Қоғам • 30 Қаңтар, 2020

Қытай вирусынан қаза болғандар саны 170-ке жетті

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирустан қаза болғандардың саны 170-ке жетті. Ал Тибетте расталған тағы бір науқаспен вирустың Қытайдың барлық аймағына таралғаны мәлім болды.

Қытай вирусынан қаза болғандар саны 170-ке жетті

Қытайдың денсаулық сақтау өкілдері 29 қаңтарда елде жалпы 7711 вирус жұқтырған жағдай тіркелгенін айтты. Сондай-ақ індет әлемнің 16 еліне тараған.

Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы (WHO) бүгін тағы бір отырыс өткізіп, белгісіз вирустың жаһандық төтенше жағдай туғызу мүмкіндігін талқылайды.

Ұйымның бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус соңғы күндері Германия, Вьетнам, Жапония секілді кейбір елдерде вирустың адамнан адамға жұғу жағдайларының көбеюі алаңдататынын жеткізген еді. Оның айтуынша, Қытайдан өзге елдерде індетке шалдыққандар саны әлі де аз болғанымен, көп адамның жұқтыру қаупі бар.

Мамандар аурудың арнайы емі не вакцинасы жоқ екенін, дегенмен вирусты жұқтырғандардың симптомдары аса ауыр емес және қолда бар мүмкіндіктермен емделіп кететінін айтып отыр.  

Десе де вирустың жаңа түрі ауыр респираторлық инфекцияға ұласып, өлімге алып келуі де мүмкін.

Атиптік пневмония мен тұмаудың ұқсас вирустары сияқты бұл коронавирус та егде адамдар мен сырқатқа қарсы тұра алмайтын әлсіз ағзалар үшін аса қауіпті.

Індеттен қайтыс болғандар мен жұқтырғандардың көбісі вирус шыққан Қытайдың Хубей провинциясы мен астанасы Уханның тұрғындары. Осыған дейін Қытай билігі індеттің таралуын болдырмас үшін Ухан қаласындағы барлық қозғалысқа тыйым салғанын айтқан едік.