Әлем • 22 Қаңтар, 2020

Қытай вирусы: індеттің таралу қаупі жоғары

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері 9 адамның өмірін жалмаған белгісіз вирустың мутацияға ұшырап, одан әрі таралуы мүмкін екенін айтып отыр.

Қытай вирусы: індеттің таралу қаупі жоғары

Ухань қаласынан басталған вирустан жапа шеккендердің саны 440-қа жеткен. Соңғы мәліметтерге сенсек, дерт белгілері Қытайдың бірнеше провинциясында, АҚШ, Таиланд және Оңтүстік Кореяда байқалған.  

Осыған дейін вирустың адамнан адамға жұғатыны айтылған еді. Дегенмен, Қытай әлі де белгісіз вирустың қайдан пайда болғанын анықтай алмай отыр.

Елдің Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының вице-министрі Ли Биннің айтуынша, вирустың мутацияға ұшырап, індеттің одан әрі таралу қаупі бар. Қытай жаңа жылының қарсаңында бір апталық демалыста миллиондаған адамның ел ішінде, мыңдаған тұрғынның шетелге саяхаттауы жағдайды өршітпек.

Қазақстанның шекаралық және кедендік қызметі көршілес елдегі белгісіз вирусқа қатысты бақылауды күшейткені айтылған еді. Әуежайдың санитарлық-карантиндік бақылау қызметі Қытайдан келген жолаушылардың дене қызуын арнайы тепловизор құрылғысы арқылы тексеруді қолға алған. Дене қызуы жоғары жолаушы бірден медициналық тексеруден өтеді.

Жыл басынан бері Қытайдан Қазақстанға 10 мыңға жуық жолаушы келген.

Соңғы жаңалықтар