Кеше, 4 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының полицейлері жергілікті кәсіпкер Аманғали Байғуанышевті өлтірді деген айып тағылып отырған күдікті Хасан Губзаев Ресейдің аймақпен қатарлас жатқан Самара облысында қолға түсті. Бұл туралы «Уральская неделя» хабарлады.
Әңгіме үстіміздегі жылғы 19 ақпан күні жұмысшы кентінде орын алған атыс туралы болып отыр. Осы күні «Березка» дүкенінің жанында белгісіз біреулер маркасы анықталмаған қарумен 37 жастағы Аманғали Байғуанышевті атып, көзден таса болады. Кәсіпкер осы алған жарақаты салдарынан «Жедел жәрдем» көлігі ішінде ауруханаға апара жатқанда қайтыс болады.
Оқиғаның соңын ала тексеруге кіріскен полицейлер марқұм Аманғали Байғуанышевтің 2004 жылы бопсалау фактісі бойынша сотты болғанын, бірақ бас бостандығынан айрылмағанын, тек шартты мерзіммен құтылғанын анықтады. Осыдан кейін ол бизнеспен айналысып, өзінің валюта айырбастайтын бекетін ашып алыпты.
Жедел мәліметтер бойынша Байғуанышевтің 22-25 жастар аралығындағы жігіттерден шағын топ құрғанын да жеткізді. Аманғали солардың көмегімен бәсекелестерін қорқытып келіпті. Оның өліміне дейін бірнеше күн бұрын күдікті Хасан Губзаевтың інісі Хусейн өз жігіттерімен бірге мұның тобындағы жігіттердің бірін ұрып тастапты. Осыдан кейін Хусейн Губзаевты кездестірген Байғуанышев қарумен атып, оны қолынан жарақаттаған екен.
«Сол күні «Березка» дүкенінің жанында Хусейннің ағасы Хасан Губзаев анықталмаған қарумен өздерін жәбірлеуші Байғуанышевті атып кетеді, - дейді полицейлер. – Осылайша інісінің қолын жарақаттағаны үшін ағасы одан кек қайтарады».
Полицейлер кісі өліміне күдікті Хасанның осы оқиғадан үш күннен кейін Қазақстан-Ресей шекарасынан өтіп, Орынбор облысына бет алғанын анықтайды.
«4 тамыз, жексенбі күні айып тағылушы Губзаев Самара қаласында қолға түсті, - деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен. – Ұстау кезінде полиция қызметкерлері Губзаевтан Ресейдің жалған паспортын алды. Қазір оны Орал қаласына жеткізу мәселесі қаралып жатыр».
Құрыш Нұрымбет.