Аймақтар • 30 Қаңтар, 2020

Мас жүргізуші қамауға алынды

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан бері жол жүру ережелеріне өзгерістер енгізіліп, жүргізушілерге талап күшейгені айтылып жүр. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында осы заң талабы тұңғыш рет қолданылып, жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қылмыстық іс көтеріліп, тергеу кезінде екі айға қамауға алынды

Мас жүргізуші қамауға алынды

- 2020 жылғы 11 қаңтардан бастап «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және адамның құқықтарын күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң күшіне енді. Бұл заң алғаш рет Жаңақала ауданында қолданылды, - дейді Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан.

Жаңақала аудандық прокуратурасы көлік жүргізу құқығы болмаса да оны мас күйінде басқарып, жол-көлік апатын жасаған Т. деген азаматты тергеу кезінде 2 айға қамау туралы тергеушінің санкциясын қолдаған. Сөйтіп, сот шешімімен жүгенсіз жүргізуші қамауға алыныпты.

БҚО прокуратурасы ұсынған мәліметке қарағанда, жаңақалалық жүргізуші бұдан бұрын да талай мәрте көзге түскен: 2014 жылғы 28 тамызда «көлік құралын масаң күйде басқарғаны» үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айрылған. 2018 жылғы 16 қыркүйекте ол тағы да мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, сол үшін соттың үкімімен 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылған. Алайда, бұл оқиғалардан қорытынды шығармапты.

«2020 жылдың 18 қаңтарында Жаңақала-Сайхын тас жолында Т. жол жүру ережесін бұзып, автокөлігімен жолдың қарсы бетіне шығып, азамат А.-ның басқаруындағы автокөлікпен соқтығысып, оны бүлдіріп, материалдық шығын келтірілген» делінген соңғы деректе.

Қазір бұл факті бойынша тергеу әрекеті жүріп жатыр.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілмей тұрып мұндай қылмыскерді қамалмайтын, себебі мұндай қылмыстардың санаты «қылмыстық теріс қылық» деп есептелген. Ал енді өзгерістерден кейін бұл «ауыр қылмыс» деп дәрежеленеді. Және кінәлі тұлға көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылады.

 

Батыс Қазақстан