Аймақтар • 30 Қаңтар, 2020

Давоста ДСҰ мүше елдердің инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Апта басында Давоста Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) негізгі мүше-елдердің сауда министрлері инвестицияларға жәрдемдесу саласындағы жаңа жаһандық ережелер бойынша келіссөздерді іске қосуды қолдады.

Давоста ДСҰ мүше елдердің инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды

Бұл бастаманы 100-ге жуық мүшесі қолдайды және жаңа келісімнің мәтінін қарау Нұр-Сұлтандағы ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болуы әбден мүмкін.

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі, Елші Ж. Айтжанова жалпы ұстанымға қолдау көрсетіп, әлемдік нарықтағы сын-қатерлерді еңсеру және инвесторлар мен бизнестің сенімін қалпына келтіру үшін инвестицияларға қолайлы жаһандық реттеуші ортаны құру маңызды шешім болатынын атап өтті. 12-ші министрлік конференцияны қабылдайтын ел ретінде Қазақстан жаңа жаһандық ережелерді көпжақты деңгейде талқылауды қолдайды.

Кеше ДСҰ-ға мүше елдер арнайы отырыста электрондық сауданы реттейтін жаһандық ережелер жөніндегі прогресті талқылады, сондай-ақ барлық мүше елдердің мүддесінде осы саладан пайда алу мүмкіндігін атап өтті. Бүгінгі күні келіссөздерге ДСҰ-ға мүше 82 ел қатысуда.

Келіссөздерге қатысқан Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға мүше елдерді экономикалық даму деңгейіне, сондай-ақ институционалдық және адами әлеуеттің қол жетімділігіне сәйкес келісімнің түрлі ережелеріне елдердің кезең-кезеңімен қосылуын қамтамасыз ететін икемді тетікті қолдану мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Бұл тұрғыда әлемдік сауда мен халықаралық саудадағы электронды сауданың серпінді өсіп келе жатқан рөлін атап өту қажет. Сонымен, Alibaba мәліметі бойынша биыл электронды сауда арқылы трансшекаралық сауда 7 трлн АҚШ долларын құрады.

Сол күні ДСҰ-ға мүше негізгі елдердің сауда министрлерінің қатысуымен бейресми кездесу өтті, онда ДСҰ-ны реформалау, келіссөз күн тәртібін ілгерілету және Ұйымға мүше барлық елдер үшін көпжақты сауда жүйесінің өзектілігі мен беделін сақтау идеялары талқыланды.

Іс-шара барысында Тұрақты өкіл Айтжанова ДСҰ мүшелері арасында ұйым қызметінде жүйелі реформалар жүргізу қажеттілігі туралы консенсус бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ кездесуге қатысушыларға дауларды шешу жөніндегі ДСҰ органының реформалары, келіссөз қызметі бойынша негізгі тәсілдерді қамтитын Жол картасы бойынша жұмысты бастауды ұсынды.

Бұдан басқа, Қазақстан өкілі ДСҰ министрлік конференциясына балық аулауды субсидиялау келіссөздері мен қызметтер саудасын ішкі реттеу жөніндегі плюрилатералды келісімнің табысты аяқталуына үміт білдірді.  

Электрондық сауда, инвестицияларға жәрдемдесу және ДСҰ-ны реформалауға жәрдемдесу мәселелері 2020 жылы 8-11 маусымда Нұр-Сұлтанда жоспарланған ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына дайындық процесі шеңберінде неғұрлым талқыланатын болады деп күтілуде.

Алматы