Сұхбат • 10 Ақпан, 2020

Аружан Саин: Атқарушы орындардың жауабына күмәнмен қараймын

371 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Аружан Саин: Атқарушы орындардың жауабына күмәнмен қараймын

– Аружан, Қазақстанның бала құқы­ғы жөніндегі уәкілі болып та­ғайын­­дал­ғаныңыз қоғам үшін күт­пеген, оқыс шешім секілді әсер қалдыр­ға­ны рас. Себебі биліктің ортасынан емес, қауым­ның өз ішінен келген соң солай қа­былдаған болармыз. Әйтсе де бұл қыз­метке сізді балалармен жұмыс істе­ген ұзақ жылғы тәжірибеңіз жетектеп әкел­генімен ешкім дауласа қоймас. Бұл сала­да мәселе де, қиындық та көп. Сіз өзі­ңізге жүктелген көп міндеттің ішінде ең бастысы деп қайсысын алабөтен ата­ған болар едіңіз?

– Кез келген мемлекеттің басты міндеті – әлеуметтік жағдайы немесе денсаулық әлеуетіне қарамастан, бала­лар­дың толық дамуы үшін жан-жақ­ты жағдай жасау. Елімізде, әсіресе ден­сау­лық сақтау, бі­лім және әлеуметтік қор­ғау салалары­на байланысты шешімін тап­паған мәселелер өте көп. Балалардың құ­қығын қорғаудың тетігі мен жолдарын жаңалап, қалыптастыру, жүйеленген бір­қатар қиындықтардың шешімін табу бірінші кезектегі мәселе болып тұр. Қа­зақс­тан Республикасында балалардың құқығын қорғау бойынша кімнің уәкіл бол­ып тағайындалатынына қарамастан, бұл тетік кедергісіз жұмыс істеуі тиіс. Егер реті­мен айтсақ, балалардың денсаулығы басты орында тұр.

Балалардың жаны мен тәнін жас­тай мүгедектікке ұрындырудың алдын алу баланың денсаулығы мен өмірін қорғау­ды, дені сау ұлт өсіруді қамтамасыз етеді. Бұл дегеніңіз болашақта балалар мүге­дек­тігіне апарып соқтыратын ауруларды уақы­тында анықтау, диагноз қою, емдеуді ерте бастан қолға алу, сауықтыру деген сөз. Бүгінде денсаулығында кінәраты бар ба­ла­ларды сауықтыру мен қалпына келті­рудің жолдары ескірген, әр баланың өмірі жеке қарастырылмаған әрі сырқат бала­лардың сұранысына жауап бере алмайды. Бүгінгі бұл жүйе Денсаулық сақ­тау министрлігі, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі секілді үш бөлек ведом­ствоның қызметіне негізделген. Сол себепті жүйені дұрыс құру үшін ма­ңы­зы зор дайындық жұмысын сауат­ты жүргізу міндетіміз. Ең бас­­ты­сы, ден­саулық, әлеуметтік қорғау және білім күштерін біріктіре отырып, жүйені халықаралық стандарттарға сай құру керек. Медициналық-әлеуметтік-педагогикалық сауықтырудағы ведомствоаралық қарым-қатынасты ретке келтіру қажет. Уәкілдің қызметі бір адамның көзқарасына және оның командасының қайрат-жігеріне ғана байланысты емес. Оның жұмысы мемлекеттік қызмет, қоғамдық ұйымдар, дәрігерлер, педагогтер, ата-аналар мен айналасына сергек қарайтын адамдармен, яғни әрқайсымызбен – Қазақстанның барлық ересек азаматтарымен тығыз байланысты.

– Өзіңізге де белгілі, үйлесімді әрі ке­шенді бала тәрбиесі біздің қоғам­да­ғы өткір мәселе күйінде қалып ке­леді: бүкіл спорт секциялары, өнер үйір­мелері, тіп­ті жай ғана сабақты қосым­ша оқу дегеннің бәрі де ақылы және арзан тұрмайды. Осы жағдайға сіздің ұйы­мыңы­здың ықпал ету мүмкіндігі бар ма?

– Ілгеріректе бағдарламамда айтып өткенімдей, кез келген елдің басты капиталы – адамдар, яғни бұл – саналы, мақсатқа жету жолында талпынысы зор, бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін қажетті күш, қуат, қаржы бүгін жұмсалуы тиіс балалар. Өз қабілеті мен мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістікке жетуі үшін оларға барлық жағдай бүгін жасалуы тиіс. Спорт, мәдениет және ғылым – суицидтің, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, болашақта қылмыс санының азаюының, келешекте азаматтардың денсаулығына аз шығындалудың ең бастысы алдын алу шарасы болмақ. Сондай-ақ бұл жастардың білі­мі мен тәрбиесін кешенді шешудің, қо­ғам­­ның моральдық-психологиялық ахуа­лын дұрыс қалыптастырудың да амалы.

Бұл жерде де қолданыстағы жастар мен балалар саясатына түбегейлі өзгеріс жасау қажет. Қазақстандықтардың жас буыны өз таланты мен арманын жүзеге асыруды бүгіннен бастап үйренуі керек. Бұл біздің қолымыздан келетін, балаларымызға беруге тиіс басты мүмкіндігіміз. Оларды біз бүгін қалай тәрбиелесек, Қазақстанның ертеңгі келешегі де солай қалыптаспақ. Балалардың мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастыру үшін Қазақстанның барлық өңіріндегі әкімдіктерге Уәкілдік атынан хат жолданып, жергілікті атқарушы биліктен балаларды қосымша білім берумен қамтып, секциялар мен үйірмелерде жаттығуы үшін тек білім мекемелерінен ғана емес, жеке кәсіпкерлік саладан, ЖШС, спорт, мәдениет қауымдастықтарынан, ҮЕҰ-ны тарта отырып, жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруды сұрадым. Егер балалар ең болмағанда екі үйірмеде жаттығуға мүмкіндік тапса, ата-аналардың қаржысы үнемделіп, бұл ақшаны сапалы тамақтануға, киімге, бірлескен отба­сы­лық қажеттілікке бағыттаған болар еді. Бала­ның дұрыс дамуы үшін қаржы салынуы керек. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы орындардан келген жауаптарды жалтарма деп қабылдауға мәжбүрмін. Олардың маған жолдаған хатында айтыл­ған «60-80 пайыз балалар сабақтан тыс жаттығулармен қамтылды» деген жауапқа өте күмәнмен қараймын. Егер бұл шын болса, олар айтқандай, балалардың көп­ші­лігі үйірмелерде жаттығып жүрсе, бұл мәселе дәл осылай өткір қойылмас еді, жұрт ішінде, оның ішінде әлеуметтік же­ліде сыни тұрғыда талқыланбас еді. Мысалы, Білім және ғылым вице-ми­нис­трі Бибігүл Асылованың айтуынша, Алматы мен Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш 15 пайыздан аспайды. Бала­лардың білімі мен тәрбиесіне байланысты жергілікті биліктің жалған қарым-қатынасы туралы мен 5 қарашадағы Президент Қ.Тоқаевпен өткен кездесуімде да айттым. Президентке әлеуметтік қор­ғау, денсаулық сақтау, білім, ата-аналар­дың қамқорлығынсыз қалған балалар құқығы бойынша қабылдануы тиіс кешенді шешімдер мәртебесі туралы баяндадым. Осындай бірқатар мемлекеттік орындар мен жергілікті биліктің жалған ақпарынан туындайтын күрделі мәселелерде қолдау білдіруін өтіндім. Сондай-ақ біз жыныстық зорлық-зомбылық көрген балалардың құқығын қорғау туралы да әңгіме қозғап, кейбір жағдайларды Президенттің өз бақылауына алуын өтіндім. Бірқатар бағыттар бойынша мемлекет қаржысын тиімді пайдаланудың жолдарын талқыладық.

– Қазақстандағы бала асырап алу­дың айналасында дау-дамай көп. Ше­тел­діктер кедергісіз асырап алып кел­ген қарагөз балаларымыз өз азамат­та­рымыздың қамқорлығына оңай­лық­­пен беріле қоймайды. Бұл саламен уә­кіл­діктің байланысы қалай?

– Қазақстанда балалардың құқығын қорғау бойынша бірқатар заңдық-нормативтік база бар. Бірақ орындалуында кілтипан жетерлік. Дәл қазір Мәжілісте балалар құқығын қорғау бо­йынша тұтас құжаттар қаралып жатыр. Ондағы жобалардың бірі жан басына шаға қаржыландыру, яғни Қазақстанның барлық баласын мемлекеттің қаржысы есебінен қосымша білім беруді қам­та­­масыз етіп, айрықша білім берудің қа­жет­­тілігі бар балаларға арналған түзе­ту қызметін жан басына шаға отырып қар­жыландыруды көздейді. Сондай-ақ әскери шиеленісті аймақтардан орал­ған балаларға көмек беру де заңдағы ма­ңыз­ды мәселе болып отыр. Мәжілісте қара­латын заң­намаға өте маңызды түзетулер жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалардың құқық­та­­рын қорғауға қатысты. Мәселенің мә­ні­­сі мынада: Қазақстан аумағында тір­кеуден өткен және қазақстандық балаларды шетелдіктердің асырап алуына көмек­те­сетін шетелдік агенттіктер жұмыс іс­тей­тіні белгілі. (Балаларды қорғау және баланы шетелдіктің асырап алуына қа­тыс­ты ынтымақтастық туралы Гаага Кон­вен­циясы, 2010 жыл)

Алайда заңнамада ұлттың шетел­дік­терден бала асырап алу басым­дығы болуына қарамастан, елде қазақс­тан­дық азаматтардың бала асырап алу про­цесінде дәл осындай қолдауға ие қазақ­стан­дық агенттіктер жоқ. Бұл шара Бала құқықтары туралы Конвенцияның 20-бабына сәйкес этностық шығу тегін, діни және мәдени тобы мен ана тілін, бала тәрбиесінің сабақтастығын ескере отырып, қазақстандық балалардың құқықтарын қорғау мақсатында қажет. 2018 жылдың қараша айында VIII Азаматтық форумда «Ана үйі» қоры бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес Ұлттық агенттік құру туралы бастама көтерді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев қордың бастамасын қолдап, бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Бұл шешім еліміз­дегі балалар үйлерін деинституализа­ция­лау бойынша көптеген ҮЕҰ-ның көп­жылдық жұмысының жалғасы болды және көптеген үкіметтік емес ұйымдарға да, жүздеген жетімдерге да үміт отын жақты – жақын арада біздің елімізде балалар үйлері ұғымының өзі жойылады, ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасында тәрбиелену құқығына ие болады. «Ана үйі», «Дом» ҚҚ, сондай-ақ басқа да ҮЕҰ Елбасының тапсырмасын орындау үшін БҒМ құрған жұмыс тобының құрамына кірді. 2019 жылдың 9 айында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне түзетулер бойынша ұсыныстар пысықталды. Коммерциялық емес ұйымдар базасында қазақстандық ұлттық агенттіктерді құру қазақстандық асырап алушы ата-аналардың шетелдік асырап алушылармен теңдігін белгілеп, қазақстандық балалардың құқығын қор­ғау­ды қамтамасыз етеді. Балаларды отбасына орналастыру жөніндегі функция­лар үкіметтік емес және мемлекеттік сек­торлар арасында ажыратылатын болады. Бала асырап алуға көмектесетін ұлттық агенттіктер асырап алушы ата-аналарға кеңес беруді, оларды моральдық тұрғыда әзірлеп, сүйемелдеуді, балаға ата-аналарды іріктеуді, сондай-ақ балаларды психологиялық тұрғыда даярлауды жүзеге асырады. Ал қорғаншылық және қамқоршылық міндетін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар балаларды орналас­тыру саласында есеп жүргізіп, үйлестіру мен бақылауды қолға алады. Балаларды отбасына орналастыру жөніндегі қызмет мемлекеттік органдарда – әкімдіктерде, ювеналды соттарда қалады.

– Балалар мен жасөспірімдердің қа­уіп­сіздігі жайында сөз қозғалғанда ең ал­дымен ойға оралатын сөз – «педофил». Қорғансыз балаларымыздың қауіп­сіздігін қалай қамтамасыз етеміз және оларды педофилдерден қалай қор­ғай­мыз?

– Президент өз Жолдауында аса ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы нақты айта келіп, елімізде заңдарды тым ізгілендіруге әуестенгенін атап өтті. Өткенде Парламент Мәжілісінің депутаттары Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру бойын­ша заң жобасын талқылады. Бұл түзетулерді мен Бас прокуратурамен бірлесіп пысық­та­дым. Бұл заң жобасының нормаларында ауыр қылмыстар, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту көзделген. Мен мұнымен толықтай келі­се­мін. Зорлықшылар жоқ нәрсеге сеніп жаза­дан сытылып кетемін деп ойламауы керек. Бұл жерде қоғамның осы зұлымдыққа қатысы кем емес. «Абайлық» бала – осының мысалы. Бұл сұмдық оқиға бүкіл БАҚ, әлеуметтік желіде кең көрініс тапты. Осы 7 жастағы баланың ісі бо­йынша тергеу жүргізгенде, біз жағдайды назарға алып, оның отбасына көмектестік. Біз шетелдік сарапшылардың – сот-медициналық сарапшылардың, психологтар мен психиатрлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Осы қылмыстық іс бойынша олармен сөйлеспей тұра алмадым. Кездесулердің бірінде «балалар осындай қорқынышты іске қалай барады?» деп сұрадым. Жоғары сыныптың оқушылары төменгі сыныптың балаларын неге жәбірлейді? Жаратылыс заңдылығы бойынша, әуелден ер бала қызға назар ауда­рады емес пе? Бұл сұраққа Ресей мен Қырғызстан психиатрлары бірдей дауыс­пен өте дәл анықтама берді: бұл жерде мәселе нәпсіқұмарлықта немесе жыныстық түйсігін қанағаттандыруға қатысты емес, егер баланың өз-өзіне сенімділігі бекімесе, спорт, шығармашылық сияқты өзіне қолжетімді қызықты мүмкіндіктер арқылы ішкі сенімін орнықтыра алмаса, ол бейсаналы түрде өз аяғымен құрдымға қарай бет алады. Жасөспірімдер басқа адамның жеке басын барынша кемсітіп, қорлау арқылы өз-өзіне сенімділігін нығайта түседі және бұл зорлық-зомбылық – жасөспірімдердің өзін мойындатудың ең шетін түрі. Бұл қорқынышты. Ал осындай жасөспірімдерді үлкендердің қорғауға көшкені одан да өткен қорқынышты. Мектеп әкімшілігі, жергілікті әкімдік, білім бөлімі, жергілікті полиция, прокуратура балаға жасалған қылмыстың заңды тергелуіне кедергі болды, осылайша Қазақстанның барлық балаларына ересектердің жәбірлеушілер мен агрессорларды қорғайтынын көрсетіп берді. Есіңізде болса, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы мұның мүмкін емес екенін, егер қылмыс дәлелденетін болса, орнын босататынын айтқан болатын. Ол соттан кейін де орнын босатқан жоқ, ол тіпті қылмыс дәлелденген кезде де және қылмыстық жауапкершілік арқалауға жасы жеткен жәбірлеушіге мерзім кескен сот үкімінен кейін де жұмысынан босаған жоқ.

 Неге ересек адамдар бүкіл ел алдында зорлықшыны қорғайды, ол үшін тіпті ешқандай жауапкершілік көтермейді? Мен әлі күнге осыған таңғаламын. Семей интернатындағы жәбірленген балалардың ісі секілді, тіпті педофилдерді қорғаған «қоғамдық белсенділер» де табылды. Ал балалар бассыздықтың бәрін біліп отыр. Бала егер бақытсыздыққа ұшырап, ол туралы біреуге айтса, өзіне біреудің қорған болатынына сенбейді, керісінше, бәрі өзіне және отбасына жабыла кететінін сезеді. Өзін өтірікші деп айыптайды, анасын, әжесін дұрыс тәрбие бере алмаған жаман адам­дардың қатарына апарып қосады. Ересектердің бәрі менің құқығымды тапта­ған менің жәбірлеушілерімді қорғай­ды деп ойлайды. Қаншама жылдар бойы біздің жүйе бүкіл елге осы мысалды дәлел­деп келеді. Ар-ождан, әділдік қайда сонда? Осыдан кейін балалардың өзінен не кү­ту­­ге болады? Сөйтіп балалар өзінше түйін жасайды: сені біреу қорғауы үшін сен қатыгез, қылмыскер болуың керек. Сон­дықтан осыған жол беріп отырған шенеу­нік­тер жауапкершілік арқалауы тиіс деп ойлаймын.

– Бала құқықтары жөніндегі уә­кіл­дің көмегі қажет болған қазақс­тан­дықтардан жыл басынан бері қанша өті­­ніш келіп түсті? Бұл өтініштердің мазмұны қандай?

– Бала құқығы жөніндегі уәкіл қыз­ме­тіне мен 18 маусымнан бастап кірістім. Ата-аналар тарапынан сұрау-жүгіну күн сайын келіп түсіп жатады. Негізінен, отбасы барлық мемлекеттік құзырлы мекемелердің есігін қаққаннан шаршап, тұмсығы тасқа тіреле бергеннен кейін амалсыз бізге жүгінеді. Сол өтініштердің бірінен тірліктен түңілген жанның жа­най­қайы сезілсе, бірінен өмірлік қиын түйінді шеше алмай қамыққан жанның үні естіледі. Алайда олардың барлығы біздер, үлкендер шешуге тиісті проблемалар. Орта есеппен айына 30-35 сұрау салу келіп түседі. Сұраудың тақырыбы сан түрлі: алимент ала алмай қиналған ананың зары, жеңілдікпен баспана алу туралы өтінішін мемлекеттік орындардың негізсіз қайтаруы, ата-анасы ажырасқан жағдайда баланың орнын анықтаудың заңдылығы, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқы­ғының бұзылуы, кәмелетке жасы толма­ған­дарға қатысты зорлық-зомбылық оқи­ғасы туралы хаттар жиі келеді. Сондай-ақ ауыр сырқаттарды емдеу, мүгедек балаларды керек-жарағымен қамтамасыз ету, туабітті ақаумен туған балаларды емдеу, оның ішінде оларды міндетті ақысыз дәрі-дәрмекпен емдеу, тағы сол сияқты толып жатқан өтініштер бар.

– Балалардың құқықтарын қор­ғау­да­ғы қандай мәселелерді сіз неғұрлым өзек­ті деп санайсыз?

– Балалардың құқығын қорғау саласында өзекті емес мәселелер болмайды. Бірақ бала мәселесіндегі басты фактор тағы да жергілікті атқарушы билікке келіп тіреледі, көмекке мұқтаж балалар өмір сүріп отырған қалалардың, кенттердің, ауылдардың әкімдіктеріне келіп тіреледі. Себебі қай жерде болса да, мұндай шешімдердің орындалуы өте баяу жүреді. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу дегеніміз – елдегі әлеуметтік шиеленісті төмендету деген сөз. Сондай-ақ бюджет есебінен өтетін имидждік «іс-шаралар» (концерттер, мерекелер, спорттық жарыстар) санын шектеу қажет. Оның орнына балалар мен жастарымыз бір-бірімен өзара жарыссын, ол үшін тегін байқаулар, фестивальдар мен жарыстарды молынан ұйымдастырып берейік. Бұл үшін спорт залдарын немесе стадиондарды, теа­тр сахналарын әкімдіктер ақы төлемей алып беруі қажет.

– Балалардың өздері сізге шағым­дан­ған кезі болды ма?

– Әзірге ондай жағдай болған жоқ.

– Балалар үйлеріндегі балалар құ­қық­­­тарының сақталуын кім бақы­лай­­­ды және кәмелетке толма­ған­дардың құқықтарын бұзғаны үшін ин­­тер­нат­тар­дың директорлары, тәр­би­е­ші­лер және басқа да қыз­мет­кер­лер қандай жауап­кершілікке тартылады?

– Балалар мекемелерінде балалардың құқықтарын сақтау үшін мекеме әкім­ші­­лігі жауап береді, ол заңға сәйкес сондағы бала­лар­дың қамқоршысы.

Балалар мекемелерінде балалардың құқықтарының сақталуын бақылайтындар:

– БҒМ қарамағындағы балалар үй­ле­рін­де – қорғаншылық және қам­қор­­шылық жөніндегі функцияларды атқаратын жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың білім бөлім­д­­ері мен басқармалары.

– ДСМ қарамағындағы балалар үй­ле­рінде – жергілікті атқарушы орган­дар­­дың денсаулық сақтау бөлімдері мен бас­қармалары.

– «Ерекше» балаларға (мүгедек бала­лар­ға) арналған интернат үлгісіндегі бала­лар мекемелерінде – жергілікті атқарушы органның әлеуметтік қорғау бөлімдері мен басқармалары.

– Барлық түрдегі және үлгідегі балалар мекемелерінде БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Заң бойынша балалар мекемесінің әкі­мшілігі мен қызметкерлері балалар құқы­ғын бұзғаны үшін қылмыстық жа­уап­­кершілікке тартылады. Іс жүзінде, өкінішке қарай, мекеме әкімшілігі мен оның қызметкерлері өте сирек жазаланады. Менің ойымша, бұл жерде мәселе, ең алдымен білім бөлімдері мен басқармалары айналасында тығыз орныққан тамыр-таныстықта. Балалар мекемесіндегі баланың құқықтары бұ­зыл­ған әрбір жағдай мекеменің түрі мен үлгісіне қарамастан уәкілетті, құқық қорғау органдары мен прокуратура органдары тарапынан мұқият қадағалаудың нысанасы болуы қажет. Балаларға тікелей әрі жанама қатысы бар әрбір жағдай бо­йынша тергеу жүргізілуі, кінәлі адамдар заңмен белгіленген жауапкершілікке бұлжытпай тартылуы тиіс. Әзірге біз балалар құқығының бұзылуын анықтайтын прокурорлық тексерулердің нәтижесі бо­йынша ешқандай шара қолданылмайтынын көріп отырмыз. Көбіне бұл тексерулер тек тексеру үшін ғана өтеді. Сондықтан жүйені түбегейлі өзгерту қажет. Балалар үйін мүлде жаңа үлгіде жаңғыртып, өзгерту керек.

– Балалардың құқықтарын тиім­ді қорғау үшін сізге тағы қандай өкі­лет­тік­тер қажет?

– Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі – бұл қоғамдық қызмет. Қазір Бала құқығы уәкілдігі туралы заңды өзгертуге, оны халықаралық нормаларға сәйкес келтіруге күш салып жатырмын. Уәкілге ағымдағы мәселелер мен ке­шен­ді мәселелердің көпшілігін жедел және байсалды шешу үшін қызметкерлер командасы керек, ал қызметкерлер шта­ты – олар еліміздің барлық аймақ­та­рын­дағы заңгерлер, психологтар, педагог­тер, әлеуметтанушылар. Ал біздің бала­ла­рымыздың заңды құ­қық­тарын толық көлемде орындау үшін жер­гілікті билік органдарына ықпал етудің пәрменді тетігі қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты барлық заңдар мен нормалардың орындалуы бойынша қоғамдық және мемлекеттік бақылау қажет.

– Егер сізге ресми органдар мен ведом­стволардың көмегі қажет болса, олар дереу сізге көмектесе ме әлде соз­бұй­даға салып, соңын құрдымға жібере ме?

– Жоғарыда келтірген мысалдарда мен әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдарға жүгінуге тура келетін проблемаларға әрдайым шынайы қарым-қатынас бола бермейтінін көрсеттім. Көзбояушылығы көп, немқұрайлы қарым-қатынастың да болатынын жасырмаймын, бірақ оны жеңу қолымнан келеді, бастысы, адамдарды сындарлы, тиімді жұмысқа бағыттай алу. Жұмыс бабында кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлармен, департамент басшылары, орынбасарлары, әкімдер, министрлер мен вице-министрлермен сөйлесуге тура келеді. Олардың тарапынан салғырттық байқасам, жөнсіздігін бірден айтамын. Мен бұл жұмысқа «дос болу» үшін, біреулермен қарым-қатынас орнату үшін келгем жоқ, маған жайлы орынтақ, билік немесе ақша қажет емес. Маған тек нәтиже керек. Егер нәтиже болмаса, лауазымды тұлғаның атқаратын қызметіне лайықтығы туралы мәселе қоюға дайынмын. Мемлекет басшысы мен Президент Әкімшілігіне балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне және проблемаларын шешуге зор көңіл бөлгені үшін, нақты қадамдар мен шаралар үшін рахметімді айтқым келеді.

 

Әңгімелескен

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»