«ҚР БҒМ №127 бұйрығына сәйкес, докторантқа қорғауға шығу үшін міндетті түрде 7 мақала жариялау керек, бұл ретте сапасы бойынша ерекше талаптар қойылмайды. Нәтижесінде басты назар тек сандық көрсеткішке аударылып, мақалалар сапасы күмәнді журналдарда жариялана бастайды. Кейін ғалымдарымыздың мақалалары халықаралық базалардан шығарылған белгісіз бір журналдарда басылып шыққанда таң қалып жатамыз. Әлбетте, қалыптасқан бұл дәстүрді өзгерту керек. Яғни, сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар аз шыққаны жақсырақ деп анық айтуға болады», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың даму деңгейіне сәйкес келетін гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар үшін жекелеген талаптар қалыптастырылатын болады.
«Диссертациялық Кеңес туралы Үлгілік ережеге диссертациялық Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізіледі. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда кемінде 3 жарияланым болуы тиіс. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көрсеткіштер төмен болады», - деп жазды министр.
Сондай-ақ жазбада магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын талаптар да өзгеретіні айтылған.
«Егер бүгінгі таңда докторанттан күшті журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жарияланымдары болуы тиіс. Қазіргі уақытта іс жүзінде тиісті талаптар жоқ. Академиялық адалдықты дамыту, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңғырту, магистратура мен докторантураға қабылдау, постдокторантура институтын дамыту және т.б. мәселелер алдағы уақытта жарияланатын болады», - деп жазды ол.