Абай • 07 Ақпан, 2020

Абай сыны

1175 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай қазақтың қай кезде де рухын көтеріп, ұлылығымен дәнекер болып келеді. Биыл да қазақты қанаттандырып, қабырғалы ел екенімізді көрсетіп отыр.

Абай сыны

Ендігі жерде біз дара да данышпан ақын­нан қандай тағылым алуымыз керек деген ой көш басында тұруы тиіс. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйсініп еді? Сол сүйсінген ісінен үйре­не алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?» деген сұрақтарға әрқайсымыз өз ісімізбен жауап бере алсақ, қане!

Иә, алдағы күрмеулі сұрақтарға түймедей болса да, жауап бере алсақ, ұтылмас едік, ұтар едік. Тиянақты жұмысымызбен көрінсек, той деп дуылдамай, бәрін ой тереңінде қорғасындай қорытып, нәтижесі бәрекелді дегізсе, артымызда жақсы үлгі, сабақ алар сөз қалары анық.

Айта бергеннен абырой келмейді, жұрт жалығып кетуі мүмкін. Бұл да ойланар тұсымыз секілді.

Жақсының шарапаты қашанда ұрпағына нұр болып құйылады, сәуле болып төгіледі, шашу болып шашылады.

Биылғы Абай жылы да осындай ерекшелігімен көрінері хақ.

Жақсының шарапаты дегеннен ой өрбітіп, сәл кейінге шегініс жасасақ дейміз. Өткен ғасырдағы, бес жылға созылған сұрапыл соғыс біткен жылы, тамыз айында (1945жылы) дара да дана данышпанның жүз жылдығы аталып өтілгені тарихтан мәлім.

Жақындарынан, аяулыларынан, сүйікті­лерінен айырылып, жаралы келгендердің тілеуін ті­ле­ген жұртымыздың үлкен-кішісін сол Абай то­йы серпілтіп, сергітіп, е, тәубе тәңірім дегіз­ге­нін көне көздердің аузынан талай естідік. Сол көне көздер Абай мен Жамбылдың жырларын  жат­қа ай­тып отыратын. Абайдың сыны бойынан көрін­­ген­дерді тексіз дегенге дейін барушы еді. Көп қазақ­­тың төрінде Абай шығармалары тұратын.

1961 жылы жарық көрген, ата-аналарымыздың қолынан түспейтін «Абай Құнанбаев» деген өрнекті ақсары кітап әлі күнге дейін біздің де серігіміз болып келеді.

КСРО күйреп, еліміз азаттығын алып, аумалы-төк­пелі заманның арасынан өз жолымыз­­ды із­­де­ген кезде, тағы да Абай рухы дем берді. 1995 жы­лы бұлар қайтер екен деп басбаққан сұғанақ сұқ көздердің алдында іргелі жұрт екенімізді көр­сетіп, әлемдік деңгейде тұңғыш рет ақынның 150 жылдық мерейтойын өткіздік.

Бұрын өзгеге сүйенбесе түгі жоқ деп, түңіліп жүргендер «Қазақ та адам баласы» (Абай) дегенге көздерін жеткізіп, көңілдерін иландырды. Төрткүл әлемнен келгендер алғаш рет қазақтың ұлттық болмысын, тағамын, тартуын, салт-санасын, әдет-ғұрпын көріп, терең тарихынан мол мағлұмат ұғып, байтақ даламызға көз салып, ұлысын ұлықтай алатын ұйтқылық қасиетімізге бұл неткен керемет деп таңдай қақты.

Енді міне, Абайдың 175 жылдық тойы елордадан бастау алды. Бұл той алдымен қазақтың бағы болумен бірге, Абай өнегесіне адал болуды әрқайсымызға жүктеп отырғаны айдай ақиқат. Бұл істе ең алдымен Абай айтқан, Мемлекет басшысының бағдар мақаласында дәйектелген – бес асылды танып қана қоймай, оны бұлтақсыз орындау міндеті мойнымызға ілініп отыр. Орындамаған ұтылады, ұтылып қана қоймай қақпанға түскен қабандай тұтылады.

Бір танысым: «Той қарсаңында Абайдың өлеңдеріне ой жіберіп, қара сөзіне үңілсем, қазақты сынағаны етімнен өтіп, сүйегіме жетті», деп «Атаны бала аңдиды,ағаны іні, Итқорлық немене екен сүйткен күні. Арын сатқан мал үшін ант ұрғанның, Айтқан сөзі құрсын, шыққан үні. Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып... Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілімен қулық сауған заңы құрсын. Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір, Өз үйінде шертиген паңы құрсын», «Саудасы – ар мен иманы, Қайрат жоқ бойын тыйғалы, Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғаны. Өлімсіз іске шеп-шебер, Майданға түс­пей несі өнер. Сиырша, тойса мас болып, Өреге келіп сүйкенер. Күлмеңдеп келер көздері, Қал­жыңбас келер өздері. Кекектеп, секек етем деп, Шошқа туар сөздері», «Құйрығы шаян, беті адам, – Байқамай сенбе құрбыға! Жылмаңы сыртта, іші арам, Кез болар қайда сорлыға», «Мал мен бақтың дұшпаны, Кеселді пысық көбейді. Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді... Бұл сөзімде жалған жоқ, Айтылмай сөзім қалған жоқ, Абайлаңыз, байқаңыз – елдің жайы солай-ды», деген өлең жолдарын оқып, осыдан сабақ алсақ деген ойын білдіріп, Абайдың философиялық тұжырымдарының ерекше тұстарына бойлап, оны «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ», «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?» деген жолдардағы байламдар қатты ойға қалдыратынын атап, ендігі жерде Абай әлемін өзі ғана – бойлап қоймай, ұрпағына да ұқтырсам деген ниетін көлденең тартты.

Оның сөзін көкейдің көп таразысына өлшей келіп, Абайды ұққан «құл» ұлт ұлы, жұрт кісісі болмай тұра алмас деген тұжырымға табан тіредік.

 

Сүлеймен МӘМЕТ