Сұхбат • 07 Ақпан, 2020

Берік Жүсіпов: Мен табиғатымды өзгертуге құштар жан емеспін

1009 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Берік Жүсіпов: Мен табиғатымды өзгертуге құштар жан емеспін

– Осыдан отыз жылдай уа­қыт бұрын «Жас алаш» га­зеті консерваторияның бір сту­дентінің алғашқы кітабы шық­қаны жөнінде жазды. Оңы мен солын айыра қоймаған студент түгілі кәнігі қаламгердің жинағы әзер жарық көретін за­манда бұл үлкен жаңалық бол­ған еді. Сол бала қазір жігіт аға­сына айналып, міне, менің ал­дымда отыр. Бүгінгі көзбен қа­рағанда «Мырзастағы жыр мек­тебі» деп аталатын сол тыр­нақалды туындыңызға қандай баға берер едіңіз?

– Адам ақжелең шағында түрлі «жетектің» ізінде болады. Қызық жайт, кейін әлгі нәрсе бейсаналы түрде сенің тағдырың болып шыға келеді екен. Бұл күнде аса көп бетін ашқым келмейтін, деректерін сүзіп алып қайта жазуды ойлап жүретін, бірақ соған мойыным жар бермей келе жатқан тырнақалды туындым «Мырзастағы жыр мектебі» деп аталатын өлкелік фольклортану мәселесіне арналған танымдық кітапша. Ол кезде он жетідемін, көңіл көкте дегендей. Демімізге піскен таба наннан кейін бір шөкім күйелеш күлшеге айнал­ды ғой. Десе де мені үлкен ғылымға алып келген кішкентай дүние сол. Бірақ оған қалай және не деп баға беруге болады? Менің ұғымымда ол да бір шақалақ сияқты нәрсе. Тек іштен шыққан «шұбар жылан» болған соң қимайсың.

– Сыр бойында жыршыларды «жырау» деп атау үрдісі қалыптасқан. Оларды көбіне сах­наға да солай шақырады. Бірақ белгілі өнер саңлағы бол­саңыз да өзіңізді жырау деп та­ныс­­тыра бермейсіз. Мұның себебі неде?

– Оның себебі өте көп. Кезін­де баспасөз бетінде де талай айт­қанмын. Бұл түйткілдің түйінді тұсын тағы бір түртіп өтуге болады. Біріншіден, жырау сөзі кел­меске кетіп бара жатқан ана­хронизм болғандықтан оны орынсыз қолдану да әбестік. Екіншіден, қа­зіргі сахнагерлерге лайық тер­меші, жыршы деген тәуір тер­­миндер бар. Бірақ бұл сөз та­қиямызға тарлау болып тұрған соң амал қанша. Үшін­шіден, әлем­дік фольклористикада салалы жырларды шы­ғармашылықпен жырлайтын эпик жыршы деген атау қалыптасқан. Негізі мұның бәрі айтушының репертуарлық ерек­шелігінен шығады. Бірақ қазіргі нөпірдің ғылым несін ал­ған. Сөздің жауапкершілігін тү­сінгендіктен саналы түрде әлгі титулдан қашатыным сол. Бас­тысы, жыршы жыраудан әл­деқайда бұрын пайда болған ескі тип еке­нін ескеру шарт.

– Жарайды, жырау болма­саңыз, болмай-ақ қойыңыз... Ал екі ауыз өлең құрай алатын өне­­ріңіз бар шығар?

– Мектеп бітірген жылы Ал­матыға бір қап өлең арқалап кел­генбіз. Сөйтсем бұл бақшада Маралтай дейтін дүлей жүр екен. Қазір біз тек оқырман қа­та­рындамыз. Алайда ет пен терінің арасындағы «желік» бойыңнан оңай шығып кетпейді екен. Кейде кәлланы түсініксіз бір­деңелер қысқанда қаламды бір шиырып алатынымыз бар. Әсіресе достық әзілге құрылған бірқақпайларға қамшы салдырмаймыз. Дегенмен ақындық пен композиторлық өнерді кәсіп етпедік. Қазақстандағы жүзден аса этникалық топтың музыкалық мұрасы жайында ғылыми еңбек жазған һәм соны бүге-шігесіне дейін білетін маман ретінде үйтіп-бүйтіп композитор атанып алуға да болатын еді. Бірақ оған арым жібермеді. Әйтпесе «Ескендір ең соңғы рет жиып есін: – Деді – анам, неге сонша күйінесің.  Бақиға белді бекем будым білем, Шарам жоқ иманымды үйіресің» деп басталатын хикая бізге тиесілі.

– Бесіктен беліңіз шықпай жатып добалдай магнитофон арқалап, ел аралапсыз. Қатар­лас­тарыңыз доп қуалап жүр­генде шал-шауқандармен сөй­лесіп, мұра жинапсыз. Жап-жас болып алып алдыңызға осын­дай үлкен мақсат қоюға баулыған кім еді өзі?

– Арнайы баулыған адам болғанда бұл кезде заманнан қара үзіп кетер ме едік, кім біл­сін. Соған қарағанда туған топы­рақтан жабысқан бірдеңе болар. Біздің жақты білесіз ғой, адамы да, табиғаты да қатқылдау. Сол ат аунап, түк қалған жерден жұққан икем бізге он екі-он үш жасымыздан бастап бейсаналы түрде мұра жинатты. Жиған-тергенімізді кейін әлем фольклористикасы қисындарымен салыстырып қа­расақ, онша көп жаңылыса қой­маппыз. Демек ішкі дүниеде бір белгісіз түйсіктің болғаны ғой. Бәлкім сөз басында айт­қан «жетек» сол шығар. Ақын Темір­хан Медетбек ағамыздың «Әуелде шал болып туған мен білетін екі адам бар. Оның бі­рі Әбіш Кекілбаев, екіншісі біз­дің Берік» дейтін сөзі бар еді. Сол рас-ау деймін. Мен жаз­­ға­ныңда балалық дәуір деген болып жарымады. Соған қара­ғанда Жаратушы дүние дидарына келгенде маған осы міндетті бірыңғай жүктеген болу керек. Әйтпесе не жыным бар, бесік­тен белім шықпай жатып ел ке­зіп фольклор жиғанша, жұрт қа­тарлы ақша жинап, мал жиып тып-тыныш жатпадым ба деп те қоямын кейде.

– Бойыңызда бірнеше өнер­дің басы тоғысқанын бі­леміз. Жыр­шылық пен зерт­теушілікті былай қойғанда өмір бойы тірнектеп мұра жинап келесіз. Оған қоса жазу өнері... Бұл қасиеттер бастауын қай­дан алады өзі? Тегіңізде бар нәрсе ме?

– Әкем Мырзалы ескі сөзге бейім көнеқұлақтың бірі еді. Атам Жүсіп қазаны оттан түс­пеген сахи әрі би болыпты. Әкесі Жақып пірге қол тапсырған со­фы, оның туған ағасы Төлеген шайыр, ал олардың әкесі Өтеулі ба­бам мыңғырған бай болыпты. «Сартай» дас­та­нын жазған Нұрмағамбет Қос­жановпен сегіз-тоғыз атадан қо­сылып, Дүйсем шалдың үш тар­мақ ұрпағы болып бөлінеміз. Ал Дүйсем ауылына сөз киесі қон­ған, оны біздің елдің есі кірген ба­ла­сына дейін біледі. Шешем Ұлмекен жағынан құлдилатсақ өз нағашым кішкененің Ашабай жолшарасынан шыққан «Сегіз қасқа». Ініңіздің қандай қасиет құрсауында тұрғанын осыдан-ақ шамалаған шығарсыз. Біздің елде осы аядағыларды «әрі жырау һәм бақсы» деп дәріптейді.

–  Өз басым сізді алғаш көрген кезде, неге екенін білмеймін, атақты «Қан мен тердегі» Кә­ленді көзіме елестеттім. Сол топырақтың перзентісіз. Әйте­уір маған екі тізесі ат құлағын қағатын кәдімгі дәу Кәленге бір қатысыңыз бар сияқты көрі­несіз де тұрасыз...

– Түптамырға дәл түсіп тұр­сыз. Әбдіжәміл Нұрпейісов деген Еңбек Ерін білесіз. Бабамыз Жа­қып софы Өтеулі баласының алғаны Оңаймолдақызы Зейнеп әжеміз бен Жүсіп атамның кем­пірі Злиха Смайылқызы Әбенің апалары. Әйтпесе бізді кімге тар­тып қалам ұстап жүр дейсіз. Әбе­нің арғы аталары «ақсақ бөрі» атанған Тойқожа батырдың Қалдан деген баласынан Арғын­бай мен Айдынбай, берісі Қыдыр көрген Сламбай, өз тегі болыс­ Нұр­пейіс шетінен шынжыр ба­лақ, шұбар төс, өңшең сен тұр, мен атайын дейтіндей мық­ты­лар. Нұртуған шайырдың Бәйімбеттің бөрілерін ұлықтап «...Сламбайдан Нұр­пейістей бала туып, шайқады дәулетімен жер мен көкті» дейтін сөзі бар емес пе. Сол Зейнеп әжем­нің әкесі Оңай молданың Мұра­тынан туған Көптілеу батыртап, барымташы кісі екен. «Қан мен тер» трилогиясындағы «Қален» деп жүргеніңіз сол, менің түп нағашым. Былайғы жұрт сенсе де, сенбесе де әңгіменің анығы осы.

– Халықтың қаны мен жанынан жаралған дәстүрлі өнер неге жетімсірей береді осы?­ Эстрада неге оның алдында еркін ойнақ салады? Жал­пы, бұл қасірет қашанға дейін созы­лады?

– Дәстүрлі өнердің дәурені өтіңкіреп тұр десем, былайғы жұрт күстаналауы мүмкін. Алай­­да ақиқаттың бетіне тура қа­рау керек. Сіз бен біз куә болып отырған ХХI ғасырда кез кел­­ген өлімші халдегі ағзаны реа­нимациялық тәсіл арқылы қайта тірілтіп алуға болатынын білесіз. Шынымен де халықтың «қаны мен жаны» деп есептейтін болса, билік басындағыларға дәстүрді қайта тірілту деген дым емес. Ол әрі ұзағанда белгілі бір дәстүрді тұтынып отырған өнер иесін қолдау. Ал эстрада жайында айтып ауыз ауыртудың қажеті шамалы, ол да өнер. Бірақ халық есін жиып, айналасына қарай бастаған кезде бармақ тістеп қалуы бек мүмкін. Сондықтан да бұл үдеріс халық қалағанша созыла береді, құқайдың көкесі әлі алда шығар деп қорқамын.

– Ана бір жылдары Сыр елі­нің мәдениет саласына же­тек­шілік жасадыңыз. Басшы Берік­тің жыршы Беріктен қан­дай айырмасы болды? Туған топырағыңызда қандай із қал­дыра алдыңыз?

– Ақыры барған соң туған топырақта қалу керек еді, оның ретін таптырмады. Біздің әуелде Алматыға келгендегі негізгі миссиямыз, яғни ғалым-сахнагер болу деген мақсатымыз осы кезде өз үдесіне жетіп жығылып тұр. Ендігі жерде аттың басын бұруды ойлап жүрген жайым бар. Шынымды айтсам, далада туған ұлдың қалада өлгісі келмейді. Ер туған жеріне, біздің жиған-тер­ген тәжірибеміз ендігі жерде Сырдың күрең топырағына қажет деп ойлаймын. Ал басшы Берік пен жыршы Беріктің арасында ешқандай да айырма жоқ, болмайды да. Мен табиғатымды өзгертуге құштар жан емеспін, кім болса да мені бөлшектемей тұтас қабылдасын. Біз күнбағыс емеспіз ғой түске дейін бір жақ­қа, түстен кейін мүлдем басқа ба­ғытқа қарап, меңірейіп тұра беретін. Сыр бойында менің ізім сайрап жатыр. Оны ықыласты адам руханияттың қай саласынан да көре алады, егер көзі болса. Өкініштісі, қазір Сыр бойында да әдеби-мәдени орта сетіней бастаған, қиыны осы.

– Елден естиміз... Сіздің ша­ңы­рағыңызда болмаған әнші, жыр­шы, күйші жоқ көрінеді ғой. Талай тума таланттар мен си­рек дарындар әулетіңізді ән-жыр­ға бөлепті. Соның ішінде ерекше есте қал­ғаны қайсысы?

– Гүлфайруздың оттан түспей­тін қара қазанының арқасында талай саңлақты төрімізге шығар­ғанымыз рас. Әсіресе алыс-жа­қын шет елдерден келетін сах­на­гердің бірталайы алатаңды біз­дің үйден атырды десем, ар­тық айтқаным емес. Мұндай жиындардың адамға берері көп қой. Өнер осындай барыс-келістің арқасында өседі. Бір жылы Қырғызстаннан қайтып келе жатып бір топ бақшысы мен жақсысы аралас топ менің Мамыр ықшам ауданындағы қуықтай пәтеріме сау ете түсті. Ортамызда өзбектің Шахберді деген дүлейі бар. Осы ереннің жаттағаны мен табан астында суырып салып айтатын жырының арасында мін жоқ екен. Мұндайды қазақта Мырзағали Ақжолов пен Жақсылық Елеусінов деген қасқалардан көріп едім. Айта­тыны жоқ, Шахаң таң бозарғанша ойқастады. Бір жылы қобызға қосылып жырлайтын қарақалпақ Жақсылық Сырымбетов келді. Бұл жолы оттың басында Әсия Мұхаметова бастаған музыкатанушылар тобы көбірек болды. Ой, жарықтығым-ай, қайдағы мен жайдағыны қозғап, қияғын олай да, былай да сермеп күңіренді-ау келіп. Несін айтасыз, ондай сәттерді тек көзбен көру керек. Есі бүтін адамға бұған жететін кәйіп жоқ. Менің қолымдағы екі мың сағатқа жуық аудио-видео жазбаны жинау кезіндегі өз құла­ғыммен естіп, көрген қыңыр шалдардың уақиғаларын айта бастасаң, онда бұл әңгіменің шетіне шыға алмаймыз. Сол үшін сөзді осы жерден сарқа тұрайық.

– Сізге киноға түсу жөнінде ұсыныс айтқандар болды ма? Ал егер айта қалса, түсер ме еді­­ңіз? Түр-тұлғаңыз тарихи фильм­­ге сұранып тұрған сияқ­ты ғой...

– Осы әңгіме жиі көтеріледі, бірақ соған өзім онша құлықты емеспін. Бір апамыз кино туындысына шақырып еді, ұсынған бейнесі айналама ұнамады. Тек Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы» фильмінен бас тарта алмадым. Бұл туындыда Бекең – Бекболат екеуміз сөз қайым­дасатын эпизод бар. Рүстем өз ісіне жауапкершілікпен қарай­тын маман ғой, шағын ғана көрі­ністі бір күн түсіргенін көріп, кә­дімгідей жүрегім шайлығып қал­ды. Соған қарағанда бұл да ме­нің қолым емес-ау. Оның үстіне астыма мінген түйесі құры­мағыр қайта-қайта шөгіп, әб­ден әбігерге түсірді. Жұрттың бәрі қыран-то­пан, «Беке, сені түйе көтере алмай жатыр» деп. Сөйтсем, жануарым цирктің түлігі екен. Бір жағым құз, келесі бет қалың әскер, қолда дом­быра, үстімде сауыт. Анау барпылдап, әр шөккен сайын құздан құлап кететіндей зәрем зәр түбіне кетумен болды...

– Егер сіздің жыршылық мек­­тебіңіз қалыптасса, оның қан­дай өзіндік ерекшелігі болар еді? Жалпы, мұның алғы­шарт­тары бар ма?

– Жеке орындаушылық қол­таңбам әлдеқашан қалып­тасып болды деп ойлаймын. Бала күнімде талайға еліктедім, сөйттім де есімді ерте жиып, өз сүрлеуімді іздей бастадым. Жиырма жастың төңірегінде ізде­генімді таптым. Бүгінгі күн биігінде тұрып айтсам, өзім­ді бейнеттің тертесіне жек­кеніме отыз жыл. Бірақ менің машы­ғымды көзсіз көшірген шә­кіртті тәрбиелеуден бас тартар едім. Өйткені біреудің шайнап бергені ас болмайды, болса да ұлтқа нәр бермейді. Ес білмейтін емшектегі сәби болса бір сәрі, әлгіндей нәрселерді жұтудың өзі жиіркенішті ғой. Ұлттық өнер­дің тамырына балта сілтеп келе жатқан тажалдың бір тамыры осында. Мен көргім келетін шәкірт полифункционалды болуы шарт. Өзім мақам атаулыны күбі піскендей жанын алып, киіздей қайта қарпып отырмасам, көңілім жай таппайтын адаммын. Сол үшін де калька шәкіртті жаным қаламайды. Арзан көшірмеден гөрі соның мүлдем болмағанының өзі игі. Сіз байқайсыз ба, қазір қазақ сахнасы бірінен екіншісі айнымайтын инкубатор орындаушыға толып кетті. Ізіме өзіндік қолтаңбасы бар бір ойлы шәкірт ерсе қанағат, ермесе оған да еш өкпем жоқ.

– Сіздің өнердегі ұстазда­рыңыз кімдер? Шәкірттеріңіз ше? Оны айтып отырғаным, ұс­тазс­ыз-ақ биікке ұмтылатын­дар, шәкірт­сіз-ақ жалпақ жұрт­қа өнеге көр­сететін өнер тар­лан­дары да бар­шы­лық...

– Біз тәлімін түйіп, батасын алған қара шалдардың тек атын атап шығу үшін кісіге бір арба жан керек. Есесіне, шә­кірт жағынан ұяттылаумын. Мысалы, менің шәкіртім дирижер Мүсілім Әмзе, домбыра­шы Бақытжан Дүйсенғазы, әнші Гүлмарс Аманбаева деп эпи­калық жыршылыққа қатысы шамалы өнерпаздардың атын шұ­бырта бастасам, былайғы жұрт түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ шындығы сол, бұлар мені ұстаз тұтады. Әр жерде осындай қыз-жігіттер бар, дені менің алдымнан тәлім алмаған тәліптер. Мен кез келген мамандық пәнінің мұ­ғалімін ұстаз деуге қарсымын. Шын ұстаз бен адал шәкірт өмір бойы бірін-бірі көрмей, танымай өтуі де мүмкін. Есесіне «бір төмен, екі жоғары» деп ежіктеп отырған мұғалім ұлық ұстаз болып есептелмейді. Ол тек жалақы алып, жалданып отырған адам. Мен үшін өте шартты нәрсенің бірі осы. Ал бұрынғы далалық дәс­түрде ұстазы мықтының ұста­нымы да мықты болыпты. Бұл өзі асықпай, бір өзін жеке толғайтын шекесі торсықтай тақырып. Мен айтып отырған екіжақты байланысты қайта жаңғырту үшін көп нәрсені өзгертуге тура келеді. Бі­рақ оған қазіргі «ұстаз» бен «шәкірт» атанып жүргендер һәм қоғамдық сана дайын ба?

– Домбыраңызды қалай бап­тайсыз? Қай шебердің домбырасын тартып жүрсіз?

– Домбыра мен дауыс баптау дегенді түсіне бермейтін қазақпын. Оным дұрыс па, әлде бұрыс па, әзірге ол жағына бас қатырып көргенім жоқ. Бір кезде домбыра дүкенде сатылатын. Сондай қарапайым аспаптың бірін алып, тұтынып, сонымен-ақ талай жерді шарла­дық. Еңбек пәнінен сабақ бере­тін Әбілхайыр деген мұғалім қақ­пағын аппақ майлы бояумен сырлап, бетін үңірейтіп ойып берген әлгі домбыраның суреті сақталыпты, кейін соның қайда қалғанын да білмеймін. Студент кезімде тұтынған Жақсылық деген шеберден алған тәуір домбырам бар еді, соны бір зытқыр інім қалап алып, ақыры зым-зия қылды. Содан кейін көп жыл домбырасыз жүрдім. Жолаушыға жасатқан бір жақсы аспапты аюдай қорбаңдап жүріп, абайсызда марқұм Жарқын Шәкәрім сындырып тастады. Пойыздың үстінде келе жатыр едік, мен бір аялдамада тыныс алуға жерге түскенмін, Жүрсін Ерман жа­назасын оқып қойған екен, мен купеге кіріп келгенде «...домбыраңнан айрылдың, бекем бол!» деп көңіл айтты. Иілген басты шабасың ба, қиналсақ та тәуір домбыраның бірімен солай қоштастық. Қазір қолымда жүргені Қарақалпақстанның жидесінен шабылғанына жүз жылдан асқан, Жақас қожадан қалған қозықұйрық домбыра. Бұл қасқаның дыбыс бояуына тең келетін аспапты әлі кезіктіре алмадым. Өкінішке қарай мінезі қыңыр, ол да адам сияқты, кейде қитығып қалады. Ердос деген інім жасаған және бір домбырам бар. Күйім тасығанда сол екеуін кезек қағамын.

– Өз репертуарыңызды саралап, жиған қазынаңызды түген­деп көрдіңіз бе? Онда Сыр елінің мұрасынан басқа жәді­герліктер де жеткілікті шығар?

– Негізі қандай өнерпаздың да өнердегі негізгі барометрі репертуары болуы тиіс. Әнші айтатын әнін, актер сомдаған образын, суретші салған картинасын, жыршы білетін жырын, күйші тартатын күйінің есебін білсін. Өйткені өнерпаздық деңгей тек репертуармен өлшенеді. Он алты жасымда бір күн, бір түн жырлайтын репертуарым бар еді. Қазір тыңдайтын сауатты құлақ пен орта жоқ, несін жа­сы­­райын, соның салдарынан сөз қоры шөжіп бара жатыр. Оған қоса көп уақытымды жазу жұмыстары жұтып жатыр. Мен қолдан келгенше барлық өлкелік ерекшеліктерді қамтитын әндерді репертуарлық қорыма кіргізіп, айтып жүрген орындаушының қатарындамын. Марқұм Жәкең – Жәнібек Кәрменов ұстазымнан Арқаның біршама әнін игерсем де әзірге тек сол өңірді айтпай жүр екенмін. Репертуарды меңгеріп алған соң жарыққа шығару үшін де тоқсан толғанып жүріп алатын жаман әдетім бар. Әзірге Алла сол өңірдің ғана сәтін келтірмей тұр.

– Қолыңызда ұшан-теңіз билік болса, өз салаңызға қан­дай жаңалық әкелер едіңіз?

– Осыған дейін мен араласқан қай сала болсын жаңалықтан құралақан болған жоқ. Әли арыс­тан сияқты «тұтқасын көрсетсе дүниені орнынан бір айналдырып қояр едім» деп астамдық жасай алмаймын. Олай етуге ерекше дүм керек. Жалпы біз биография­сы сәйкес келсе де, география­сы сәйкес келмей жүрген қасқамыз. Жаңалық атаулыны абайлап жа­самаса да болмайды, оның ақы­ры басыңа таяқ болып тиеді. Өйт­кені мына біздің қоғамда мүл­гіп отырған, жаңалыққа жа­ны қас үлкен кісілер көп. Онд­айдың небір құқайын көріп келе жатырмыз ғой. Сол үшін, жаңағы сіз айтып отырған нәрсе қолға ти­ген жағдайда жұрт қатарлы жа­ңалықсыз-ақ жүре берген жақсы сияқты, кейде. Есесіне құлағың тыныш, ұйқың бір қалыпты, өзің де өзгеден дараланбайсың һәм өмірді де сәл ұзақтау сүруің мүмкін.

– Балаларыңыздың ішінде жо­лыңызды қуғаны бар ма?

– Жол ұстағысы келгендері болды, әрине. Бірақ менің халтураның қас жауы екенімді олар да жақсы біледі. Сол үшін ептеп аяқ тартқан шығар. Қазір ерік берсең болды, екінің бірі желігіп, сахнада ойнақ сала беретін әуейілердің заманы. Бұл тарапта мен онша демократ емеспін. Алайда болашақ жары мен мамандық таңдауда оларға еркіндік берілген. Адам баласы ішкі түйсікпен, суық ақылмен, елде жоқ байыппен кіріспесе мұның екеуі де күрделі мәселе. Әйтпесе баланың үлкені домбыра, ортаншысы гитара, кішісі фортепианода әжептәуір ойнайды. Арпа ішіндегі «бір бидайым», жалғыз түйір қызым көзін тырнап ашқаннан сурет салды, бірақ онысын кейін азайтты. Қазір математикамен бас қатырып жүр. Бір кезде Сәбит Мұқанов шығармаларынан оқығаным бар еді, Абайға дейінгі қазақтың байлары мен атақтылары «руымыздан ақын, бақсы шыққан жоқ» деп мақтанып отырады екен ғой. Бұл өнер дегеннің көп сырыңды шашып айта беруге болмайтын осындай да имплицид қасиеттері бар. Шынымды айтсам, қазір мен де Сәбең ақасақалдың сөзінің жақтасымын. Ұрпағымның жолымды қумағанына бір мысқалдай да өкінбеймін. Есесіне сіз олармен кез келген тақырыпқа сөйлесіп көрсеңіз, тояттап қайтасыз. Үй­рену һәм жирену осыдан артық болады деп есептемеймін. Жалпы музыка әркімнің бойында бір қасиет есебінде жүруі тиіс. Мұны арнайы мамандыққа айналдырамыз деп қой қазір көп нәрсені былықтырып алып жүргеніміз.

– Бүкіл болмысыңызды бір- ауыз қанатты сөзбен түйіндей аласыз ба?

– Менің айтқан әнімді құр­меттейтін Есағаң – Есенғали Рау­шанов ағамыздың «Бір басында екі адамның өнері, бойында бес еркектің буы бар деп біздің Берікті айтуға болады» дегені бар еді. Түйіннің көкесі осы дуалы ауыздың лебізі шығар.

 

Әңгімелескен

 Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»