Абай • 23 Қаңтар, 2020

Абай мұраты – елдік мүдде мен бірлік көрінісі

949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Абай әлемінің мың сан арналы бағыт-бағдары, қазақ сөзінің құдіреті мен қасиеті, ондағы ұлттық-қоғамдық, тарихи-фәлсафалық, мәдени-рухани Һәм танымдық-тәрбиелік мәні мол мүмкіндіктері мен сыр-сипаттары қазіргі кезеңде де маңызы мен құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Ол, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мәні мен тұжырымы терең, тағылымы мол мақаласынан анық аңғарылады.

Абай мұраты – елдік мүдде мен бірлік көрінісі

Анығында, Абай Құнанбай­ұлының ту­ғанына 175 жыл толуына орай мем­лекет көлемі мен халықаралық дең­гейде ауқымды іс-шаралар ұйым­дас­тыру жайы кеңінен қозғалады. Оның өзі «...той тойлау үшін емес, ой-өрісі­міз­ді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін» аса мәнді мүмкіндік әрі ай­рық­ша құбылыс болатынына ма­ңыз беріледі. Ақын әлемі, шы­ғарма­шы­лық мұрасының мәдени-рухани байлығы мен құндылық қай­нарларына, тағы­лым­дық Һәм тәлім­дік тұстарына да кең орын беріледі.

Абай мұрасын зерттеп-зерделеу ісінде оқу эстафетасының кең өріс алуы, осының негізінде маңыз-мәні жоғары көзқарас пен қолтаң­ба, ұстаным жүйесіне ден қойы­лып, кө­кей­кестілігі мен тағылымдық сыр-си­пат­тарына айрықша назар аудары­ла­ды. Атап өткен жөн, бағ­дар­ламалық ең­бек­тің басты бөліктерінде («Ұлттық бол­мыс­тың үлгісі», «Мем­лекет ісінің мүд­де­лесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Тор­қалы тойдың тағылымы») Абай мұ­раты мен мұрасы ел бірлігі мен мүд­десі­мен телқабыс сөз етіледі. Қазақ қоға­мы, ондағы артық-кем тұстар қатар бері­леді. Айталық «Ұлттық бол­мыс­­тың үлгісі» бөлігінен қоғам мен заман шындығы, адам болмысы мен дү­ние­таным арналары кең орын алады. Қазақ қоғамын дамыту, ел-жерге қыз­мет ету, мақсатты биікке ұм­тылу мұ­рат­тары адамдық борыш, білім-ғы­лым ісімен байланыстырылып, оны да­мы­ту мен жетілдіру жолдары – Абай­дың шығармашылық мұрасымен сабақ­тастықта сөз етіледі. Оның мәні: «Ғы­лым таппай мақтанба», «Пайда ой­лама, ар ойла, Талап қыл артық білу­ге» сынды белгілі өлеңдері аясында кең өріс алады. Білім-ғылымды ерте мең­геру, «Артық ғылым кітапта», «Бес нәр­се­ден қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» сынды қағидалы ойлары мен тол­ғаныстарының мәні ашылады. Білім беру саласын заманға сай дамы­тып, жетілдіру жолдарына ден қойы­лады. «Педагог мәртебесі туралы» заң­ның осы бағытқа арналғаны, ұс­таз­ға құрмет пен мұғалім маман­ды­­ғын құрметтеу қажеттілігі көр­се­тіле­ді. Бұл бағытта ана тілін дамы­ту мен дәріптеу жайы, көптілді білу мен мең­геру мәселелері де кеңінен қоз­ғала­ды. Ақыл-парасатқа кең өріс ашу, сана­ның ашықтығын қамтамасыз ету, ел­дік пен ерлікті қадірлеу, ұлт­тық пат­риотизмді қалыптастыру, өр­кениеттің озық тұстарына батыл қадам жасау қа­жет­тілігі – Абай мұ­ра­сына ден қою мен оны оқып-үй­рену, зерттеп-зерделеу, тану ісін­де маңызды болатындығы баса көр­сетіледі. Бұдан басқа, әсіресе: «Пат­ша құдай, сыйындым, Тура бас­та өзіңе», немесе: «Жігіттер, ойын ар­зан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» сынды ақын­ның мін-сын ретіндегі астарлы-қат­парлы ой-жүйелері де басты назар­да тұрады. Мұ­ның мәнісі былай беріледі: «...Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төр­ге жетелеуді мақсат тұтты». Мұ­ны да біліп, қаперде ұстаған жөн.

«Мемлекет ісінің мүдделесі» атты келесі бөлікте ұлт мұраты мен елдік бір­лік, әділетті қоғам құру идеясы, өр­ке­ниетті мемлекет қағи­дат­тары ке­ңі­нен қозғалады. Даму мен тұрақ­ты­лық тірегі – бірлік пен татулық екені баса көрсетіледі. Мем­лекеттік мүд­де, қоғамдық келісім, дәстүр мен сабақ­тас­тық сырлары ашылады. Абай айтқан: «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды», «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып» деген дәуір ты­нысы, өмір тағылымы, қатқыл үн, қатаң ес­кертулері де назарға алынады. Сон­дай-ақ заң үстемдігі, билік пен халық арасы, жастарға мемлекетті сый­­лаудың сыр-сипаттары да бас­ты бағыттарға ие болады. Әділетті қо­ғам құру, сындарлы диалог мәні – жаңа буын жауапкершілігімен сабақ­тастықта сөз етіледі. Түйінді тұста: «Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақ­тастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ой­лайық... Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қата­рына қоса аламыз», – деп анық айтады.

«Жаңа қоғамның жанашыры» атты бөлікте әлемдік өркениеттің өзін­­де орын алған қала мен ауыл ара­сы, бай мен кедей мәселесі, білім мен білім­сіздік мәні, әлеуметтік жауап­кершілік жайы жан-жақты қозға­лады. Оның кілті мен түйінін Абай­дың «Толық адам» формуласы арқы­лы ашады. Ақын мұрасындағы: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық бо­ласың елден бөлек», «Еңбек етсең ерін­бей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аз­ды­рар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ең­бегің мен ақы­лың екі жақ­тап» сын­ды қоғамдық құбылыс­тар­дан ту­ған, кезең көріністері мен заман шын­дығынан орын алған, өмір-тұрмыс сапасын жақсартуға қатысы бар маңызды тұстарды бөлекше атайды. Осының негізінде тәуелділік психологиясынан арылу, мақтан мен масылдық сынды тегізсіз, жат та теріс көріністерден алыс болу, керісінше ерен еңбек етіп, білім қуып, ша­ғын және орта бизнесті өркендету ба­ғы­тын алға тартады. Бұл ретте: «Абай­ды өз зама­нындағы іскерліктің ұйыт­қысы, еңбек­қор­лықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығар­ма­ларында кәсіптен нәсіп тап­қан­дар­ды, ша­руақорлыққа үйрену дағ­­ды­ларын үлгі етеді. Ол тұр­мыс сапа­сын жақсарту үшін еңбек ету­дің жаңа тәсіл­дерін мең­геруге шақы­рады. Соны­мен қатар ақын бастама­шыл­дықты, кәсіптегі адал­дықты жоғары қояды»,  – қоғам сұр­а­нысын, еңбек мәнін, өмір тағылы­мын алға тартады.

Бұдан басқа, «Әлемдік мәдениет­тің тұлғасы» атты бөлікте Абай әле­мін жер-жаҺанға таныту мұраты қоз­­­ғалады. Халық мәдениетін, бі­тім-бол­мысын, өмір-тарихын, тұр­мыс са­пасын – Абай арқылы таныту мә­­­се­лесі қозғалады. Абайдың ақын­­­дық қуатының қайнар көздері, Батыс пен Шығысқа қатысы, басты­сы, ақын өлеңдері мен қара сөз­дерін­дегі өмір тағылымы мен тұ­жы­р­ым­дар жүйесі­нің мәнін ашу, жал­пы­адам­зат­тық құн­ды­лықтары мен рухани ба­й­л­ығын жоға­ры ұстау қа­жет­тілігі айтылады. Абай­д­ың ғиб­ратты ғұмыры мен шынайы шы­ғар­м­ашылығының сырын ашу, ұлты­мыздың мәдени капиталы, Қаза­қ­­станның бренді ретіндегі орын-үлесі айқындалып, маңыз-мәні жан-жақты қозғалады. Анығын айт­қанда: «Абайды қалай дәріптесек те жара­сады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаҺан жұр­тына да үлгі-өнеге, Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, таби­ғат пен қоршаған ор­та, мемлекет пен билік, тіл мен қа­рым-қатынас ту­ра­лы айт­қан ой-тұжы­рым­дары ғасыр­лар өтсе де маңызын жоғалт­пайды. Өйт­кені ақынның мұ­расы – бүкіл адам­зат баласының рухани азығы», – деп терең мәнді фәл­сафалық түйіндер жасайды.

 Ал «Торқалы тойдың тағылымы» бөлі­гінде: «Абай – елдік мұраттың айны­мас темірқазығы» деген қоры­тын­ды жасалады. Оның мәні: қазақ­тың төрінде домбыра, ақын кітабы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» тұ­руы керек­тігі айтылады. Ақын ме­рей­тойы тұсын­да – 500-ден астам іс-шара өтіп, кеш-кездесу, конферен­циялар ұйым­дастырылатынына да мән бері­леді. Ақын шығармалары он тілге ауда­рылып, «Абай» телесериа­лы түсі­ріле­ді. Әдебиет пен өнер сала­сындағы сый­лық – Абай атымен аталатын бола­ды. Семей өңірі – ел тарихындағы киелі өлкеге айна­лып, атақты Жидебай абат­т­ан­ды­ры­лады. «Абай» журналына қол­дау көрсетіледі. Қысқасы, анығын айт­­­қанда: « Абай арманы – халық арма­ны... Абай мұрасы – біздің ұлт болып бір­­ле­суімізге, ел болып дамуымызға жол аша­тын қастерлі құндылық» деп баға­­ла­нады. Демек, Абай мұраты мен мұ­­расы – елдік мүдде мен бірлік көрінісі.

 

 Рақымжан Тұрысбек,

филология ғылымдарының докторы, профессор