2013 жылғы 15 ақпан Астана, Үкімет Үйі
«Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі №407 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі № 407 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 18, 185-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) көрсетілген қаулымен бекітілген Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарлар, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды міндетті түрде алып қою және жою не оларды алып қоймай міндетті түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу ережесінде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды міндетті түрде алып қою және жою жеке және заңды тұлғаларға олардың құнын өтей отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Жануарларға және адамдар денсаулығына ерекше қауіп төндіретін Жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін жануарлардың ерекше қауіпті ауруларының тізбесіне сәйкес жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарларды алып қою және жою туралы қаулыны аурудың бар екенін растайтын ветеринариялық зертхана сараптамасының актісі негізінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы қабылдайтын жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарларды алып қою және жою туралы қаулы уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшесіне және ерекше қауіпті аурумен ауырған жануарларды алып қоюды және жоюды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық ұйымға тиісті шаралар қабылдау үшін дереу жеткізіледі.
3-2. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды алып қою және жою туралы қаулыны ветеринариялық зертхана сараптамасының актісі негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы қабылдайды.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жануарларға және адам денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды міндетті түрде алып қоюға және жоюға байланысты мәселелерді шешу үшін осы Ереженің 3-1 және (немесе) 3-2-тармақтарына сәйкес қабылданған қаулылар негізінде ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосының тиісті аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшесінің бұйрығымен жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органының, мемлекеттік ветеринариялық ұйымның өкілдерінен, тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторынан тұратын комиссия құрылады.»;
2) көрсетілген қаулымен бекітілген Алдын алуы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың ерекше қауіпті ауруларының тізбесінде:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Жануарлардың бірнеше түріне ортақ аурулар - құтыру, бруцеллез, Ауески ауруы, лейкоз, лептоспироз, листериоз, пастереллез, топалаң (тері шикізатының асколизациясынан басқа), туберкулез, аусыл, күл, экинококкоз, паратуберкулез, токсоплазмоз, трихофития, риккетсиоздар, туляремия, ауыз уылуы (экзотикалық ауру), Шмалленберг ауруы және басқа экзотикалық аурулар.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
С.АХМЕТОВ.