Қазақстан • 30 Қаңтар, 2020

Алматыда маска жеткілікті

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова қалада бетперде жеткілікті екенін айтты.

Алматыда маска жеткілікті

Оның айтуынша, қала вирусқа қарсы препараттармен қажетті көлемде қамтамасыз етілген, сондықтан оған қатысты дүрлігуге негіз жоқ дейді. «Менің ойымша, тапшылық қолдан жасалып жатыр. Мүмкін бағасына келіскендер бар шығар. Кейбір алыпсатарлар бетпердені көптеп алып, оны қымбат бағаға сатуы мүмкін. Оны медициналық мекемелер де, дәріханалар да сатып алмаған», — деді А. Молдағасымова.

А. Молдағасымова дәріхана мен фармкомпанияларды қазіргі жағдайды пайдаланып, халықты әбігерге түсірмеуге, қолдан тапшылық жасамауға шақырды. «Кәсіпкерлік саласында тарифтік және баға бойынша келісім жасағандар жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз. Қала басшылығы баға келісімін жасағандарға қылмыстық жауапкершіліктен бастап, лицензияны қайтарып алуға дейін барлық тиісті шараларды қолданады», - дейді ол.

Департамент басшысы қалада қорғаныс маскасы жеткілікті екенін, медициналық мекемелерде 2 млн-нан астам, ал резервте 1,3 млн бірреттік бетперде барын айтты. Сондай-ақ, 3 млн-нан астам бетперде сатып алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш білдірген. Оның айтуынша, қазір қалада бір адамға 20-25 маскадан келеді.

Айта кету керек, Қытай ресми түрде вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін растады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда індеттен 131 адам көз жұмған, ал әлем бойынша вирусты жұқтырғандар саны 6000-ға жетті. Сондай-ақ Қытайда тараған пневмания Тайландтан өзге, Оңтүстік Корея мен Жапонияда тіркелді.

Естеріңізде болса, күні кеше ғана еліміздің денсаулық сақтау министрлігі короновирусқа қарсы препараттардың бар екенін мәлімдеген еді. Әзірге ел аумағында вирусты жұқтырған жан жоқ.

Дегенмен сақ болсақ – сақтанатынымызды ұмытпайықшы...

 

 

Алматы