Аймақтар • 07 Ақпан, 2020

Шымкентте коммуналды қызмет тарифтері көтерілмейді

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Шымкентте коммуналды қызмет тарифтері көтерілмейді

Қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен брифингке департамент басшысының міндетін атқарушы Сәлима Бопова, табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Айгүл Шолпанова, қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз 2020 жылға арналған коммуналды қызметтердің тарифтері бойынша қысқаша айтып өтті.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан коммуналды қызметтер тарифтерінің өсуі жоспарланған еді. Бірақ департамент Шымкент қаласы әкімдігімен және табиғи монополиялар субъектілерімен бірге тұрғындар үшін тарифтер өсімін тежеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Табиғи монополия субъектілері тұрғындар үшін тарифтерді төмендетуге және 2019 жылдың деңгейінде қалдыруға шешім қабылдады. 2020 жылы тұтынушылармен тарифтердің көтерілуіне жол берілмеудің нәтижесінде 2,32 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделеді», дейді Департамент басшысының міндетін атқарушы Сәлима Бопова.

Яғни, 2020 жылға сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, жылумен жабдықтау қызметтерінің тұрғындарға арналған тарифтері өзгеріссіз, 2019 жылдың деңгейінде қалдырылып отыр.

«2019 жылы 585 арыз-шағым түскен. 212 шағым бойынша 32 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 53 әкімшілік айыппұл салынып, 32 нұсқама берілген», дейді аталған департаменттің бөлім басшысы Айгүл Манапқызы.

 

           

 

Шымкент