Тұлғаны тану – парасаттылық. Хакім Абай айтқан нұрлы ақылға сабыр қонса парасаттылық орнамақ. Сабырлылық – адам көркі. Қандай қиын, тар заман болса да, сабыр сақтау халқымыздың ата дәстүрі.
«Сабыр түбі – сары алтын» – деп ғұлама бабамыз әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толған мерейтойына да жеттік.
Есімде, осыдан елу жыл бұрын кеңестік дәуірде Ақжан Машани, Әнуар Әлімжанов, т.б. азаматтардың игі қарекеттері негізінде ғұламаның 1100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алайда, бүгінгідей мемлекеттік деңгейдегі шаралар жоспарланбады. Себебі халқымыздың төл тарихында ғұламалар болды деу, кеңестік саясатқа кереғар. Сондықтан зиялы қауым негізінен бұл мерейтойдан бойларын аулақ ұстады. Біздер, жас аспиранттар бұл халді анық сездік.
Мерейтойға Мәскеудегі коммунистік партияның орталық комитетінен арнайы келген өкіл, бір сұрақты әркімге қоя беріпті. Сұрақ мәнісі:
– Әл-Фарабиге, оның шығармашылығына орыс халқының әсері қандай болған? Не деуге болады? Азаматтар әл-Фараби қазақ жерінде, Отырар өңірінде туғанымен Бағдатта ғұмыр кешкен, сондықтан сіздің сұрағыңызды зерттеп, ескереміз, – деп құтылған. Басқаша айтсаң, пәлеге қаласың. Әл-Фараби өмір сүрген 1100 жыл бұрын Ресейдің жағдайы қалай еді деуге тағы да болмайды. Ол заманда Ресей өңіріне православ діні де таралмаған еді.
Қазір жағдай басқаша. Тәуелсіз елміз, олай болса ғұлама әл-Фараби туралы да тәуелсіз ой түзеуіміз қажет, бірақ осы күрделілеу мәселе болып тұрғаны. Айтар ойым түсінікті болуы үшін, әңгімені еліміздегі ірі телеарнадан әл-Фарабиге арналған хабарды көргенімнен бастайын.
Телехабарда – екі адам, бірі жүргізуші журналист, екіншісі белгілі, сыйлы ғалым:
Журналист ғалымға:
– әл-Фараби кім деген орынды сауал қойды.
– әл-Фараби – философ деп жауап берді ғалым.
Бұл қалай деп, өз-өзіме сауал қойып, жүдеп қалдым. Әл-Фараби 870-950 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ол кезде философия деген ұғым болды ма екен? Тіптен, сондай ұғым болса да, оның әл-Фарабиге еш қатысы жоқ.
Философия – дінсіздердің ой-санасы. Философия дегенде Құдай, Жаратушы деген қасиетті ұғымдар жоқ. Дүние өздігінен жаралған. Философия дін атаулыға қарсы. Батыста күні бүгінге дейін философия мен теологияны бір-біріне қарсы қояды. Теология деген Құдай туралы ой-сана. Философия – материалистік, атеистік бағыттағы ой-сана.
Философияда дін мен ғылым бір-біріне қарама-қарсы. Ал әл-Фараби мәселені мүлдем басқаша қойған, ол мұсылмандық жолдағы ғұлама. Ол кісі Алла бір, Пайғамбар хақ деген түсініктен шықпаған ойшыл. Құран Кәрімге қарсы жазылған әл-Фарабидің еңбегі бар дегенді білмейміз, естіген де жоқпыз.
Ендеше, мұсылман ойшылын, ғалымын қалайша жеп-жеңіл, өзіміздің адасқан түсінігіміз бойынша философияға сала салмақпыз. Бұл әл-Фараби туралы жалпақ жұртқа жаятын ақпарат емес, ең бастысы шындық емес.
Философия – батысеуропалық ойлау жүйесі, батысеуропалық мәдениет феномені. Реті келген соң, айта кетейін, еуропалық Огюст Конт философияны ешқандай қажеті жоқ деп ғылым санатынан шығарып тастап, оның орнына социологияны енгізген. Бұл жалпақ жұртқа белгілі жағдай.
Тіптен, Фридрих Энгельс 1888 жылы жарыққа шыққан «Людвиг Фейербах неміс классикалық философиясының ақыры» деген еңбегінде Гегельмен классикалық философия аяқталды деген тұжырым жасаған. Одан әріде Карл Маркстың «маргиналдық философиясы» басталады. Философия Карл Маркстің айтуынша, пролетариаттың рухани қаруы. Масқара. Ал философияның қашан басталғаны үлкен дау, сондықтан оған тоқталып сөзімді созып алмайын, ол өз алдына бөлек тақырып.
Сонда айтамын ғой, әл-Фараби қайда, философия қайда? Әл-Фарабидің кім екенін ағылшын ғалымы Карен Армстронг «Құдайтану баяны» деген еңбегінде «Пәлсапаның негізін салушы түрік ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби» деп анық жазған.
Әл-Фараби пәлсапаның негізін қалаушы. «Пәл» – жақсы деген мағына берсе, «сапа» деген сапа, яғни жақсы, сапалы ойлау жүйесі деген мазмұндағы сөз.
Әл-Фараби – ғұлама, ғалым, данышпан, хакім, пәлсапашы.
* * *
Журналист сұхбаттасып отырған адамына:
– «Айтыңызшы, осы жұрт әл-Фарабиді «екінші ұстаз» дейді, сонда «бірінші ұстаз» деген кім?» деген сұрақ қойды.
– «Бірінші ұстаз Аристотель ғой» деген жауап алды журналист.
Иә, санамызға шегелеп тұрып енгізген стереотиптер тәуелсіз ойлауға кесірлерін әлі де тигізуде. Осындай теріс пікірлерге ұшырасып қалғанда Шәкәрім «Ноқталы ой» дегенді қолданған. Менің есіме қазақ тұрмысындағы «шідер» деген түсіп отырғаны. Мінезді жылқыларға ауа жайылып кетпесін деп шідер, тұсау салады. Шідер жылқының алдыңғы екі аяғын, оған қоса артқы бір аяғын қоса тұсайды. Үш аяғы тұсалған жылқы қайда кетпек.
Айтарым, қазақ халқының санасына дұшпандар шідер салып еді, тәуелсіздік ол шідерді алып тастады, бірақ біз әлі шідерлі қалыпта секілдіміз. Шідер жоқ, алайда «шідерлі ойлау» сақталған. Әйтпегенде деймін грек Аристотель қайда, мұсылман әл-Фараби қайда? Екеуінің арасында қандай байланыс бар. Әрине, ғалым ретінде әл-Фараби Аристотель еңбектерін қажетіне пайдаланған, ол қалыпты жағдай, біз немістің Иммануил Кантын оқып жатқан жоқпыз ба? Оқу бар, білім алу бар, бірақ бас иіп, ұстаз санау бір басқа.
Әл-Фараби қай мәселеде Аристотельді ұстаз санаған. Әңгіме басталған соң, түбегейлі айтқан жөн. Әл-Фараби туралы бізге жеткен ақпараттардан, оның Аристотельдің «Метафизикасын» зер сала оқығаны белгілі, сонымен бірге оның жанға қатысты трактатын отыз ретке жуық қайталап оқығаны туралы дерек бар.
Батыста ғалымдардың ақсүйегі атанған Ибн Синаның айтуынша, ол Аристотельдің «Метафизикасын» әл-Фарабидің бұл еңбекке жазған түсініктемесі арқылы ұғынғанын айтқан. Әл-Фараби, Ибн Сина, Аристотель еңбектерімен таныс болған, оқыған, оларға түсініктемелер жазған, бірақ Аристотельді ұстаз деп мойындап айтқан өздерінен шыққан сөз жоқ.
Ұстаз туралы түсінік басқа. Әл-Фараби мұсылман ойшылы. Демек, оның ұстазы да осы жолда болуы түсінікті. Осы жайды түсіндірейін.
Мұсылман әлемінде теңдесі жоқ қасиетті кітап бар, ол Пайғамбарларға Алла тағаладан түскен Құран Кәрім.
Құран пайғамбарға түсті. Ендігі жерде бұл кітап мұсылмандар және өзгелер арасында насихатталуы парыз. Насихатшы – пайғамбар, демек ол ұстаз. Мұсылмандар үшін бірінші ұстаз – пайғамбар.
Құранды ғылыми түсінікке салып, насихаттаушы, сол мақсатта сапалы ойлау тәсілін жасаушы (пәлсапа) – әл-Фараби, демек ол мұсылман әлеміндегі екінші ұстаз.
Сонымен сөзді жинақтай айтқанда, әл-Фараби ғұлама, данышпан, ойшыл, хакім, ғалым, бірақ философ емес және де оның бірінші ұстазы Аристотель де емес, Құран түскен Мұхаммед пайғамбар.
* * *
Әл-Фарабидің «Ғылымдардың шығуы» туралы трактаты бар. Сонда былай дейді: «білгейсің, субстанциялар мен акциденциялардан басқа және сол субстанциялар мен акциденцияларды жаратқан мәңгілік жарылқаушыдан өзге ештеменің жоқ екенін». Субстанция – зат, акциденция – қасиет. Заттар сансыз, қасиеттер тіпті сансыз. Соның бәрін Жаратушы бар. Жаратушыны ол кісі – «Хақ тағала» дейді. Хақ тағала тілімізде жиі қолданылатын – Алла тағала. Ол ғылымның шығуы туралы алдағы ойын тағы да нақтылаған: «Субстанциялар бар, акциденциялар бар. Енді осы субстанциялар мен акциденцияларды Жаратушы бар». Бұл дәрісте қолданылатын тәсіл.
Әл-Фараби: «Акциденцияларды сезім арқылы танимыз» – дейді. Яғни, акциденциялар бізге сезім мүшелері арқылы мағлұм болмақ. Ал субстанцияны қалай танымақпыз? Субстанцияны ақыл арқылы танимыз. Субстанцияны ақыл арқылы танысақ, ақылдан сезімнің айырмашылығы неде? Сезім сезіліп тұрады. Ақылда сезім жоқ. Ақыл – дерексіз. Абстракция. Ойша. Принциптік тұрғыда. Сонда ақыл бізге қайдан келеді, сірә Жаратушыдан. Тәжірибеге дейінгі ақылды бүгінде «априори» дейміз. Жаратушының ақылы қандай ақыл? Тәжірибеге дейінгі ақыл. Ақыл арқылы біз заттарды танимыз. Енді ақылдың дегенімен жүретін болсақ, ақыл бізді білімге, ғылымға алып келмек. Содан, ол кісі білім саласын жүйелейді:
- Есеп туралы ғылым. Бұл есеп туралы ғылым деген – сан. Бір, екі, .... он,... он бес... Сандарды қосу, алу, бөлу, көбейту. Сандарды ретімен алу. Есеп туралы ғылымды гректер – «арифметика» деген дейді.
- Өлшемдер туралы ғылым. Дүниеде неше түрлі өлшем бар: төртбұрыш, үшбұрыш, тікбұрыш, жазықтық, дене, нүкте. Мысалы, Евклид геометриясында екі сызық ешқашанда қосылмайды. Осының бәрін гректер «геометрия» деп атайды деген әл-Фараби.
- Жұлдыздар туралы ғылым. Бұл ғылымды гректер – «астрономия» дейді. Ол гректердің айтқанын әрі қарай түсіндірген.
- Дыбыстар туралы ғылым. Әуен. Ырғақ. Жоғары нота, төмен нота. Неге дыбыстар шығады? Өйткені дүние өзгерісте. Өзгерістегі әлем дыбыс шығарады. Сол дыбыстардың реті бар. Дыбыстар жайдан-жай шықпайды. Қандай нәрсе болмасын сол дыбыстардың ретіне байланысты аспаптар пайда болған. Әрқайсысының өзіндік дыбыстау ерекшеліктері бар.
- Табиғат туралы ғылым. Табиғатта төрт қасиет бар: от, су, ауа, жер. Соларға байланысты су дымқыл және құрғақ субстанциялар, акциденциялар көріне бастайды. Соған байланысты сегіз бөлімнен тұратын ғылымдардың жүйесі бар. Медицина, физика, навигация, агромәдениет, алхимия... Бұлар жаратылыстану ғылымдар жүйесін құрайды.
- Айналар туралы ғылым. Айналар туралы ғылым қоғамдық ғылым деген сөз. Айна деген – қоғам. Қоғам – осы отырған өзіміздің суретіміз. Біздің бейнеміз. Адам өз-өзіне айна болмаған кезде неше түрлі пиғылдар жасайды. Ешкім көріп тұрған жоқ деп ойлайды, ол қате қоғам деген айна. Мысалы, айнаның беті қисық болса, қисық көрінесің. Көмескі болса түріңді дұрыс көре алмайсың. Айнаның беті теп-тегіс болуы арман. Айнада бәрі көрінеді. Айнаның тегіс болуы – қоғамнан. Біз қалай болсақ, қоғамымыз сондай. Қоғам – біздің бейнеміз.
* * *
Әл-Фараби: ««Метафизика» деген ғылым бар, ол құдіретті ғылым» дейді. «Метафизика» деген физикадан кейінгі деген сөз. Аристотель «Метафизика» деген еңбек жазған. Дүние жүзіндегі барлық нәрсені түсіндіруші – физика. Альберт Эйнштейн: «физика астрономияның қарындасы еді, енді физиканың қарындасы биология» – дейді. Биология – тірі жүйелер физикасы. Физикадан асқан ғылым. Физикаға қажетті бір ғылым бар. Ол – математика. Математикасыз физиканы түсіндіре алмайсыз. Мысалы, кварк. Ол көрінбейді. Оны тек математикалық жолмен бар деп отырмыз. Оны математикалық жолмен ғана табуға болады. Математикасыз физика ешқашан алға баса алмайды. Математика қызмет етуші ғылым. Сонда әл-Фараби «метафизикадан кейін ғылым жоқ» – дейді. «Метафизика» деп отырғаны ол – пәлсапа. Физикалық тұрғыдан бір нәрсені нақты түсіндіресің, ал бір нәрсені ойша түсіндіресің. Нәрсені ойша түсіндіретін – пәлсапа. Ол ғылымдардың ғылымы. Бұл ғылым ең жоғарғы табиғи ғылымы метафизика немесе құдіретті ғылым деп аталады. Ғылым осымен тәмам.
* * *
Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған.
Құдіретті ғылым дегенде бұл кісінің айтып отырған метафизикасы Хақ тағалаға тікелей қатысты. Ал құдірет деген Алланың ғана қасиеті. Сонда ол кісі ғылым мен дінді бөліп отыр ма? Бөліп отырған жоқ. Біз Кеңес заманында: дінді ғылымға, ғылымды дінге қарсы қойдық. Ғылым мен дін әл-Фараби түсінігінде ажырап тұрған жоқ. Дүниеде субстанциялар мен акциденциялар бар. Бәрі метафизикамен бітеді деген керемет ой. Пәлсапамен ғылым бітеді. Пәлсападан әрі қарай басқа нәрсе кетеді, сірә, ол ғұламалық.
* * *
Ол кісі айтады: «осындай жағдайлардың бәрін жиынтықтап келіп, субстанциялар мен акциденцияларға атау қойдым» – деп, оны «тіл білімі» – дейді.
Екінші ғылым – грамматика. Грамматика сөздердің рет-ретімен орналасуы. Грамматика семантикалық жағынан алғанда – пәлсапалық пән. Өйткені грамматика деген атауларды реттеу. Сөйлемнің грамматикасы дұрыс реттелмесе, оның мағынасы айқындалмайды.
Үшінші ғылым – логика. Ол әлі танылмаған нәрсені танитын және не ақиқат, не жалған екені туралы пікіріміз тиянақ табатын тұжырымдар жасау үшін хабарлы сөйлемдерді логикалық фигураларға сай сапқа түзуге үйретеді.
Төртінші ғылым – поэтика. Аристотельдің «Поэтика» деген еңбегі бар. Поэтика деген өнерге қатысты. Субстанцияны түсіндіргенде мысалы, алма – субстанция, оның қызыл болуы – акциденция.
Ғарифолла ЕСІМ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик
P.S.Философияның орнына әл-Фараби негізін қалаған пәлсапа пәнін енгізсек, ойлау жүйеміз табиғи өріске шығып, тәуелсіз елдің тәуелсіз ой-санасы қалыптасуына аса зор мүмкіндік туар еді.
Пәлсапа ойлау жүйеміздің генетикасына сай, табиғи үйлесімді құбылыс. Хакім Абай айтқан толық адам осындай жағдайда қалыптаспақ.