Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Жамбылдық кооперативтерге жаңа техникалар берілді

442 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы өңір тұрғындары тарапынан қолдау тауып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Жамбылдық кооперативтерге жаңа техникалар берілді

Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан жоба аясында өңірдегі он ауданнан пилоттық жобаға енген ауылдардың тұрғындары несиеге мал алып, тірлігін тіктеуде. Сонымен қатар, әрбір тұрғын өз ауласындағы жерлерді тиімді пайдалану арқылы тұрақты өнім алуға қол жеткізіп отыр. Енді аталған жоба аясында ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында бірқатар техникалар сатып алынған болатын. Бүгін Тараз қаласындағы «Атакент-Тараз» сауда орталығында өңірде құрылған кооперативтерге ауыл шаруашылық техникаларын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Оған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пилоттық 11 округте құрылған кооперативтерге 194 бірлік техниканы табыстады.

Шара барысында Асқар Мырзахметов құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта аталған пилоттық жоба облыс тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бастамаға Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының көңіл бөліп отырғанын, сондықтан да әрбір азамат бұл бастамаға ерекше қызығушылық таныту керектігін әрі жемісті болуына атсалысу қажеттігін жеткізді. «Жамбыл өңірінде әлеуметтік маңызы зор жоба басталды. Бұл жобаның артықшылығы – халықтың тұрмысын жақсартуға көңіл бөлу. Жобаны іске асырудың бірден-бір тиімді тетігі – бұл кооператив құру. Кооперативтерге қажетті техникалар алу үшін республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылды. Жобамызды Президент те, Үкімет те қолдады. Әйтпесе мұнша техниканы сатып алу деген оңай емес. Енді тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында 40 мыңға жуық мал басы мен құс сатып алынады. Бұл тек қана істің бастамасы», деді әкім. Сонымен қатар, Асқар Мырзахметов тұрғындардың тұрмысын жақсарту жұмыстарын бастау үшін әзірге кооперативтердің ет пен сүт бағытын алып отырғанын, ендігі мақсат алынған өнімдерді өңдейтін шағын цехтар құру екенін де атап өтті. Аталған жобаның төртінші бағыты – құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникалармен қамтамасыз ету болатын. Бұл бағытқа 1 070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының 29 түрінен 194 дана техника алынған еді. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 КаМАЗ көлігі және тағы басқа 149 дана агросалаға қажетті техникалар бар.

«Атакент-Тараз» сауда кешенінде өткен жиында Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативіне 14 дана, Түймекент ауылындағы «Түймекент-2019» кооперативіне 18 дана, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы «Іске Сәт» кооперативіне 22 дана, Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне 19 дана, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне 19 дана, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сұрат Даму» кооперативіне 19 дана, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы «Айдарлы Агро-2019» кооперативіне 13 дана, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы «Саудакент 2019» кооперативіне 20 дана, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы «Талас-2020» кооперативіне 18 дана, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылындағы «Құмарық-Тау» кооперативіне 17 дана, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылындағы «Омар-Шу» кооперативіне 15 дана техника берілді. Бұл жаңа техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан. Талас ауданы, Үшарал ауылынан құрылған «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Рахымжан Әденов мемлекеттің, облыстың бұл қамқорлығына өз ризашылығын білдірсе, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылынан құрылған «Құмарық-Тау» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Еркін Сәрсебаев бұл бастаманың барлық тұрғындарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік екендігін, енді тек қана аянбай жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.

1

Табысталған ауыл шаруашылығы техникалары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке беріліп отыр. Алдағы уақытта осы техникалардың күшімен барлық үй іргесіндегі 1071,7 гектар және ауыл сыртындағы 77362 гектар жерлер игерілетін болады. Облыстың 10 ауданынан пилоттық жобаға енген 11 ауылдың өзінде 50 мың адам тұратынын ескерсек, бұл тұрғындардың тұрмысын жақсартуға елеулі көмек. Сондықтан да Асқар Мырзахметов өз сөзінде аталған жоба жемісін берген кезде бұл бастаманың өңірдің барлық ауылдарына таратылатынын айтты.

 

Жамбыл облысы