Аймақтар • 28 Қаңтар, 2020

Шығыс Қазақстанда жедел штаб құрылды

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12 400 қорғаныш костюмдері, 670 000 респиратор және 7 млн бір реттік маскалар бар.

Шығыс Қазақстанда жедел штаб құрылды

Қытай мемлекетімен шектесетін Шығыс Қазақстанда сол елден шыққан коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жедел штаб құрылды. Екі ақпанға дейін «Бақты» және «Майқапшағай» кеден бекеттері арқылы шекарадан өту тоқтатылды. «Екі бағытта да азаматтар мен тауарлардың қозғалысын толық тоқтату мәселесі шешілуде. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аумағында коронавируспен ауыру фактілері тіркелген жоқ. Жағдай менің жіті бақылауымда» деп жазды облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Аймақ басшысының сөзіне сенсек, шекаралық бекеттердегі санитарлық-бақылау пункттері тепловизорлармен жабдықталған. Бақты және Майқапшағайда 6 тепловизор бар. Семей және Өскемен әуежайларында жолаушыларды мониторингтен өткізетін үш тепловизор жұмыс істейді. Алдағы күндері «Ақтоғай» теміржол станциясын тепловизорлармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өңірдің барлық медициналық ұйымдары жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде. Вирусқа қарсы препараттардың қажетті қоры, сондай-ақ, 12 400 қорғаныш костюмдері, 670 000 респиратор және 7 млн бір реттік маскалар бар. «Күдікке ілінген, вирус жұқтырған адамдарды тасымалдайтын 2 жеке көлік капсуласы дайын. Тағы 4 капсулаға және Л-1 типті 18 қорғаныш костюміне өтінім берілді. Қытай шекарасынан ары-бері өткен азаматтардың денсаулық жағдайы мұқият бақылауға алынған» дейді Д.Ахметов.

Шығыс Қазақстан облысы