Қоғам • 05 Ақпан, 2020

85 мың студент жатақханаға мұқтаж

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын жариялаған өзінің Бес әлеуметтік бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орын­дық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Алайда атал­ған тапсырма негізінде өткен жылы қолға алынған жатақ­ха­налар құрылысы көңіл көншітпей тұр. Бұл туралы Мәжіліс депу­таты Павел Казанцевтың төрағалығымен өткен Nur Otan пар­тиясы партиялық бақылау комитетінің отырысында баяндалды.

85 мың студент жатақханаға мұқтаж

Білім және ғылым вице-ми­нис­трі Бибігүл Асылованың ай­­туынша, осы жылы студенттерді бас-аяғы 15 мың жаңа жатын орынмен қамту жоспарлануда.

– Бұрын жатақханаларда тұру үшін жалдау ақысының шек­ті құнын анық­тайтын бұй­рық бар еді. Алайда жатақ­­ха­на­лар­дың қазіргі жай-күйінің төмен­деуіне нақ осы құжаттың да әсері болға­нын айту керек. Жатақханалардың басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық жаб­­дық­тауда да қиындықтар бар. Яғни, жалға алудан түскен төлем нысан­дар­дың сапалы жұмыс істеуі үшін қаражат қа­­лып­­тас­тыруды былай қойғанда, қыз­­мет көр­сетудің өз құнын да ақта­ма­­ды. Мемлекеттік ЖОО үшін бұл тү­йін­ді мәселе болып отыр. Сон­дықтан қазіргідей жалға алу құнын нарықпен реттеу дұрысырақ, – деді Б.Асылова.

Жатақхана тапшылығына қа­­тысты Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрман­бе­то­ва да пікір біл­­ді­р­­ді. 

– Елбасының тапсырмасы бойынша алғашқы 2019 жылы – 5000, 2020 жылы – 15000, 2021 жылы – 25000 және 2022 жылы – 30000 жатын орын пайдалануға берілуі тиіс еді. Бұл мақ­сатқа жету үшін республикалық бюд­жет есебінен 32 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған бо­латын. Парламентте осы Үшін­ші бастаманы жүзеге асыру мақ­сатында заңнамалық база қа­былданды. Құқықтық тұр­ғы­да жағдай жасалды, – деді Ж.Нұрманбетова.

Депутаттың айтуынша, өткен жыл­ға жоспарланған 5000 жатын орынның тек 2810-ы ғана пайдалануға беріліпті. Оның жалпы құны 196 млн 397 мың теңгені құрады. Яғни, өткен жылғы жос­пар тек 57%-ға ғана орындалып отыр деген сөз. Сол 2810 жатын орын­ның 1209 орны жаңа жатақхана салу ар­қылы пайдалануға берілсе, 1601-і қолда бар жатақхананы қайта жаңғырту есебінен студенттерге бе­рі­ліпті. Дегенмен Елбасы тапсырма­сын­да жатақханаларды жаңғырту емес, тек жаңадан салу мәселесі айтыл­ған еді. Тиісінше бюджет те жаңа жатақханаларды са­луға қарастырылған болатын. Сондықтан Елбасы бас­та­масы өткен жылы толық ор­ын­дал­ды деуге ауыз бармайды. Себебі жаңа жатақханаларды қолданысқа беру тапсырмасы тек 25%-ға ғана орындалды.

Комитет мүшелері Білім және ғылым министрлігінің бюд­­жет қаржы­сын тиімсіз пай­да­­ланғанына да назар аударды. Партиялық бақылау коми­те­ті келтірген мәліметке сүйенсек, рес­пуб­ликалық бюджетте студенттер, магистранттар мен докторанттарды жа­тақ­ханалардағы орын­дармен қамта­ма­сыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс беруге 15 миллиард теңге (2019 жылы – 1 млрд теңге, 2020 жылы – 4 млрд теңге, 2021 жылы – 10 млрд теңге) қарастырылған. Соған қарамастан, өткен жылы мем­лекеттік тапсырыс аясын­да бар-жоғы 177 миллион теңге игеріліп, қаражаттың 70%-дан астамы қазы­наға қайтарылды.

Бұл тұста студенттер тұрып жат­қан жатақханалардағы жағ­дай көңіл көн­шітпейтінін айту қажет. Кей жатақ­хана­лар өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жөн­деу көрмеген. Осы орайда, Jas Otan жастар қана­тының төрағасы Елнұр Бей­сен­баев өздері жүргізген рейд нәти­желе­рін ортаға салды. Оның айтуынша, еліміздегі 130 жоғары оқу орнында 600 мыңға жуық студент білім алуда. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 10%-ға өскен. Бүгінгі таңда 85 мың­нан астам қазақстандық сту­­дент жатақханадағы орынға мұқ­таж.

Комитет төрағасы Павел Казан­цев аймақтар мен орта­лық­тағы ақпа­рат­тар­да сәйкес­сіз­діктер байқа­ла­тынын айтты. Жатақ­ханалар құры­лысының мерзімі көбіне бюро­кра­тия­лық кі­ді­рістерге байланысты ұз­ақ­­қа созылады. Ал кейбір жағ­дайларда университеттер бас­шы­лығы ескі ғимараттарды қал­пына келтіру арқылы жаңа орындар жасадық деп көрсетеді.

– Білім ордалары жаңа жа­тақ­хана­лар­дың пайдалануға бе­ріл­генін хабар­лағанымен, біз­дің жұмыс тобымыз шын мә­нінде жатақхана құры­лы­сы­ның әлі жүріп жат­қа­нын анықтады. Мұндай көз­бояу­шы­лықпен айналысатындарды ерекше бақылауда ұстаймыз. Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев студенттердің өмір сүру жағ­дай­ларын тексеруді және жа­тақ­ханалардағы орындар­ды бө­лу­де жемқорлыққа жол бе­ріл­­меуін бақы­лау­ды тапсырды. Сон­дықтан партия бұл мәселені үне­мі бақылауда ұстайды, – деді П.Казанцев.