Сараптап көрелік. Тоқсаныншы жылдары күнкөріс қамымен көптеген мұғалім басқа салаға ауысып кетті. Мектепте өз мамандығын шексіз сүйетіндер ғана қалды. Бос орындарға бұрын ауылдық кеңесті, кеңшарды басқарғандар, зоотехниктер, агрономдар, инженерлер, есепшілер келді. Мектепті басқаруды ауыл әкіміне жүктеді. Біраз мұғалім ала қапшық сүйретіп, базар жағалады. Сірә, табысы жақсы болды-ау шамасы, солардың мектепке қайта оралғандары шамалы. Ал агрономдар мен зоотехниктер биологиядан, бухгалтерлер математика мен геометриядан, тамақ өнеркәсібі мамандары химиядан, инженерлер физикадан «көзін шығарып, басын жарып» сабақ өтіп жатты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекеменшік оқу орындары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келді. Қолынан келгендердің біразы институт, университет ашты. Қолы қысқалары колледж ұйымдастырды. Қазір айтулы институттардың қосымша колледждері бар. Бұған кешегі күнге дейін сабақтасып келген «сырттай оқу» дегенді қосыңыз. Жаппай нарыққа көшу кезіндегі осы үрдістен соң арзан оқу ақысымен білім алған мұғалімдер мектептерге жұмысқа кіріп жатты. Менің өзім университетті сырттай бітірген бір туысты жұмысқа орналастырғаным бар. Ол ағылшын тілінің маманы еді. Бір күні директор хабарласып тұр. «Ренжіме, ана балаңыз ағылшын тілі тұрмақ әріптерін де білмейді ғой», дейді. Бетті бастым. Ағайынға қызмет жасап болмайтынын сонда түсіндім. Тағы бір мысал. Кеше ғана тойдан қайттым. Такси жүргізушісі Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының студенті екен. «Күндіз оқып, түнде табыс табады екенсің. Жақсы ғой» деп әңгімеге тарттым. «Ой, ағай! Қазір теңгең болмаса, оқытушылар сынақ алмайды. Содан ғой түнделетіп жүргеніміз», дейді. Бұл жағдай да бесенеден белгілі. Ақшаның күшімен оқу бітіргендер жарытып бала оқыта ма? Орташа деңгейдегі мұғалімнен орташа деңгейдегі шәкірт тәрбиеленеді емес пе? Ал оқытушысына пара беріп, баға алған студенттен ертең қандай маман шығады? Осының өзі мұғалім беделінің төмендеп кетуіне әсер етіп жатқаны жасырын ба? Әлде мұны да жоққа шығарарсыз?
Қазір жастар ең оңай мамандық мұғалімдік деп ойлайтын сыңайлы. Бұған техникалық мамандықтардан гөрі, гуманитарлық, яғни мұғалімдік оқуға құжат тапсырып жатқандардың көптігі анық дәлел. Шалғай аудандардағы мектептерде химия, математика, физика, ағылшын тілі пәндері мұғалімдері жетіспейді. Неге? Өйткені бүгінгі жастардың мұндай қиын сабақтарға тісі бата бермейді. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төмен балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандықты таңдайтыны да содан. Ал ата-ана болса, «баламыз жоғары оқу орнын бітірсе болды» деген қағида ұстанады. Оларға ертең балалары мектепке барып-келіп жүрсе болғаны. Тіпті, осы мұғалімдік сатыдан балаларын әкімдікке, жоқ дегенде мектеп директорлығына сүйрейтіндер де табылады. Осыдан барып бәсекеге толы дүрбелең кезеңде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналып отыр.
Жалақының аздығынан, жағдайдың төмендігінен (пәтерге қол жеткізе алмаушылық, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктердің жоқтығы, тағы басқалар), жүктемелердің көптігінен мектептерде ер мұғалімдердің үлес салмағы азайып кеткені де жасырын емес. Ал бірыңғай қыз-келіншектер жүрген жерде тәрбие тұсауланатынын ғалымдар жазудай-ақ жазып келеді. Мәселен, кілең әйел тәрбиесіндегі баланың жасық болып өсетіні тәжірибеде дәлелденген. Ресей ғалымдары әскерге шақырылған жастарға тәжірибе жасап көргенде, шешесінің тәрбиесінде өскендер өздігінен шешім қабылдай алмайтынын, бойларында батылдық атаулы семіп қалғанын анықтаған. Ал әке тәрбиесінде өскендер автоматты тез меңгерген, жер де қазған, техника тілін де аз ғана уақытта үйреніп алған. Шеше тәрбиесіндегілер ыдыс жууға, еден сыпыруға, жалпы жеңіл-желпі жұмыстарға сұранған. Мектепте қыз-келіншектердің шамадан тыс көбейіп кетуі ұл тәрбиесіне, болашақ ер-азаматтың мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың жігерлі болып өсулеріне кері әсерін тигізетіні айтылып та, жазылып та жүр. Осының барлығы сайып келгенде мұғалім беделінің төмендеуіне апаратын фактор .
Енді «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңның тиімді тұстары қандай болмақ деген заңды сұрақ туады. Рас, жаңа заңда әлеуметтік кепілдікке басымдық беріліп отыр. Ендігі жерде бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қызметтік тұрғын үй және жатақхана иеленуге мүмкіндік қарастырылған. Ендігі тұста мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларына қатысты жергілікті әкімдіктерге құқық беру мәселесі шешілмек. Айталық, әкімдер мұғалімдерге сыйақы, жергілікті бюджеттен пәтер бере алады. Мұғалімдердің балалары балабақшаға кезексіз орналастырылады. Ауылға барған мұғалімдер жер учаскелерін алып, тұрғын үй салып алуларына да жол ашылмақ.
Мұғалім атаулыға аса ұнап отырған жаңа заңдағы жаңалық сол – енді жергілікті органдардың өкілдері мұғалімдерді өздерінің қызметтеріне сәйкес келмейтін жұмыстарды орындауға мәжбүрлемейді. Келісуге болатын сияқты. Бірақ...
Ұстаз! Мұғалімнің қоғамдағы екінші атауы – ұстаз. Ұстаз деп біз кімді айтамыз? Әрине, ол бәріне де үйретуші, жол көрсетуші, жоба сілтеуші, мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мықты насихатшысы. Ол өзінің жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ішкі, сыртқы мәдениетімен де – қоғамда тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі.
Мұғалім сенбілікке қатыспасын дейміз. Ау, ағайындар-ау, ұстаз деген барлық игілік атаулының алдында жүрмес пе? Мәселен, мұғалім сенбілікке шықпаған соң, оқушылар да қолына күрек алмайды. Сонда біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Қоғамға түк те пайдасы тимейтін жатыпішерді ме? Осы жерде ұстаз өнеге көрсетіп жүрсе, оқушы біткен еңбекке тәрбиеленбей ме? Ұстаздың өзі үйінде шіреніп жатса, шәкірттерін отансүйгіштікке, патриотизмге, еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа кім тәрбиелейді? Жол көрсететін, жол бастайтын ұстаз осы тұста бұғып қалса, басқасынан не сұрарсың?
Жалпы, рухани мешел мұғалім оқушысына жақсы тәрбие бере алмайды. Абайды, Фарабиді, Мұхтарды, Сәкенді, Сәбитті, Бейімбетті, тағы басқаларын білмеген ұстаздан ұлық адам шыға ма? Жарайды, аталған тұлғаларды бірсыдырғы білсін-ақ, бірақ өнер, мәдениет, спорт әлеміндегі соңғы жаңалықтар мен табыстардан мақрұм мұғалім кімге үлгі бола алады? Шәкірттерімен бірге театрларда, стадиондарда, клубтарда отырған ұстаз нағыз ұстаз емес пе? Тарих немесе өлкетану пәнінің мұғалімі шәкірттерін тарихи, киелі де көрікті жерлерге бастап бара жатса, мұның өзі тәрбие көзі емес пе?
Қазір көше аралап, оқушыларының ата-аналарымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып жүрген сынып жетекшілерін де сирек көреміз. Осындай бір қолайлы сәтте өзің тұратын шағын аудан тұрғындарымен етене танысу да керек-ақ. Жұртқа көрінбей, мектепте тығылып жүрген жаннан жақсы тәрбиеші шықпайды. Ежелгі грек ғұламалары «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» деген екен. Өнеге, үлгі көрсетіп, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп жүрген ұстаз алдын кім кесер?!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі