АҚШ-та белгісіз біреу автокөлігімен бір топ адамды қағып кетті. Бұл туралы «Lifenews.ru» хабарлады.
Оқиға 3 тамыз күні туристердің арасында кеңінен танылған Калифорния штаты Винус-бич жағалауы ауданында орын алды. Кешкі сағат алты шамасында жағалау демалушыларға толы кезде белгісіз біреу автокөлігімен адамдарды баса жөнелген. Куәгерлердің айтуы бойынша, автокөлік жүргізушісі бұл әрекетке әдейі барған көрінеді.
«Жүргізуші бір топ адамды соққан соң тоқтай қоймады, керісінше, ары қарай баса жөнеліп нақты біреуді іздеп жүргендей көрінді», – деді куәгерлердің бірі.
Оқиға салдарынан 12 адам жарақат алған. Кейінірек олардың бірі алған жарақаттардан ауруханада көз жұмды. Белгілі болғандай, қаза болған келіншек жақында ғана тұрмысқа шығып, Калифорния жағалауына күйеуімен бал айын өткізуге келген екен. Қаскөйдің әрекетінен жапа шеккен тағы төрт адам ауыр хәлде жатқан көрінеді.
«Автокөлік ертесі күні оқиға орны маңынан табылды. Алайда, жүргізуші қашып кеткен, – деп хабарлады Лос-Анджелес өрт сөндіру қызметінің өкілі. – Кейінірек күдікті қолға түсті».
Полиция күдіктінің жеке басын анықтауда. Оқиға орнында тергеушілер жұмыс атқаруда.
Айдар Өрісбаев.