Аймақтар • 07 Ақпан, 2020

Ауыл мектебі апатты жағдайда тұр

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Алматы облысында 3 ауысымда оқытатын мектептер мәселесі өткір тұр. Қазір 38 білім шаңырағына оқушы сыймай отыр. Әзірге 6 мектептің құрылысы басталған. Қалған 32 ғимараттың қашан салынып бітерін нақты айту қиын. Бірақ осы үш ауысымды мектептерді жоюға жаппай жұмылу ауылдық өңірдегі білім ошақтарының апатты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын да ұмыттырып жіберген сыңайлы.

Ауыл мектебі апатты жағдайда тұр

Мысалға, Сарқан ауданының Екі­аша ауылындағы орта мектептің жағ­дайы сын көтермейді. Бұл туралы жа­қын­да Парламент Сенатының жалпы оты­рысында депутат Ләззат Сүлеймен мә­лім­деді. Еліміздің Білім және ғылым ми­нис­трі Асхат Аймағамбетов пен Ден­саулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор «Екіаша орта мек­тебі» коммуналдық мемлекеттік меке­месінің ғимараты 1969 жылы қол­да­ныс­қа берілгенін айтып, әлі күнге дейін жөндеу көрмегеніне тоқталды.

– Біздің елімізде 50 жыл бойына ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған мектеп ғимараттары бар. Өкінішке қа­рай, соның бірін сайлаушылармен кез­десу кезінде көзімізбен көрдік. Екі­аша ауылындағы мектеп 1969 жылы салынған. Қазір мұнда 433 оқу­шы негізгі білім алса, 34 бала мектеп­ке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мек­теп­тің өзі 960 оқушыға арналған екен. Осы уақыт ішінде, яғни, жарты ға­сыр­да мектепке бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оның үстіне, мектеп таулы аймақта орна­ласқан. Көне ғимарат орналасқан ауыл сейсмикалық қауіпті аймаққа кіреді. Ата-аналар кез келген табиғи апат жағдайында бала өміріне қатер тө­не­­тініне алаңдаулы. Мектептің жағ­дайын 2018 жылы комиссия тексер­ген. Сараптама қорытындысын жаса­ған. Күрделі жөндеу жүргізу туралы сметалық құжат та дайындалыпты. Бірақ жергілікті әкімдік бұл құжатты тоқтатып қойған. Жақын арада мемлекеттік сараптаманың уақыты бітеді, демек Екіаша ауылындағы мектепті жөндеу жұмысы да қайтып көтерілмеуі мүмкін, – дейді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Жалпы, облыста мектеп салу ісі тоқ­таусыз жүріп жатыр. Былтыр білім саласы бойынша басталған 23 нысан құрылысының он жетісі мектеп ғимараты екен. Назардағы нысанның үшеуі пайдалануға берілген. Қалған мектеп ғимаратының құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс, іске қосылатын нысанның саны – 20. Осы мақсатқа 7,9 млрд теңге жұмсалып отыр.

 – Үш ауысымды мектептердің санын азайту біздің басты міндетімізге айналды. Биыл жобаға енгізілетін мектеп құрылысының санын көбейтеміз. Жеке инвестиция есебінен де мектеп салуды ынталандырамыз. Қазір 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауын аяқтап, пайдалануға береміз. Өкінішке қарай, 3 ауысымды мектеп санын биыл отыз сегізден отыз екіге дейін ғана төмендете аламыз, –  дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Іргетасы құйылатын білім ошақ­та­ры­ның бірі Талдықорған қаласының 8-шағын ауданында орналаспақ. Ғима­рат 1200 орынға лайықталып жо­ба­ла­нып­­ты. Ал қала маңындағы Коттедж қала­шығына 900 оқушы білім алатын мектеп салынбақшы. Бірақ 2 мектеп те алдағы жаңа оқу жылы бас­тал­ғанша салынып үлгермейді екен. Өйткені құрылысқа жауапты Тал­дықорған қаласының әкімдігі әлі жо­ба­лау жұмыстарын да жүргізбеген.

 

Алматы облысы