Руханият • 04 Ақпан, 2020

Адалдық

859 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы тұлғаның рухани мұрасын парасат биігінен бағам­дай отырып, ақын барлық бас­тамашылдықта адалдықты жоға­ры қояды деген тұжырым жасапты.

Адалдық

Расында, Мемлекет басшысы айт­қандай, ойшыл ақынның адалдық жайлы пайымы өте терең. Ол өзінің 40-шы қара сөзінде: «...ағайын торқалы той, топырақты өлімде, адалдық береке алы­суға табылмай, барымта ұрлық  десе, та­бы­ла қоятыны қалай?» деп нали­тыны бар.

Дананың жоғарыдағы тоқтамын тәпсірлер болсақ, қазақ қоғамында адал­дықтың жүгі ауыр, осы жолда ынтымақ танытып табыса алмаған ағайын, берекесіздік үшін бірігеді. Бұл аса қатерлі жол. Сол себепті, ата-баба­ларымыз келер ұрпағы осындай қатер­лі жолға түсіп кетуінен қатты сақ­танған. Яғни, қоғамдық ортада адалдық ұғымының үстемдік етуін ел басшылары мен батыр-билер әрқашан қадағалап отырған.

Мысалы, Абай атамыз баласы Әбді­рахман­ның қазасына қатысты айтқан наза-жоқтау жырында:

Кешегі Оспан ағасы,

Кісінің малын жемепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлетті... 

Арғы атасы қажы еді,

Бейіштен татқан шәрбәтті,

Жарықтықтың өнері,

Айтуға тілді тербетті,

Адалдық, ақыл жасынан,

Қозғапты, тыныштық бермепті, – деп, інісі Оспан мен әкесі Құнанбай қажының адалдық жолынан таймай өмірден өткенін үлгі ретінде жоқтауға қосады.

Қазақ халқының мәдениетін зерттеген фольклортанушы Ә.Диваев, қа­зақ­тың жоқтау жырлары өмірден өткен тұлғаның жақсы іс-әрекетін әйгі­лейтін сөз үлгісі екенін айтады. Соған қарағанда Абай атамыз­дың жоқ­тауда айтқаны сияқты, халқы­мыздың ежелгі ұстанымы да, өмір сүру қағидаты да адалдық болғанын аңғарамыз.

Өйткені адалдық пен әділдік бұзыл­ған жерде береке болмайды. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемге ықпалы артқан социалистік лагерь елдеріндегі идеологияны әлсірету үшін жасалған АҚШ идеологы Аллен Даллестің жоспарында: «Адалдық пен адами құндылықтарды өткеннен қалған кесірлі әдет ретінде келемежге айналдырып, жұрт олардан жаман әдет ретінде жиіркенетін жағдай тудыруымыз керек» депті. Осыған қарап-ақ адалдықтың адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз.

Сол сияқты мұсылман дүниесінің кемел тұлғасы Әли Мұртада хазіреті «қан­дай бір қоғамнан адалдық кетсе, оның болашағы бұлыңғыр» деген өсиет қал­дырыпты. Ал біздің хал­қымыз, яки қазақ ұлты жүздеген ғасыр­ды артқа тас­тап, жойылып кет­пей бүгінге жетуі бойын­дағы адал­дығының жемісі екені анық.

Айталық, үлкен ақын Қадыр Мыр­заәлі 2004 жылы жарық көрген «Иірім» атты кітабында: «Сонау соғыс жылдары Украинадан мал айдаған адамдар біздің түкпірде жатқан алыс ауданға әрең жетіп, естерін жиды. Азған, тозған, аш-жалаңаш Украина қойшылары алдындағы отар-отар қойларына ие бо­ла алмай, кез келген жерге қисая ке­тіп, кез келген жерде ұйықтап жатты. Ал олардың шашыраған қойлары жергі­лікті малға қосылып, иелерін ұятқа қал­­дырды. Соның өзінде аш-жалаңаш әрең отырған менің жүдеу жерлестерім бос­қындардың бір тышқақ лағына көз аларт­пай, адасып, лағып жүрген тоқты-торым­дарын иелеріне айдап апарып тап­сырып жүрді. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей мұндай адалдық басқа жұрт­та бар ма екен» деп таңдана жазады.

Әрине, адалдық жалпы адамзатқа тән қасиет. Мысалы, өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғында Әзербайжан елінің үкімет үйін салып жатқан  неміс тұтқындары бір күні жұмыс істеуден бас тартады. Бұл оқиға бірінші хатшы М.Багировке жетеді. Ол өзі келіп мән-жайды анықтаса тұтқындар: «Біз неміс халқының атынан жұмыс істеп жатырмыз. Адалдық біздің туымыз. Сапасыз материалмен жұмыс істей алмаймыз» депті. Неміс халқының адалдығына тәнті болған әзербайжандар бұдан кейін тек сапалы құрылыс материалдарын жеткізіп тұрыпты.