«Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын талқылау мақсатында жиналып отырмыз. Ұсыныстарды талқылауды біз өткен жылдың 12 қазанында бастағанбыз. Сол отырыстағы ұсыныстарыңыз ескеріліп, министрлікке бағынысты ұйымдар бірқатар шаруалар атқарды. Соның бірі – министрлік жанынан құрылған Мәдени саясат жөніндегі кеңес және Рухани көшбасшылар қоры. Бұл да сіздердің ұсыныстарыңыз еді», деді министр. А.Райымқұлова биыл кең ауқымда өтетін шаралардың қатарында Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап, соған сәйкес биыл 500-ден аса түрлі шаралардың ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында Дамаск және Нұр-Сұлтан қалаларында елеулі шаралар өтетінін айтты. Министр республикалық мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 50 пайызға, аймақтық ұйым қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға өскенін де атап өтті.
Басқосуда Мәдениет және спорт министрлігінің атынан «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметі мен мақсаты, 2020 жылға арналған жоспары жайында сол жобаның жетекшісі Марат Қамзолдаев баяндама жасады. Мемлекет басшысының алға қойған міндеті негізінде бұқаралық спортты дамыту туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің, «Қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңімен көшу мәселелері» деген тақырыпта Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешовтің баяндамалары тыңдалды.
Басқосу барысында белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев «Адалдық алаңына» Қазақстан авторлар қоғамының арасындағы дауды мәмілемен шешу жайлы ұсыныс тастады. Қоғамның бұрынғы және қазіргі басшыларының арасындағы дау-дамайдың өршіп тұрғаны белгілі. Композитор осы іске «Адалдық алаңының» араласуын қалайды. Аталған министрлік өкілдері де бұл даудың екі жақтың мәмілеге келуімен аяқталуын құптайтындықтарын аңғартты.
Республикалық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Светлана Иманқұлованың да ұсынысы ерекше болды. «Облыстардағы мәдениет басқармалары әкімдіктердің қарамағында. Оларға бір шаруа айтсаң, «біз әкімдікке қараймыз» деп жауап береді. Егер жергілікті жерлердегі мәдениет басқармалары, департаменттері түгелдей мәдениет министрлігіне қарайтын болса, біздің жүйеміздің жұмысы жақсарар еді», деді ол.
Жалпы жиын барысында басқа да бірқатар ұсыныстар талқыланып, министрлік өкілдері тарапынан қаперге алынды, қағазға түсті.