Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Тарбағатайда дәрілік шөптер көп

2550 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әрине, Тарбағатай тауының флорасы өте бай. Алайда «Тар­бағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің флорасы мен өсімдіктер әлемін зерттеу ХХ ғасырдың ортасында жүргізіліп, бір­неше шағын экспедициялар ғана ұйымдастырылды. Сон­дықтан бұл өңірде нақты дәрілік өсімдіктердің қанша түрі бар екені анықталмаған. Белгілісі, бұл өлкеде кездесетін 1640 түрлі өсімдік 504 туысқа, 84 тұқымдасқа жатады. Өсімдіктердің 169 эндемиялық түрі бар. Жалпы 1640 өсімдіктің 35 түрі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі болғандықтан Қазақ­станның Қызыл кітабына енген.

Тарбағатайда дәрілік шөптер көп

Жалпы алғанда, жер бетінде емдік қасиетке ие алуан түрлі өсім­дік кездеседі. Емдік шөп­терді халық ерте кезден-ақ пайдаланған. Өйткені адам баласы ежелден бері ден­саулығын жақсартуға, ұзақ өмір сүруге құштар. Қазіргі заманауи технологиялар дамымай тұр­ғанда-ақ адамзат түрлі өсімдіктен ем­дік тұнбалар мен қай­натпалар, дәрілер жасап пайдаланды. Міне, Тарбағатайдың да сирек кездесетін өсімдіктерінің ішінде емге жарайтындары көп. Мысалы, кәдімгі қарғакөз (Paris  quadrifōlia) – биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін көп­жыл­дық өсімдік. Мамыр және мау­сым айларында гүлдейді. Өте у­лы өсімдік. Әсіресе тамы­ры мен жемісі улы болып келеді. Қараңғы әрі дымқыл жерлерде өседі. Бұл өсімдікті емдік мақ­сатта гүл ашқан кезінде пайда­ланады. Оның тамыры мен гүлі­­нен тұнбалар, қайнатпалар да­йын­дайды. Жемісін түйілуде, суық тигенде, несеп айдауда дәрі ретінде пайдаланады. Кәдімгі қар­ғакөзді ресми медицина саласында пайдалануға рұқсат жоқ. Тек халықтық емдерде қол­даны­лады.

Немесе қызғылт семізот, кей­де алтын тамыр деп те атай­ды (Rhodiola rosea). Бұл – биік­тігі 70 сантиметрге дейін жететін көп­жыл­дық шөптесін өсімдік. Таулы ай­мақ­тарда өседі. Алтын тамыр­ды фармокологиялық салада қол­данады. Халықтық емде де кеңі­нен пайдаланылады. Негізі­нен қалқанша без ауруларында, ин­фекциялық ауруларда, қан­ қысы­мының төмендеуінде және жо­ғарылауында, жыныстық ауру­ларда пайдаланылады. Адам­­ның имму­нитетін көтеруге оң­ әсерін тигізеді.

Сондай-ақ сафлор тәріз­дес аюдәрі (Rhapоnticum carthamoіdes) – биіктігі 80 сантиметрге дейін жететін көпжылдық өсімдік. Кей жерлерде «марал шөп» деп те атайды. Себебі бұғы­лар мен маралдар күз бен көк­темде бұл өсімдіктің тамырын тұяғымен теуіп қо­ректенетін бол­ған. Биік таулы аймақтарда өседі. Емдік мақсатта оның негі­зінен тамырсабағы мен тамыры пайдаланылады. Өсімдікті әлсіздік, жүрек, бүйрек аурула­рына және қан қысымының тө­мен­деуінде пайдаланады.

Әрине әр аймақтың халқы жергілікті жердің өсімдігін өз білгендерінше пайдалануы мүм­кін. Дегенмен де, өсімдіктерді ем­дік мақсатта пайдаланудың да өзіндік тәртібі, жөні бар. Яғни, ұлттық парк аумағындағы сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді де заңға сай пайдалану қажет.

 

Салтанат МӘЖЕНОВА,

«Тарбағатай» МҰТП» РММ-нің аға ғылыми қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы