Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық деңгейдің барлық саласында өсу динамикасы қамтамасыз етілді. Ал өткен 2019 жылы облыста бір миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені бөлек бір әңгіменің еншісі. Бұл биік белес те ел өңірлері арасындағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Әрине бұл есепке Алматы мен Нұрсұлтан және Шымкент мегополистері кірмейтіні айтпаса да түсінікті.
Бұған дейінгі жасалған талдаулар мен сараптамалар өңірде табиғи демографиялық өсім алдыңғы жылдармен салыстырғанда артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге тұрғындардың динамикалық ағымы мен ішкі көші-қон үдерістері де бұрын-соңды болып көрмеген жоғары деңгейге жетті. Бұл факторлар қазіргі кезде тұрғын үйге деген үлкен сұраныс туғызды.
Өткен жылы Ақтөбеде бір миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп, оған ойдағыдай кол жеткізілгеніне осындай сұраныстар мен талаптар қозғау салғаны да басы ашық мәселе.
Әрине осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайтыны белгілі. Биылғы жылы да өңірде осы биік меженің деңгейін төмен түсіріп алмау жолдары қарастырылған. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша биылғы 2020 жылы тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына тұрғын үй көмегін көрсетуге басымдық беру бағыттары белгіленген. Бүгінгі күні Ақтөбеде тұрғын үйге ие болу және сатып алу кезегінде 30 000 адам тұрғаны, сонымен бірге 150 000 азамат облыс орталығының іргесі мен маңынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға өтініш бергені де жауапкершілік жүгін салмақтандыра түседі.
Бүгінгі күні Ақтөбе агломерациясы аумағында қарқынды жұмыс құрылыстары одан әрі жалғасуда. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылдың 27 қаңтары күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуы тиіс екендігін атап көрсеткені мәлім. Бұл міндеттің жергілікті атқарушы органдарға да тікелей қатысы бар екені кәміл. Сондықтан да қазіргі кезде ақтөбелік құрылысшылар осы талап деңгейі мен үдесінен көрінуге бекем бел буып отыр.
АҚТӨБЕ