Экономика • 21 Қаңтар, 2020

Мал экспортына неге тыйым салынды?

1387 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшылығы бекіткен ме­желі міндет бойынша ауыл шаруа­шылығы ел экономикасының драй­веріне айналуы керек. Сол үшін салаға салынған инвестиция жыл санап ұлғайып, алынатын өнім көлемі де артып келеді. Мал шаруашылығы өні­мін молайтудың басым бағыт­тарының бірі – төрт түлік тұқымын асыл­дандыру. Осыған орай тек өткен жылдың өзінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды суб­си­диялауға және өнімділікті артты­руға 115,7 млрд теңге қаржы бөлінді.

Мал экспортына неге тыйым салынды?

Алдын ала мәліметтер бойынша, 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі еліміз бойынша 2 трлн 306 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Яғни, өсім бар деуге болады.

Айталық, ірі қара мал саны 7,4 млн басқа жетіп, 2018 жылғы көрсеткіштен 4%-ға көбейген. Сол секілді жылқы – 2,8 млн басқа, құс – 44,3 млн-ға, қой – 16,9 млн басқа, түйе – 214,8 мыңға, шошқа саны 822,2 мыңға жетті. Сойылған салмағындағы құс етінің өндірісі 16%-ға (жалпы көлемі 223 мың тонна), сиыр еті – 5%-ға (501,4 мың тонна), жылқы еті – 4,3%-ға (132 мың тонна), қой еті – 0,8%-ға (152 мың тоннаға), шошқа еті – 0,3%-ға (86 мың тоннаға) дейін өсті. Былтыр рес­публика бойынша 840 отбасылық ферма 82,2 мың ірі қара мал сатып алуға несие алды.

2019 жылы желтоқсан айында «Tyson Foods» америкалық компаниясымен қол қойылған Қазақстандағы қазіргі агро-мультипротеин индустриясын дамытуға қатысу қағидалары туралы келісім етті мал шаруашылығын дамытуға зор серпін беруге тиіс. Алдымен елімізде тәулігіне 2 мыңға жуық мал өңдей алатын за­манауи ет өңдеу кешенін салу жоспарланған. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың қа­жетін өтеп қана қоймай, өнімдерді шетел нарықтарына экспорттайтын болады.

Мұның бәрі жақсы-ақ. Алайда мал ба­сы көбейіп келе жатқанына қарамастан, соңғы уақытта еліміздегі ет өңдеу кәсіп­орын­дарының шикізат тапшылығына ұры­на бастағаны да айқын сезілуде. Өңдеу кәсіпорындарының басшылары қаражат пен өңдеу шикізатының жетіспеушілігін айтып, дабыл қағып жатыр. Олардың айтуын­ша, қазір кәсіпорындардың жүк­темесі бар болғаны 30-40%-ды құрайды.

Аталған проблема кәсіпкерлер мүддесін қорғайтын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын да толғандырып отыр. Палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов импорт-экспорт мәселесіндегі кейбір түйткілді жайттар туралы былай дейді: «Өткен жылы елімізден 156 мың ірі қара мал экспортқа кетті. 260 мың ұсақ мал жөнелттік. Экспортқа тірі мал шығардық. Оның 80%-ы Өзбекстанға кетті. Еліміздегі ет өңдеуші 15 кәсіпорын 45%-ға ғана жұмыс істеп тұрғанда, біз Өзбекстанның шикізат көзіне айналып отырмыз. Мал өсіруге арналған субсидияларды сол үшін бердік пе? Ал Өзбекстан шұжық, ет консервілері тәрізді дайын ет өнімдерін әзірлеп, біздің өзімізге сатуда».

Сарапшылардың айтуынша, өзбек кәсіпкерлері Қазақстаннан тірі малды жаппай сатып алу арқылы табиға таза етке қол жеткізіп, оны өз елдерінде қайта өңдеп, шет елдерге өзбекстандық тауар ретінде жөнелтіп келген. Міне, іскерлік деп осыны айт. Әрине, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық ет өңдеу кәсіпорындарындағы шикізат тапшылығы проблемасын жақсы біледі, тиісінше жұмыстар жүргізуде.

Бұл істің тағы бір түйткілді тұсы, еліміздегі «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шетелдерден қымбат бағаға асыл тұқымды тірі малдар әкелінгені белгілі. Бұл бағдарлама елімізде ет экспортын ұлғайту мен мал сапасын жақсарту мақсатында әзірленген болатын. Қарап отырсақ, шетелдерден тірі малды қымбатқа сатып алады екенбіз де, өз малымызды арзанға экспорттайды екенбіз. Мұндай экспорттың қандай мәні бар?! Түптің түбінде бұл халықаралық сауда арқылы пайда табу емес, керісінше ұтылу ғой.

Сондықтан болар, Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып 2019 жылдың қазан айында шетке шығарылатын тірі мал экспортын шектеу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Осы жөнінде берілген бұйрықта аталған мерзімнен бастап «6 ай бойы ірі қара малдарды, атап айтқанда 1 жасқа дейінгі және 1 жастан жоғары ұрғашы бұзау мен сиырды, сондай-ақ ұрғашы қой мен ешкі және оның төлдерін Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым салынатыны жарияланған еді. Шамасы, бұл шара жеткіліксіз болса керек. Енді министрлік мал экспортын толық тоқтататынын мәлімдеді. Былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылыпты. Бұл ретте, малдың басым көпшілігі – 121,6 мың бас немесе 78%-ы Өзбекстанға, тағы 14%-ы Арменияға экспортталған. Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық бас. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігін, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстанға, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзербайжанға, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға кеткен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тірі малды жаппай экспорттау елімізде ет өнімдерінің қымбаттауына себеп болды. Ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесі төмендеді.

Екіншіден, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес енді Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында шикізат емес, өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктерінің өткен жылғы 21 қазандағы аналық мал экспортын уақытша шектейтін  бірлескен бұйрығының қабылдануына бір есептен осы жағдай және

бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштері түрткі болыпты. Енді сол бұйрыққа енгізілген өзгерістердің нәтижесінде барлық ірі қара малы мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірілей басын шетелге шығаруға толық тыйым салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі  бұл құжаттың жобасы салалық сараптама ұйымдарымен және облыс әкімдіктерімен келісілгенін, «Атамекен» ҰКП-ның оң қорытындысы алынғанын және Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы бұл өзгерістерді мақұлдағанын, қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатқанын айтады. «Аталған бұйрыққа өзгерістер енгізу таяудағы жылдары қазақстандық мал басын сақтап  ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді» делінген министрліктің хабарламасында.

Сарапшы мамандар бұл шешімді қолдап отыр деуге болады. «Біздегі ет сапасының алуан түрлілігі соншалық, оның айырмашылығын ажырата білетіндер, мынау қырдың еті, мынау Сырдың еті, мынау Алтайдың малының еті, мына ет Атыраудан деп біліп отырады. Осындай сапалы етті шет елдерге сатып, оның орнына тоңазытылған, тұздалған ет алатынымыз түсініксіз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылы шет елдерге 16 мың тонна сиыр етін сатып, оның орнына 15 мың тонна сиыр етін алыппыз. Бұдан не ұттық? Ішкі нарықтағы өзіміздің ет және ет өнімдерімізге деген сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отырып, ет экспортының әлеуетін жылдан жылға арттыра береміз дегеніміз осы мәселеге қатысты бірнеше факторларды талдап, сараптап, саралауды қажет етеді. Оның үстіне ет экспортынан түсіп жатқан пайда мол болса бір сәрі. Шетелге жөнелтетін еттің бір килограмы 4-6 доллар аралығында көрінеді, біздің ішкі нарықтағы баға да осы шамалас. Олардың ұсынған бағасы біздің ішкі нарықтағы бағаға қарағанда кем дегенде 2-3 есе артық болса, әңгіме басқа. Ал отандық еттің дәмі, сапасы, құрамы мен құнары «импортный» еттен әлдеқайда жоғары, себебі еліміз-дің флорасы әралуан. Жер кө¬лемі жағынан әлемде 9-орын, ал 2 млрд-қа жуық халқы бар мұсылман әлемінде 1-орын алатын елімізде өспейтін шөп аз. Біздегі төрт түлік малдың жайылымында ажырық, көде, бетеге, селеу, қияқ, жұмырқияқ, жантақ, алабота, бозбота, кекіре, теріскен, дүзген, изен, жусан, балықкөз, қоянқарта, ебелек, бидайық, жоңышқа, дала жоңышқа, киікоты, киікжантақ, күйреуік, бұйырғын, бүлдірген, сасыр, бүрген шөп, қырықбуын, алабұта, ермене мен ебелек, өлеңшөп пен селеушөп, қымыздық пен уыздық, мал жегенде бір қызық дегендей, санай берсең санынан жаңылатын неше түрлі өсімдік өседі. Оның құрамындағы дәрілік заттар мен дәрумендер, қуаттандырғыш заттар, макро-микро элементтер, алкалоидтар мен глюкозидтер, эфир майлары және басқа да мал азығы мен адам ағзасына қажетті заттарды айтып тауыса алмайсың» дейді ветеринария ғылымының докторы, профессор,  ҰҒА академигі Батырбек Айтжанов.

Ғалымның айтуынша, Қазақстанда бір ғана жусанның өзінің сан түрі өседі. Жусан басқа ауруларды былай қойғанда, қатерлі ісікке де ем. Міне, осындай өз ағзамызға қажетті неше түрлі дәруменді бойына сіңіретін малымызды шет елдерге беріп, олардан сыртқы сипаты жақсы болғанымен сапасы мен гендік құрамы белгісіз ет сатып алғаннан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Шетелге мал мен ет сатпай, тек олардан алынған өнімді өңдеп, содан кейін ғана сату керек. Ел экономикасына пайдалы экспорт осындай болады.