Руханият • 28 Қаңтар, 2020

Көкшетауда Абай әдеби орталығы ашылды

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлы ақынның ұлағаты». Осындай атаумен Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында Абай әдеби орталығы ашылды.

Көкшетауда Абай әдеби орталығы ашылды

Үш бөлімнен құралған ауқымды кітап экспозициясы дара тұлғаның 175 жылдық мерейтойына  арналған. Орталықтың тұсауын зиялы қауым кесті. Олар өскелең ұрпақ үшін биылғы жылдың Абайға арналғандығы оң болғандығын шаттана айтысуда. Өйткені, өткенін білмеген ұрпақ келешегін болжай алмайды. Абайтанушы Аманжол Ыдырысұлының айтуынша, ақынды алғаш зерттегендердің  бірі – көкшетаулықтар.

– Абайтану Көкшетауда төрт жыл бұрын басталды. Университетте. Кейін іздене жүріп, Абайтанудың бастауында біздің көкшеліктер тұрғанын анықтадық.  Ол Зейнелғабиден әл Жауари. «Насихат Қазақия» деген кітабында 1908 жылы Абайдың бір томдығы жарыққа шыққанға дейін 1 жыл бұрын Абайдың 8 өлеңін өз кітабына кіргізіп, оған талдау жасаған.Одан кейін 1935 жылы Абай туралы монографияны Ғаббас Тоғжанов жазды, – дейді Абайтанушы Аманжол  Есмағұлов.

Жаңадан ашылған әдеби орталыққа жалпы  саны 120-дай кітап қойылған. Олардың барлығы  қалалық 12 ақпараттық кітапхана жүйесі қорынан жинақталды. Ал 50 кітап электронды нұсқада жасалған. Алдағы уақытта олардың санын 500-ге жеткізбек. Әдеби  орталық үш  бөлімнен тұрады.

– Бірінші бөлімде Абайдың әлемі, өскен ортасы сипатталады. Екінші бөлімде шығармашылығы. Үшінші бөлімде  ақын  туралы  зерттеулер. Яғни, осы күнге дейін қандай ғалым, қандай жазушы Абай туралы зерттеді. Үшінші бөлімде сол мәліметтер қамтылады, – дейді қалалық үлгілі қазақ кітапханасының қызметкері Ерден Нұрахмет.

Салтанатты шараға Абай өскен жердің тумасы, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Әлия  Заманбекқызы да қатысты. Ол Абай әндерін нәшіне келтіріп орындап берді. Ендігі арада Абай әлемін танимын деген әр адамға әдеби орталықтың есігі  айқара ашық тұрмақ.

 

Көкшетау қаласы.