Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Қазақстандық молдовандар «Менің Отаным – Қазақстан» фестивалін өткізді

640 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Достық үйінде  Қазақстанның «Стругураш» молдаван этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Менің Отаным - Қазақстан» дәстүрлі фестивалі өтті.

Қазақстандық молдовандар «Менің Отаным – Қазақстан» фестивалін өткізді

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттау, бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыруды мақсат ететін дәстүрлі шара  «Менің Отаным – Қазақстан» дөңгелек үстелімен жалғасын тапты.   

Дөңгелек үстелге жиналған қауым алдында сөз сөйлеген ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж. Түймебаев бүгінде қазақ өлкесінде тұрып жатқан молдаван халқының тарихымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы үлесі туралы айтып өтті. «Биылғы жыл ғұлама ғалым әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл,  ұлы Абайдың 175 жылдығы, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл сияқты маңызды шаралармен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы шаралардың мемлекеттік деңгейде аталып өтетінін әрі осы шараларды өткізуде Ассамблеяның үлесі зор екендігін атап өтті.  Ал молдован этномәдени фестивалі осы айтуылы шаралармен тұспа-тұс келіп отыр», деді өз сөзінде Ж.Түймебаев.  Сондай-ақ, ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Молдавияны азат етудегі бес қаһарман қазақтың ерлігі туралы айтып өткен Ж.Түймебаев олардың ішінде Қанаш Қамзин есіміне ерекше тоқталды. Бүгінде Анений Ной ауданы Гура-Быкулуй ауылында  Кеңес одағының батыры Қанаш Қамзинге мемориалдық тақта орнатылған.

Қазақстан жеріне молдавандардың алғаш келуі ХХ ғасырдың 20-шы жылдарымен тұстас келеді. Молдаван халқы өкілдері 1942 жылдың мамыр айына Ақтөбе облысына – 481, қазіргі Атырау облысына – 1295, Батыс Қазақстан облысына – 684, барлығы - 2460 адам күштеп қоныстанды. Қазіргі кезде Қазақстанда 14 мың молодован болса, олардың 2,4  мыңы Қарағанды, 1,6 мыңы Ақмола, 1,4 мыңы Ақтөбеде, 3 мыңы Алматыда тұрады.

Қазақстан молдавандарының өмір-салтына, еліміз дамуына қосқан үлесі жайына тоқталған «Стругураш» молдаван мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Т.Н.Елгелдиева өзінің қазақ отбасы туралы айтып өтіп, ұлтаралық татулық, ынтымақтастық мәселесін сөз етті.

Бүгінде еліміздің қорғаныс саласына мамандар даярлауға үлес қосып жүрген әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы, авиация генерал-майоры, әскери ұшқыш-снайпер А.Т.Старыш Қазақстанға келу тарихынан бастап, бүгінгі елдің дамуындағы қызмет барысына тоқталды. Қазақстанның әскери әуе күштерінің еліміздің бейбіт аспанын қорғаудағы әлеуеті, халықаралық байланыстар мен мамандар даярлау мәселесіне де тоқталды.

Мерекелік шарада Қазақстан румын-молдаван қауымдастығының құрметті төрағасы В.А.Васильев,  «Наири» армян мәдени орталығы қауымдастығының төрағасы А.М.Карапетян, Алматы ҚХА төрағасының орынбасары К.В.Мамсуров, «Ахыска» түрік орталығы төрағасының орынбасары Қ.Т.Қасымов сөз сөйлеп, молдаван халқының тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы ерен еңбегі, ықыласты пейлін жарқын мысалдармен өрбітті. 

Мәдени фестиваль «Әдеби әлем: адамдар, оқиғалар, фактілер» кітаптар көрмесін мен Еңбек сіңірген өнер қайраткері Михаил Грозаның жеке сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының жеке көрмесін, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың концертімен жалғасын тапты.

 

 

АЛМАТЫ