«Бала күтіміне жәрдемақыны арттыру мәселесіне бастамашылық жасамақпыз. Бүгінде ол бала 1 жасқа толғанға дейін төленеді. Біз бұл мерзімді 1,5 немесе 3 жылға дейін ұзарту нұсқасын қарастырып отырмыз. Қазіргі уақытта шамамен 387 мың ана бала күтіміне байланысты аталған жәрдемақыны алады. Оның ішінде Әлеуметтік сақтандыру қорынан алатындардың саны аздау ғана», - деді Біржан Нұрымбетов.
Мәселен, оның дерегінше, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен ай сайын 1 жыл бойы 15-24 мың теңге алып отырады. Ал жұмыс істейтін аналар Әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын жалақысының шамамен 40 пайызын алады. Сонымен қатар министр мүгедектік бойынша жәрдемақыны қайта қарастыру жоспарланып отырғандығын айтты.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекеттік қолдау керек. Біз мүгедектігі үшін күтімге жәрдемақы төлеу бастамасын көтермекпіз. Бүгінде ата-аналар мен қамқоршыларға мүгедек бала күтіміне, сонымен қатар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедек бала күтіміне жәрдемақы қарастырылған. Бірақ бала кезінен мүгедек емес бірінші топтағы ересек мүгедектер бар. Олар да күтімді қажет етеді. Сондықтан қосымша жәрдемақы енгізу дұрыс болар еді. Бұл әзірше министрліктің жоспары ғана. Үкіметке және атқарушы органдармен келісуге әлі енгізілген жоқ», - деді ол.