Саясат • 07 Ақпан, 2020

Кадрлық резервтегілер елорда әкімдігіне қызметке кірісті

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасақталған Президенттің кадрлық резервіндегі жас мамандардың алғашқы легі жаңа қызметтеріне кірісіп үлгерді. Берісі қалалық әкімдікке шақырту алса, әрісі корпорация басшыларының кеңесшілері болып тағайындалды.

Кадрлық резервтегілер елорда әкімдігіне қызметке кірісті

Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының кешегі төрағасы Дәулет Кәрібек бүгінде «Нұр-Сұлтан қаласы жас­тар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы кадрлық резервтегі алғашқы қадамын өңірлерден бастамақ болғанын айтты.

Жамбыл облысы Сарысу ауданының тумасы математика сыныбында оқыса да, тарих пен әдебиетке қызығып өскен. Жастар саясатына келуі де осымен байланысты болса керек. «Теледидардан көріп өскен елордаға арман қуып кел­дім. «Тұран» университетінде саясат­тану мамандығын тәмамдадым. Елор­даға келгелі республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жастармен араласа бастадым. Елорда еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен келген жастардың бас қосып, достасуына жағдай жасайды. Сөй­тіп, солтүстіктің қызымен отбасын құрдым. Мемлекет астанасы жалынды жастардың өзін көрсетуге, мақсатына жетуге жол ашады. Президенттің кадрлық резерві де жастар үшін үлкен мүмкіндіктердің бірі деп білемін. Өйт­кені бағдарламаға мемлекеттік қызметте жұмыс істегендерден бөлек, мемлекеттік қызметке қатысты өзіндік көзқарасы қалыптасқан, идеялары бар түрлі мамандық иелері қатыса алады. Бақ сынаушылар қатарында жеке кәсіпкерлер, тіпті техникалық мамандық иелері де болды. Ал бұл оларға өздерін мемлекеттік қызмет саласында сынап көруге, ескі жүйеге жаңа леп беруге жол ашады», дейді жас маман.

Дәулет қазіргі мүмкіндік пен ашық­тықтың заманында біреудің көмегіне сену, қолдау күтуді намыс көретінін де жасырмады: «Жобаның барлық кезеңдерінен ешкімнің көмегінсіз өзім өттім. Менің ата-анам 40 жыл мұғалім болып қызмет еткен, қазір зейнет демалысында. Барлығы ашық әрі әділ болды деп сеніммен айта аламын. Онлайн тапсырғандықтан бюрократия дейтін тежеуіштер де болмады. Қазір біреудің көмегіне жүгінуді намыс санаймын».

Nur Otan партиясында да өңірлерді дамыту жұмыстарымен айналысқандықтан жобадағы сұрақтар Дәулетке жеңіл болған. «Сұрақтар, шыны керек, мен үшін қиын болған жоқ. Нәтижесін білгеннен кейін біздерге таңдау мүмкіндігі берілді. Әртүрлі құрылымдардан хабарласты. Мен өңірлік бағытын таңдадым. Сегіз баланың жетіншісі болғаннан ба маған әлеуметтік саясат, өңірдегі мәселелер қашан да қызық. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі ұсынысын білдіргенде қуана қабыл алдым. Мемлекеттік қызметті жас­тар саясатынан бастау да мен үшін ерекше мәртебе. Сондықтан жастар сая­сатынан бастауды жөн көрдім», дейді Д.Кәрібек.

«Мен үшін бүгінгі ең басты мәселе жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін сезіндіру. Көптеген жақсы жоба іске асырылып жатыр, ресурстық орталықтар бар, қанша мемлекеттік бағдарлама болса да, жастардың бұдан хабары аз. Бұл, әлбетте өздігінен ізден­бейтін жастардың, ақпаратты дұрыс жеткізбейтін мамандардың салдарынан туып отыр. Сонымен бірге түрлі жобаларды қолға алып білім алуға, еңбек етуге құлықсыз жастардың санын азайту да бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Жаңа жобалар арқылы олардың әлеуметтенуіне жағдай жасау жоспарда бар. Жастарды айтқанда студенттерді ескермеу мүмкін емес. Өйткені елорда жастарының жартысы – студенттер. Сондықтан олардың бос уақыттарына, қоғамдық өміріне, әлеуметтік жағдайына бей-жай қарамауымыз керек. Отбасы мәселелері де біздің назарымызда. Ажы­расуды азайтуды да негізгі мақсаттың бірі ретінде көріп отырмыз. Өйткені отбасы бақытты болған кезде Отанымыз да берекелі болмақ. Осы тұрғызда ажырасу себебін іздеп, бұл сұрақты шешуге арналған қолдауды күшейтпекпіз», деді Жастар саясаты мәселелері басқар­масының басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде жоғары қызметке ұсынылған жастардың бірі – Лаура Демесінова. Ол «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төр­ағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Лаура Демесінова: «Асығы алшысынан түскен 300-дің арасында болу мен үшін мақтаныш. Өйткені іріктелгендер тізіміне ену халық үшін қызмет етуімізге, мемлекетімізді одан әрі дамытуға зор үлес қосуға мүмкіндік береді. Ел болашағы – жастар десек, кадрлық резервке ену осы жолда аянбай тер төгуге артылған сенім», дейді.

«Әлеуметтік, корпоративтік салада бұған дейін бірнеше жыл қызмет еттім. Сондықтан сүйікті қаламдағы әлеу­меттік-кәсіпкерлік салаға үлесімді қос­қым келді. Жаңа қызметімде жас­тар мен әйелдер кәсіпкерлігі мен инно­­ва­цияның ілгерілеуіне үлес қо­самын деп сенемін. Түрлі әлеуметтік топтармен жұмыс істеп, «Болашақ» бағ­дар­ламасының түлектерін білгенімен бөлісуге, кәсіпкерлерге жаңа идеялар мен жігер беру үшін көбірек тарту жос­парда бар. Егер республикамыздағы барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациялардың жұмысына назар аударсақ, олар әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруда. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі аталған корпорациялар кішігірім кәсіпті үлкен бизнеске айнал­дыруға мүмкіндік береді деп білемін. Бұл саладағы білімім мен тәжірибем еліміздің бизнес, инновация, кәсіпкерлік саласына үлесімді қосуға мүмкіндік беретініне сенемін», дейді Лаура Демесінова.

Өткен аптада резервшілермен кездес­кен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов президенттік кадрлық резервтің меритократия принципіне сәйкес келетін жастарға арналған әлеуметтік лифт екенін айтып өткен еді. Елорда әкімі қызметіне кіріскен жастарға мемлекеттік аппараттың негізгі міндеттерінің бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, жедел және тиімді жұмыс істеу, шешім қабылдай білу екенін де жеткізді. Алтай Көлгінов «білім амбициядан жоғары тұруы керек», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тағы бір еске салды.