Аймақтар • 30 Қаңтар, 2020

Ауқымды сақтану шаралары белгіленді

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытаймен іскерлік қарым-қатныстарды дамытуға кең жол аша білген республика өңірлерінің бірі – Ақтөбе. Қазіргі кезде облыс аумағында қытайлық компаниялар көмірсутегі затын өндіру мен жерасты қазба байлықтарын игеру саласында қызмет жасайды.

Ауқымды сақтану шаралары белгіленді

Бұл тұрғыда үлкенді-кішілі қытайлық өндірісшілердің жалпы саны 56 болса, аталған өндірістің құрылымдарда 837 қытайлық азаматтар тіркелген. Әрі 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап, өңір аумағына күншығыс елінен 821 адам келгені белгілі болып отыр. Оның денін негізінен қазақстандықтар құрайды.

Коронавирус инфекциясының таралып кетпеуі үшін олардың бәрі де қатаң есепке алынып, медициналық тексерулер жүргізілді деп хабарлады газет тілшісіне Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Оның айтуынша көрші мемлекетте етек алған жұқпалы аурудың алдын алып одан сақтана білу үшін барлық шаралар атқарылып келеді.

Дәрігерлер әр күн сайын мұнай-газ секторы саласында жүрген қытайлық өндірісшілермен қарым-қатынасы бар жергілікті азаматтарға да бақылау жасауды назарда ұстауды мақсат етіп отыр. Қауіпті вирус инфекциясы байқалған жағдайда оны шұғыл түрде оқшаулайтын орындар алдын-ала белгіленген. Бұған 160 керуерт қарастырылған. Сонымен бірге тұмшаулайтын маскалар мен коронавируспен алдын-ала сақтануға және ауру белгісі байқала қалған жағдайда оны емдеуге қажетті құрал-жабдықтардың жеткілікті қоры жасақталған.

Облыста Қытай елінен таралып отырған қауіпті жұқпалы дерттен қорғану шараларын жүргізу үшін арнайы штаб құрылған оған Ақтөбе облысы әкімі орынбасары Марат Тоғжанов жетекшілік жасайды. Штаб құрамына Сыртқы істер министрлігі мен ішкі істер министрліктеріне қарасты мамандар мен көші-қон саласының қызметкерлері, санитарлық-эпилемиологиялық станса мен төтенше жағдайлар құрылымдарының өкілдері және мемлекеттік шекара қызметкерлері енгізілген.

Бүгінгі күні штаб мүшелері кең ауқымды сақтану шараларын белгілеп, оның сақталуы мен жүзеге асырылуын жіті қадағалап отыр.

 

 

 АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар