Қазақстан • 09 Ақпан, 2020

«Ғасыр дерті»: Алматы еліміздің аллергиялық астанасы ретінде танылды

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Дәрігерлер аллергияға шалдыққандардың 80 пайызы Алматыда тұрады дейді. 

«Ғасыр дерті»: Алматы еліміздің аллергиялық астанасы ретінде танылды

«Алматы - Қазақстанның оңтүстік астанасы ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның аллергиялық астанасы болуы мүмкін» деді Республикалық аллергия орталығының жетекшісі Тайыр Нұрпейісов Алматыда журналистермен кездескен кезде. 

Дәрігердің түсіндіруінше, мұның себеп-салдары тым көп. Жаз ұзақ, қыс қысқа. Қыс, суық мерзімінің қысқа уақытпен шектеліп қалуы өсімдіктерде аллергияны қоздыратын нано-бөлшектердің мүлдем қурап кетуіне жол бермейді. Қыстан қурап қалмай, көктемге жеткендерінің өздері адам бойындағы аллегрияны қоздырып жіберетін нүктені ашып жіберуге жарап тұр. Сонымен бір мезгілде адам бойындағы аллергондардың көзін ашып, қоздырып жіберетін жусанның 20 түрі Алматыда өседі.

«Алматы мен Алматы облысында жусанның 20-дан астам түрі гүлдейді. Олардың көпшілігі бізде ғана гүлдейді. Егер жусан стратегиялық ресурс болса, онда Алматы Куала-Лумпур болар еді. Тозаң өте құбылмалы, нанобөлшектері бар, тозаң қар еріген соң да ауаға түсе  алады» деді аллерголог.

Мұның бәріне  не істеу керек екендігі және өсімдіктердегі нанобөлшектердің ауаға тарап кетпеуінің алдын қалай аларымыз әзірге белгісіз. Еуропада аллергияға шалдыққан адамдардың құқын қорғайтын жұмыс топтары, қоғамдық қорлар бар. Олар көгалдардың, газондардың орнына адамның денсаулығына әсер етпейтін тастар төселсін, қоғамдық орындарға гүл егудің алдында оның құрамындағы аллергондардың құрамын тексерсін деп талап қойып жатады. Себебі Алматыдағы гүлзарлардың басым көпшілігі айналасына көрік беріп, қуаныш сыйласа, екінші бірінің аллергондарын қоздырып, тынысын тарылтып жатады. Есітуімізше, мұндай заң жобасы біздің елде де қарастырылып жатқан көрінеді.

Сонымен бізде зардап шегушілердің көпшілігі интернеттен «жусан аллергиясын емдеу» үшін ақпарат сұрап, интернеттен ем іздеп, аллергияны емдеуді жөн санайды.

Әзірге аллергиядан құлантаза айығып шығуға мүмкіндік беретін ем түрі жоқ.  ХХ ғасыр аллегерияны «ғасыр дерті» деп тіркеді.

ХХI ғасырда да дерттің бұл түрі өзінің «ерекше мәртебесінен» айырылып қалған жоқ. Алматы соның көш басында тұр.

 

АЛМАТЫ