Экономика • 07 Ақпан, 2020

Түйе өсірмей, тірлік өнбейді

652 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінің тұрғындары ағарғанның төресі – қымыран мен қымызды жыл бойы тұтынады. Ұлттық сусынның қасиетін жақсы білетіндер үшін ауылдан да, қаладан да табылады.

Түйе өсірмей, тірлік өнбейді

Ауылдағылар өзінен артыл­ғанын қаладағы қымызханаларға өткізіп пайда тапса, үшінші мегаполис Шымкентте ауласына бірнеше бие мен түйе бағып, сүтін саудалап отырған отбасылар да баршылық. Яғни, жұрттың ағарғанды күнделікті тұтынуына мүмкіндік бар, артығымен ала кеткіңіз келсе сатушының сүт толы ыдысы дайын.

Бірнеше рет қолданылып, «айналымда» жүретін осы «бак­лашка-ыдыстан» өзгелерді қайдам, Түркістан өңірі құты­ла алар емес. Қымыз бен қымы­ран­нан бөлек, аулаларда ауыл­дың айраны мен сүтін, қаймағын саудалайтындар да таза­лығы күмәнді осы ыдысты пай­даланады. Айтайын дегені­міз, «айналымдағы баклаш­ка» туралы емес, түйе мен бие сүтін өңдеп, тұтынушыға сапалы өнім ұсынуы тиіс заманауи зауыт жөнінде еді. Иә, Түркіс­танда түйе мен бие сүтін өңдей­тін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосыл­ғанда жұрт қуанған-ды. Түйе сүті­нен дайын ұнтақ өнімін шығара­тын зауыттың құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жыл­дың желтоқсан айында ашылды. Зауыттың тәулігіне түйе сүтін өңдеу қуаты – 100 тонна. Он­да құрғақ сүт, балалар таға­мы және энергетикалық сусын­дар әзірленетінін айтып, сүйін­шілеген де болатынбыз. Бұл жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қа­дамында сүт және сүт өнім­дері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту мін­детін іске асыру аясында атқарыл­ғанын да айтқанбыз. Зауыт­тың жалпы құны 7 миллиард 456,5 миллион теңге екенін, алғашқы кезеңде 170 адам жұмыспен қамтылатынын да жаздық. Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен аталған кәсіпорынға 5,5 гектар жер телі­мі бөлініп, мемлекет есебінен ин­фра­құрылым бойынша барлық жағдай жасалған жобаға жұмсал­ған қаржының 98 па­йызы қы­тайлық инвестицияның үлесінде екенін, өндірілетін өнім­нің басым бөлігі Қытай, Өз­бек­стан және Қырғызстанға экс­порт­талатынын да мәлім еттік.

Алайда, іске қосылғаннан бері тұрақты және толық жұмыс істемеген аталған зауыт бүгінде тоқтап қалмаудың амалын жасап келеді. Яғни, толық қуатында жұмыс істей алмауда. Себеп жал­ғыз – шикізат мүлдем аз.

Тәулігіне 100 тонна сүт өңдеу­ге қауқарлы «Golden Camel Group LTD» ЖШС бүгінде 2,5 тоннаны қанағат тұтуда, амалсыз. Кәсіп­орын басшылары бұл кө­лем көк­темде көбейе түсетіні­нен үміт­ті. Аз сүтті өңдеуге 100-ден ас­­­там адам жұмылдырылған. Шы­ға­­рылған өнім, яғни түйе сүті­нің құрғақ ұнтағы қоймаға жинақ­талуда екен. Естуімізше, кейін­нен Қытайға жөнелтіледі. Зауыт­тың толық өндірістік қуатын қам­тамасыз ету үшін облыста кемінде 50 мың сауын түйе болуы керек екен. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде Түркістан об­лы­сындағы түйе саны – 32 167 бас. Яғни, тағы 37 276 түйе сатып алу керек. «Golden Camel Group LTD» өз тарапынан түйе шаруашылығының дамуына мүдделі, сондықтан олар түйе еті мен жүн өңдейтін цехтарды іске қосуды көздеп отыр. Сондай-ақ зауыт жылына 365 күн нарықтық бағамен және келісімшарт ар­қылы сүт сатып алуға дайын. Деректерге қарағанда облыс бо­йынша 20 тауар өндірушімен келісімшарт жасалған, тәулігі­не 6 тонна түйе сүті жиналуда. Кәсіпорын сүттің литрін 935 тең­геден қабылдауда екен. Түркістан облысы Кәсіпкер­лер пала­тасының директоры Дін­мұхамед Әбсаттаровтің айтуынша, зауыттың іске қосы­луына байланысты, өңірде түйе сүтіне деген қажеттілік артқан. Шұбаттан ұнтақталған сүт өнімін шығаратын жалғыз кәсіпорында шикізатты уақтылы жеткізу өте өзекті мәселе. Бір тонна сүт ұн­­­тағы өндірісі үшін 16 тонна шикі­зат қажет. Бұл орайда, Кәсіп­кер­­лер палатасы ауыл шаруа­шы­­­лығы басқармасымен бір­ле­­сіп, аймақта түйе санын кө­бей­­ту бағдарламасын әзірлеп жа­тыр екен. Сонымен бірге пала­та ауыл­шаруашылық несиелеу инс­титутының қолдауымен несие беру және кепілдендіру бағ­­дар­ламаларын іске қосу ар­қылы «Қарапайым заттар эконо­ми­ка­сы» бағдарламасы бойын­ша түйе шаруашылығын дамы­туға қаражат бөлуді ұсынып отыр. Сондай-ақ түйе сатып алушылар үшін «Еңбек» нәтижелі жұ­мы­с­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу керек. Яғни, «АШҚҚҚ» АҚ үшін несие сомасын 8000 АЕК-ке дейін жеткізу маңызды. Мамандардың айтуынша, жалпы өңірде тәулігіне өндірілетін сүт мөлшері 39,4 тоннадан аспайды, оның зауытқа 4-5 тоннасы ғана жеткізіледі. Яғни, фермерлердің өз өнімдерін тұрақты және кепілдендірілген басқа да сатып алушылары бар.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуын­ша, зауытты түйе сүтімен қам­та­масыз ету үшін өткен жылы түйе басын көбейтуге, қызы­ғу­шы­лық білдірген тауар өндіру­шілердің тізімі жасалған. Түйе санын көбейту үшін несие алуғ­а ниет білдірген 10 түйе ша­руа­шылығына бизнес-жоба да­йындалып, оның ішінде «АгроНұр Азия» – 100 млн тең­геге (80 бас), «Бижан» шаруа қожа­лығы – 40 млн теңге (32 бас), «Жел мая» – 140 млн теңге (112 бас) қар­жы­лан­дырылған. Соны­мен қоса «Аг­рар­лық несие кор­по­ра­циясы» АҚ, «Оңтүстік» ЖШС өңірлік инвести­ция орталығы және тағы басқа қар­жы ұйымдары басшыларына, са­тып алынған түйелерді кепілдікке қою және қаржыландыру мәселе­­сін шешу бойынша ұсыныс жаса­­­лып­ты. Тауар өндірушілерге «Қара­па­йым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында жеңіл­дік­пен несие алу жолы да түсіндіріл­ген. «Golden Camel Group LTD» ЖШС-нің қысқа мерзім ішінде қуатын арттыру үшін облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары жасалынды. Жоспарға сәйкес, Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында биылға қосымша 3962 інген сатып алынып, соның нәтижесінде өндірілетін сүттің көлемін 14 250 тоннаға яғни 15%-ға арттыру жоспарымызда бар», дейді басқарма басшысы Н.Бадырақов. Былтыр аудандарда 5 сүт қабылдау бекеті ашылыпты. Алдағы уақытта көр­шілес Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының тауар өн­діру­шілерімен кездесулер ұйым­дастырып, түйе басы көп шо­ғыр­ланған облыстарға сүт қабыл­дау бекеттерін орнату жоспар­ланған. «Өткен жылы қыркүйек­те Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай еліне жасаған ресми сапарында екі ел арасында экспортталатын сүт өнімдеріне және жүн шикізатына қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Осыған байланысты түйе сүтінен дайындалған 10 тонна дайын ұнтақты экспортқа шығару жоспарлануда. Кәсіпорынның үз­діксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «1000 басқа арналған сауынды түйе кешенін салу» жобасын іске асыру қолға алынып, бизнес-жоспары дайындалуда», дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ түйе шаруашылығын дамыту үшін көршілес облыстардан және облыстағы түйе шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілердің, қаржы ұйымдары басшыларының қатысуымен ауқымды семинар-кеңес ұйымдастырылмақ.

Осылайша өнімін әлемнің озық медицинасы мойындап, өркениетті елі мақұлдасып жатқан түйе малын көбейтуге оң қадам жасалуда. Түйе шаруашылығының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, өңірдің эко­номикалық әл-ауқатына оң әсер ететіні анық. Қазақта «түйе – ке­дей­дің малы» деген де сөз бар. Бас­қа түлікке қарағанда оның күй тал­ға­майтын артықшылығына бай­­ла­нысты айтылса керек. Де­ген­мен, өкінішке қарай, осы «ке­­дей­дің малы» әзірге өңірде кө­бей­­мей, тәулігіне 100 тонна сүт өң­­дей­­тін ірі зауыттың тірлігі де өнбей тұр.

 

Түркістан облысы