Әбу Насырдың «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. Көрнекті неміс шығыстанушысы Морис Штейншнейдер де (1816-1907) бұл жайлы өз еңбегінде атап көрсеткен. Ағылшын арабисі Д.Марголиус те (1858-1940) «Екінші ұстаздың аталған трактатты жазғанын айта келіп, оның жоғалып кеткеніне қатты қынжылған. 1970 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың Азия және Африка бөлімінде Италияның «Ориэнто модерно» (қазіргі Шығыс) атты журналын қарап отырып, одан арабист Артур Дж.Арберридің (1905-1969) 1936 жылы Үндістанға барған сапарында осы елдің ұлттық кітапханасынан («Индия оффис лейбрари») әл-Фарабидің «Өлең туралы трактатының» табылғанын хабарлағанын оқыған едім. Ол кісі трактат көшірмесінің XVІІ ғасырға жататынын, сөйтіп оның әлі күнге дейін Үнді ұлттық кітапханасында сақтаулы екендігін айтқан. Әл-Фараби шығармаларының басым көпшілігі әлі де араб тілінен аударылмай, зерттелмей жатыр. Астрономия, логика, әуез жайлы еңбектері де күні бүгінге дейін терең зерттеле қойған жоқ. Ал кездейсоқ қолға алған зерттеушілер болса, оларды тек шет пұшпақтан ғана қарап жүр. Әбу Насырдың көптеген туындылары дүние жүзі кітапханаларында сақтаулы, бізге беймағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру – зор міндет.
Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Насырдың өмірі мен шығармаларын ортағасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол бүгінге дейін жалғастырылып келеді. Осы ретте араб және парсы тілдерінде жазған Ан-Надим (X ғ.), әл-Байһақи (X ғ.), Джамал ад-дин әл-Қифти (XІІІ ғ.), Хаджи Халифа (1657 ж. қ. б.) және тағы басқалардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
XІХ ғасырдың орта тұсынан бастап әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы көптеген Еуропа ғалымдарының назарын ерекше аудара бастады. Әл-Фараби ілімімен жақсы таныс болған, одан көп үйренген Маймонид (1135-1204), Рождер Бэкон (1214-1294), Леонардо да Винчи (1452-1519), Спиноза (1632-1677) тағы басқа көптеген Батыс Еуропа ғалымдары Отырар перзентінің өмірі мен еңбектерін арнайы зерттеген.
Мәселен, өткен ғасырда неміс ғалымдары И.Козегартен (1792-1860) мен Г.Зутер (1848-1922) әл-Фараби жөнінде арнайы еңбектер жазған. Немістің екінші бір көрнекті ғалымы Фридрих Диетерици (1821-1903) 1888-1904 жылдардың өзінде-ақ «Әл-Фарабидің философиялық трактаттары» деп аталатын жинақты жарыққа шығарған. Оған әл-Фарабидің бірсыпыра философиялық шығармаларының арабша текстері мен олардың неміс тіліне аударылған нұсқалары енген.
Үшінші бір неміс ғалымы Карл Брокельман (1863-1956) 1886-1937 жылдар арасында «Араб әдебиетінің тарихы» деп аталатын бірнеше томдық био-библиографиялық еңбегінде Әбу Насыр шығармашылығына да орын берген. Сондай-ақ Америка ғалымы Дж.Сартон (1884-1950), түрік ғалымдары А.Сайылы мен Х.Үлкен (1950 ж.) фарабитану ғылымымен шұғылданған. 1950 жылы Түркия жұртшылығы Әбу Насыр әл-Фарабидің қайтыс болғанына 1000 жыл толуын үлкен салтанатпен атап өткен. Түрік ғалымдары әл-Фараби мұрасының едәуір бөлігінің арабша текстерін түрікше, ағылшынша аудармасымен қоса жариялаған.
Америкадағы Питтсбург университетінің профессоры Николас Решер де әл-Фараби және оның шәкірттерінің ғылыми мұрасын зерттеумен айналысқан. Н.Решер ұзақ ізденіс нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде «Фараби. Аннотацияланған библиография» деп аталатын аса құнды еңбегін жариялаған. Мұнда мың жыл бойында әл-Фараби жөнінде кім не жазды, әл-Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды деген мәселелерге баса назар аударылған.
Француз ғалымы Рудольф Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фарабидің аса үлкен, әрі терең мағыналы «Музыканың үлкен кітабы» атты трактатын француз тіліне, өзге де ғалымдар неміс, ағылшын тілдеріне аударды. Мұның өзі әл-Фараби мұрасын іздестіру, аудару, бастыру, зерттеуде шетел ғалымдарының да айтарлықтай еңбек сіңіріп отырғанының айғағы болса керек.
Әбу Насыр әл-Фараби сияқты ірі тұлғаның өмірі жайында жаңадан табылған жазба деректер де жоқтың қасы. Мұны осы күнгі араб, парсы, түрік ғалымдары Әбу Насырдың ешкіммен араласпай, өмір бақи жападан жалғыз өмір сүргенімен байланыстырады. Сондықтан да біз үшін ұлы ғұламаның тұстасы болмағанымен, одан екі-үш ғасыр кейін ғұмыр кешкен Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһаки (1099-1170), Шамс ад-дин Әбу-л Аббас Ахмед Ибн Халликан (1211-1282), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) секілді бас-аяғы үш-төрт шежірешінің ұлы ғұлама жөнінде жазып қалдырғандары таптырмас қазына.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әл-Фараби мұрасын жан-жақты зерттеу бізде де үрдіс алды. Мәселен, Мәскеу мен Алматының һәм Ташкенттің ғалымдары әл-Фараби еңбектерін орыс, қазақ, өзбек тілдеріне аудару жұмыстарын қолға алды. Әл-Фарабидің пәлсапалық, математикалық, саяси-әлеуметтік, логикалық және поэзиялық еңбектері орыс, қазақ, өзбек тілдерінде жарық көрді. Әл-Фараби мұрасын зерттеу ісіне В.Бартольд, Е.Бертельс, Б.Ғафуров, С.Григорьян, В.Зубов, А.Иванов, А.Сағадеев, Ю.Завадовский қатысты.
Отырар өркениетінің дәуірлеу кезінде өмipгe келген Әбу Насыр әл-Фарабидің туған Отаны Қазақстанда ұлы ойшылдың мұраларын жинастыру, зерттеу жұмыстары (Э.Кольманның «Большевик Казахстана» журналының 1942 жылғы 24-санында жарияланған «Великое наследие» атты зерттеу еңбегін айтпағанда) нeгізінен фарабитанушы ғалым А.Машанов пен Қазақ КСР Fылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының директоры Н.Ахмедованың 1960 жылғы 15 қарашада Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаевқа Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын ғылыми іздестіру, жинастыру, көшірмелеу, аудару, зерттеу жұмыстарына байланысты көмек сұрап жазған хатынан басталса керек.
Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеу ісіне көп еңбек сіңірген фарабитанушы ғалымдардын бipi, бipeгeйi, ҰFA-ның корреспондент-мүшеci, философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Қасымжанов едi.
Оның Әбу Насыр әл-Фараби философиясының сипаты мен мағынасын, ондағы парасат тұжырымдамасының орнын анықтап жіктеген «Оймен ұғынылған дәуір», «Әл-Фараби дүниетанымындағы парасат мәселесі» атты еңбектері фарабитануға косқан үлкен үлес.
Ол кісі «Қазақ Совет энциклопедиясы» авторларының бipi ретінде «Араб философиясы», «Әл-Фараби», «Голланд философиясы», «Fылым», т.б. ғылыми түсініктемелер іспетті құнды дүниелер жазды. Көрнекті философ-ғалым Анзор Ивановпен бipгe өткен XX ғасырдың 70-жылдары Чехославакияда Әбу Насыр әл-Фарабидің логикалық трактаттарын Қазақстанға алып келіп, ұлы ғұлама туралы рухани құндылығымызды байытты.
Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, А.Көбесов, Қ.Жарықбаев және тағы басқалардың бастамасымен 1968 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан Фарабитану тобы құрылды. Оны кезінде А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, М.Бурабаевтар басқарды. Олардың жетекшілігімен Әбу Насырдың ғылыми мұрасын табу, тәржімалау, жарыққа шығару, микрофильмдер түсіріп, фотокөшірмелер жасап, зерттеу секілді біраз игілікті істер атқарылды. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ғылыми конференциялар өткізілді.
Ағын Қасымжанов олардың («Философиялық трактат», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Логикалық трактаттар», т.б.) алғы сөздері мен түсініктемелерін жазды.
Фарабитанушы ғалымның тағы бip елеулі еңбегі Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде 1993 жылы ашылған «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығын басқаруы еді. Ағын қайтыс болғаннан кейін бұл орталықты қызы Анель Әзімхан басқарды.
Анель де әке жолын қуып фарабитанушы философ ғалым болды. Мәселен, оның «Әл-Фарабидің философиялық тартуы» деген еңбегі отандық және шетелдік шығыстанушылардың пікірінше ғылыми-философиялық ойдың алыбы Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниетанымын тұтастай талдауға арналған аса құнды ғылыми дүние. Ал «Әр түрлі өркениеттер тоғысы жүзеге асып жатқан жердің рухымен азықтанған (Анель Әзімхан)» Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми-философиялық дүниетанымын зерделеуге кез келген ғалым-философтардың қарым-кабілет, ой дастаны жете бермесі анық.
Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын жан-жақты, жоспарлы түрде іздестіру, жинастыру, зерттеу және оны ғылыми айналымға енгізу жұмыстары кеңестік заманда Қазақ КСР Fылым академиясының философия құқық институты қызметкерлерінің күшімен, академик Ш.Есеновтің жетекшілігімен жүргізілді. Ол кезде Қазақстанның Ғылым академиясы КСРО Ғылым академиясының құрамдас бөлігі болғандықтан, оның ғылыми ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеу, үйлестіру, халықаралық ғылыми форумдар мен конференцияларды өткізу, ғылыми мамандарды даярлау, т.б. жұмыстары Одақтың Fылым академиясымен тығыз байланыста жүргізілген еді. Әрине мұндай ғылыми үйлесімді байланыстың Қазақстан ғылымы үшін пайдасы зор болды. Осы одақтық үйлестірушілік байланыста Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұраларын ғылыми-іздестіру, ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-тәржімалау мақсатында ұйымдастырылған шығармашыл ғылыми ұжымның тарихи ғаламат еңбектерінің арқасында ұлы данышпанның есімі алғаш рет өзінің туған Отаны Қазақстанға, одақтас республикаларға кеңінен танымал бола бастады.
А.Көбесовтің «Әл-Фараби» (Алматы, 1971) және «Математическое наследие аль-Фараби» (Алма-Ата, 1974), А.Қасымжановтың «Аль-Фараби», (Алма-Ата, 1974), сондай-ақ «Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар» (Алматы, 1975, 418 бет (жинақ), С.Сатыбекованың «Гуманизм аль-Фараби» (Алматы, 1975), «Аль-Фараби о разуме и науке», (Алма-Ата, 1975) (жинақ), А.Л.Казибердовтің «Сочинения Абу Насра аль-Фараби в рукописях Института востоковедения АН УзССР». (Ташкент, 1975), «Возвращение учителя. О жизни и творчестве Фараби» (жинақ) (Алма-Ата, 1975) іспетті т.б. кітаптар оқушылармен қауышты.
Москвада «Әл-Фараби. Научное творчество. Сборник статей». (Москва, 1975, 191 бет), Ташкентте М.Хайруллаевтың «Фараби. Эпоха и учение» атты монографиясы (1975 жылы, 351 бет) жұртшылықты қуанышқа бөледі.
1975 жылы Алматыда «Рауан» баспасынан біздің «Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-филологиялық зерттеу)» атты еңбегіміз жарық көрді. Онда қазақ даласының ғылым қуған дана перзенттері, соның ішінде Отырардан шыққан 11 Фарабидің өмірі мен шығармашылығы да ғылыми айналымға енгізілген. А.Ивановтың «Учение аль-Фараби о позновательных способностях», (Алма-Ата, 1977), жазушы Әнуар Әлімжановтың Москвада «Возвращение учителя или повесть о скитаниях Абу Насра Мухаммеда ибн Мухаммеда ибн Тархана ибн Узлаг аль-Фараби ат-Турки» (Москва, «Советский писатель», 1979, 239 бет), Ә.Дербісәлиевтің «Әл-Фарабидің эстетикасы» (Алматы, 1980) және «Фарабитану арнайы курсы» (Алматы, (1980), А.Қасымжановтың «Абу Наср аль-Фараби» (Алма-Ата, 1982), «О логическом учении аль-Фараби» (жинақ) (Алма-Ата, 1982), Е.Жәнібековтің «Әл-Фарабидің физикалық көзқарасы» (Алматы, 1983) т.б. көзайым болды.
Әл-Фарабидің философиялық, математикалық, саяси-әлеуметтік, тарихи-философиялық, музыка мен поэзиялық және т.б. трактаттары орыс, қазақ тілдеріне аударылды және «Социальные, этические и эстетические взгляды аль-Фараби» (Алма-Ата, 1984) секілді жекелеген еңбектер де халыққа жетті.
1991 жылы Кеңес Одағы күйреді. Еліміз тәуелсіздік алды. Республикамыздың жоғары оқу орындарының көшбасшысы Ұлттық университетімізге әл-Фараби аты берілді. Көп ұзамай онда әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Оны кезінде А.Қасымжанов және Ә.Дербісәлиев, А.Қасымжановалар басқарды. Қазір оған профессор Ж.Әлтаев жетекшілік етуде.
Ұлттық университет ұлы ғалым мұрасын зерделеуге арналған 1994 жылы «Әл-Фарабидің шығыс халықтарының ғылымы мен мәдениетінің тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Баяндамалар «Әл-Фараби және рухани мұра» деген атпен сол жылы жарияланды (Жалпы редакциясын басқарған Ә.Дербісәлиев, А.Қасымжанов). Университет алдына ұлы ғалымның ескерткіші қойылды.
Осы жылдары сондай-ақ М.Бурабаевтың «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» (Алма-ата, 1991), «Аль-Фараби. Избранные трактаты», (Алма-Ата, 1994) атты еңбектері сүйіншіленді. 2000 жылы Алматыда академик Ә.Нысанбаев бастаған ғалымдардың ұйымдастыруымен «Наследие аль-Фараби и мировая культура» атты халықаралық конгресс өтті. Баяндамалар мен мақалалар сол жылы «Наследие аль-Фараби и мировая культура: материалы международного конгресса» Наследие аль-Фараби и мировая культура» (Алматы, 2001, 475 бет) деген атпен жұрт қолына тиді.
Әл-Фараби мұрасын зерттеу ісі осымен тоқтаған жоқ.
Ұлы ойшылдың туғанына 1130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция оның туған жері Отырарда да ұйымдастырылды. Материалдары «Ғұлама. Ойшыл. Ұстаз. Әл-Фарабидің туғанына 1130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2001, 215 бет)» деген атпен кітап боп шықты.
2004 жылы түрік ғалымы профессор, доктор, проф. Йашар Айдынұлының Анкарада шыққан «Farabi» атты еңбегі (Yaşaz Aydinli. Farabi. Istanbul, 2008, 190-бет) Қазақстанға жетсе, 2005 жылы «Әлемдік философиялық мұра» сериясымен «Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы» атты (Алматы, 2005, 556 бет) ұжымдық жинақ жарияланды (Құрастырғандар Т.Ғабитов, Ғ.Құрманғалиева, сарапшы С.Нұрмұратов).
К.Тәжікованың «Абу Наср аль-Фараби. Книга букв» (Алматы, 2005) атты дүниесі де өз бағасын алды.
Көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед Сирияға арнайы барып, ұлы ғалым зиратына тағзым етті. Сол сапары жайлы қазақ, орыс тілдерінде танымдық, көлемді зерттеу мақала жазды.
2006 жылы еліміздің бір топ зиялылары (академик Т.Қожамқұлов, Ә.Құртаев, Ж.Нұсқабаев, Н. Жұмашев) менің жетекшілігіммен Сирияда болып, ортағасырлық тарихшы Ибн Халликан жазғандай Дамаскідегі «Баб ас-сағир» қабырстанындағы Отырардың ұлы перзентінің зиратына туған жер топырағын салдық.
2007 жылы Сирияда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен болды. Делегация құрамында мен де болдым. «Бас ас-сағирде» Елбасы ұлыға тағзым жасап, құрмет көрсетті. Арнайы қызығушылық білдіріп, кесене (мәдени орталығы да бар) салдыртты. Ол биыл ашылса керек.
Оңтүстік Қазақстан әкімдігі 2007 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектерін насихаттау және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған «Әлем таныған Отырар азаматы» атты халықаралық ғылыми-конференция өткізді.
2008 жылы академик Ә.Нысанбаевтың ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты трактаты тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып жарыққа шықты (Әбу Наср әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. Алматы, 2008, 751 бет).
2009 жылы Алматыда әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен университеттің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Баяндамалары «Әл-Фараби: Философия. Мәдениет. Дін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары» деген атпен жинақ болып басылып шығып, жұрт назарына ұсынылды.
Отырар ауданының әкімдігі 2010 жылы күзде (қыркүйек) ұлы ғалым мұрасына арналған тағы бір халықаралық конференция өткізді. Сөйтіп елімізде және өзге де мемлекеттерде әл-Фараби мұрасына деген қызығушылық бәсеңсіген емес. Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінің бірқатарын мен де әлемдік кітапхана, архивтерден, музейлерден, жеке кісілердің қолынан іздеп тауып, ғылыми айналымға енгіздім.
Қазақстандық фарабитанудың қалыптасуы мен дамуына әр кезеңде үлкен үлес қосқан Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлі, Ә.Нысанбаев, А.Көбесов, К.Жарықбаев, С.Қ.Сатыбекова, A.M.Кенесарин, Г.Қоянбаева, F.Құрманғалиева, А.Тәукелов, Ғ.Сапарғалиев, А.Уразбекова, Н.Сейтахметова, А.Қасымжанова, А.Иванов, т.б. есімдерді атап өту парыз.
Сондай-ақ Қазақстанда фарабитану жұмысына басшылык, жетекшілік жасаған академиктер Қ.Сәтбаев пен Ш.Есеновтің есімдерін ерекше атау керек.
Ал Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Отырарда Асантай Әлімовтің ұйымдастыруымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ашылып, Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы Зернук-Оксус-Уасидж және Отырар алқабындағы басқа да ортағасырлық қала жұрттары археологиялық ескерткіш ретінде қорыққа алынып, археологиялық қазба, қайта жаңғырту, ғылыми-зерттеу, мәдени ағартушылық жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін біз қоғам, мемлекет қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековке, атақты археолог ғалымдар К.Ақышевке, Л.Ерзаковичқа, К.Байпаковқа, М.Қожаға, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бұрынғы директоры Әуелхан Есжановқа үлкен алғыс айтуға тиістіміз.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей пәрменімен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Абдулла Жұмашевтың негізін қалап, ұйымдастыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2011 жылғы 3 наурыздағы №43 қаулысы, облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен 18 наурызда тұңғыш рет «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ашылды. Мұражайдың құрылуы мәдени мұрамызға, әлемде теңдесі жоқ ұлы ойшыл ғұлама, заманымыздың Аристотелі, жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби құндылықтарына деген құрмет.
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Жоғары мектеп ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор