Аймақтар • 23 Қаңтар, 2020

Тірі малды сату - тиімсіз

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Егемен» бұдан бұрын әріптесіміз Сұңғат Әліпбайдың «Мал экспортына неге тиым салынды?» («ЕҚ».,21.01.2020 ж.) атты мақаласын басып, онда Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылдың қазан айында шетке шығарылатын тірі мал экспортын шектеу жөніндегі шешімін өзгертіп, мал экспортына толық тиым салынатыны туралы мәлімдеме жасағаны туралы айтылған болатын. Бұл күрделі шешім екені көрініп тұр. Қазақстанның экономикалық саясаты экспортты арттыру керек деген талапты үнемі алға ұстап отырғанда бұл  алғашында ағысқа қарсы жүрген шешімдей болып көрінеді.  

Тірі малды сату - тиімсіз

Алайда, министрлік бұл шешімге басқа амалы жоқтан барып отыр. Еліміздегі мал саны азайып барады. Былтыр ғана елімізден 150 мың тұяқ қара мал және 250 мың тұяқ қой сыртқа тірідей шығарылған. Осылардың жартысынан астамы аналық малдар болып шыққан. Соның негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына өткізіледі екен. Өзбек ағайындардың іскерлері Қазақстаннан көбінесе жетілмеген малдарды арзанға алып, аз уақытта оларды семіртіп, дайын өнім түрінде рынокқа шығарып отырғаны белгілі болып отыр. Жетілмеген малды арзанға сату - қазақстандық фермерлердің мүддесіне, жалпы еліміздің экономикалық тиімділігін арттыруға кереғар мәселе. Шаруа қаншама азаппен күткен, асыраған малының толық пайдасын көруі керек. Жоғарыда айтылған мақалада айтылғанындай қазір қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізаттың аздығынан өзінің 30-40 пайыздық қуатында ғана жұмыс істеп тұр. Тірі малды сыртқа әкетуге тиым салынбаса олардың шикізатпен қамтамасыз етілуі тіпті төмендей түседі. Сайып келгенде бұл жұмыс орындарының азаюына, дайын өнімдер көлемінің қысқаруына, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемінің кемуіне соқтырады.

Біз осы мәселенің Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуалын зерттеген едік. Былтыр облыста 15 мың тірі мал сыртқа шығарылыпты. Соның ішінде ветеринарлық анықтама беріліп, шетелге кеткені 3 тұяқ қана. Алайда облыс аумағынан шығарылған малдың дені Оңтүстік облыстарға кеткен. Ал ол жақтан негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына өткізілгені де  белгілі болып отыр. Өйткені, бұлар әзірге союға жарамайтын жас малдар болған. Оларды өзбек ағайындар жетілдіріп, жоғарыда айтқанымыздай, дайын өнім түрінде ішкі-сыртқы рынокқа шығарады.

Біз министрліктің экспортқа тірі мал шығармау жөніндегі шешіміне жергілікті фермерлердің қандай пікірде екенін білдік. Соның ішінде «Заградовка» ЖШС директоры Иван Фесенко министрліктің шешімін толық қолдайтынын айтты. Оның шаруашылығы малдың етті тұқымын өсіретін ірі серіктестік. Иван Феофанович «Тірі малды сату бізге тиімсіз, біз ет түрінде өткізгенді қалаймыз. Қазір біз малымызды жергілікті ет комбинатына өткізудеміз. Сыртқа дайын өнім түрінде шыққаны бізге де, елге де пайдалы» деді ол.

Біздің екінші кездескен адамымыз «Петерфельд АГРО» ЖШС бас директоры Асқар Мәдиев. Оның шаруашылығы да 4572 га жерге астық егіп, бірнеше мың тұяқ мал өсіретін ірі шаруашылық. Соның ішінде жылқы, қара малдан қазақтың «Ақбас» тұқымын және қой өсіреді.  «Мен министрліктің шешімін қолдаймын. Біз өзімізде туған малды өзіміз өсіріп, пайдасын көруіміз керек. Тірідей сатып жібергеннің пайдасы аз, құдайға шүкір, біз мал семіртуді ата-бабамыздан бері білеміз», деді Асқар Аманжолұлы.

300-ге жуық қара мал өсіріп, етін өткізіп, сүтін сауып отырған «Большая малышка» ЖШС-ның директоры Ерғали Ғабдуллин де соны айтты. Ол да министрліктің малды тірідей сыртқа сатуға тиым салғаны дұрыс деп ойлайтынын жеткізді.

Біз пікірін білген фермерлер арасында тек «Мамбетов и К» ЖШС директоры Еркебұлан Мамбетов қана бұл шешімге аса риза еместігін айтты. Сөйтсе, ол өсіріп отырған өгізшелерін сатып алып кететіндерге риза екен. Өзінің сойып сататын алаңы болмай шықты.

Міне, осылай. Солтүстікқазақстандық фермерлердің негізгі бөлігі Ауылшаруашылығы министрлігінің шешімін дұрыс санайтындықтарын жеткізді.                                                      

Солтүстік Қазақстан облысы