оқуын бітір­ген түлекті архитектура бөліміне тәжірибеден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына салғырт қарап, жол картасы бойынша жастарды мамандыққа сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргізген, – деді «Жетісу – адал­дық алаңы» жобалық кеңсесінің жетек­шісі Аманжол Жазықбаев.

Айтпақшы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймақта ресми тіркелген жұмыссыздар саны 60 мың адамды құрайды. Соның ішінде екі қолға бір күрек іздеп жүрген жас­тар­дың үлесі 20 мыңның шамасында екен. Сондай-ақ 2019 жылы өңірдегі жұмыссыздықпен күресуге 15 млрд теңге қаражат қарастырылып, жұм­салған көрінеді. Осы бағдарлама аясында 1400 тұрғынға жеке кәсібін ашу үшін 505 мың теңге көлемінде арнайы грант берілген. Ал жұмыссыздар тізіміндегі 85 жас 252 мың теңге мөл­ше­рінде қолдау қаржысын иеленген.

Жұмыссыздық дегеннен шығады, жыл басынан бері Электронды еңбек бир­жасында Алматы облысындағы бос жұмыс орындары жайлы 974 хабар­лан­дыру жарияланған екен. Яғни, ай­мақ­­тың еңбек нарығы 2 487 түрлі ма­ман­дық иесіне зәру болып отыр. Жалпы, enbek.kz сай­тын­да­ғы ашық дерек­­көздерден белгілі бол­ған­дай, облыста әлеуметтік сала бо­йынша мамандарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, аудандар бо­йынша берілген хабарландырулардың үлесі мұғалім, орта деңгейлі меди­ци­на қызметкері, мейірбикелер мен мектептердегі жұмысшыларға қатысты болып отыр.

 

Алматы облысы