НАСА мамандарының бағалауынша, Аустралияны қызыл жалынға ораған апаттың салдарынан атмосфераға тараған өте үлкен көлемдегі түтін мен ыс планетаның ауа қабатына да орасан зиянын тигізбек. Қазіргі кезде құрлық аумағында жүзге жуық жалын ошағы бар. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының ресми мәліметі бойынша, өрт коаланың үштен бірін және Аустралияға тән эндемиктің 13 түрін жойып жіберген екен.
Жел ыстың таралу аумағын алыс қашықтықтарға жеткізді. Мәселен, Мельбурнде ауаның ластануы қауіпті деңгейге жетті, бірқатар штатта төтенше жағдай режімі енгізілді.
Мамандардың есебі бойынша, тілсіз жау күзден бері 10 миллион гектар орман алқабын тып-типыл еткен көрінеді. Яғни, Аустралияның бәз-баяғы жап-жасыл жазиралы күйіне келуі үшін бақандай бір ғасыр керек болуы мүмкін екенін экологтар да, ғалымдар да жоққа шығармайды. «Апат айтып келмейді» деген осы.