Аймақтар • 28 Қаңтар, 2020

Алматы облысына коронавирустан қауіп төнген жоқ

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу өлкесі індет тарап жатқан Қытай елімен іргелес жатыр. Облыс аумағында көрші мемлекетпен шекарада орналасқан 6 кеден бекеті бар.

Алматы облысына коронавирустан қауіп төнген жоқ

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан дерекке сәйкес, қазір аумақтағы бақылау шаралары күшейтілген. Мемлекеттік шекара жабық. Ал Қытаймен сауда-саттық байланыс жасайтын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының жұмысы 15 ақпанға дейін тоқтатылған. Бұл орталыққа қос тараптан күн сайын 3 мыңнан 5 мыңға дейін адам кіріп, шығып, сауда туризмінің қызметін пайдаланатын еді. Қауіп сейілмесе, шектеу мерзімі ұзартылады.

Сондай-ақ көрші ел шекарасына жақын маңдағы облыс аумағы тұрғындарын жұқпалы індеттің белгілері бойынша тексеру жұмыстары назарда тұр екен. Бүгінге дейін дене қызуы көтерілген бір азамат дәрігердің көмегіне жүгінген. Оның шекара маңында болғаны анықталғаннан кейін мамандар жігіт ағасын оқшаулап, толықтай  тексеруден өткізген. Қажетті сынама алынып, зертханалық тексеруден кейін бұрын қант диабетімен ауырған науқастың ангинасы ісіп, дене қызуының жоғарылауына себеп болғаны анықталыпты.

- Өңір тұрғындарына коронавирустан қауіп төнген жоқ. Күдік туғаны рас. Мамандар жедел тексеріп, науқастың емін анықтады. Күдік расталмады. Ал шекара маңындағы әр бекетте оқшаулау бөлмелері бар. Арнайы орын 2-3 төсек орын және басқа да қажет заттармен жабдықталды. Аумақтағы барлық медициналық мекемелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Мамандар обаға қарсы арнайы костюм, керек-жарақпен қамтамасыз етілген, - дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.