Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Б.Сапарбаев пен А.Мырзахметов Сортөбе ауылында брифинг өткізді

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қордай ауданы, Сортөбе ауылында апта соңында орын алған қақтығысқа байланысты брифинг өтті.

Б.Сапарбаев пен А.Мырзахметов Сортөбе ауылында брифинг өткізді

Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қақтығыс зардаптарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейінгі белгілі болған барлық мәліметтерді баяндап, олардың сауалдарына жауап берді.

Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Қарасу және ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына блог-посттар қойылып, ауыл көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Бердібек Мәшбекұлы соңғы тәулік ішінде Қордай, Қарасу, Ауқатты және Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен 4454 адамның еліміздің аумағына қайта оралғандығын мәлімдеді.

Ал, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қақтығыс салдарынан 36 тұрғын үй мен 11 коммерциялық нысан және 44 автокөліктің өртенгендігін айтты. Өз сөзінде әкім алдын-ала есептеулер бойынша келтірілген залал көлемі анықталып жатқандығына да назар аударды. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, аталған барлық ауылдарда зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылған. Сонымен қатар облыста мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылған. Аталған қызметтер арқылы өткен тәуліктің ішінде 22 азаматқа жеке куәлік, 17 азаматқа туу туралы куәліктер берілген. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда көше бойындағы өртенген автокөліктер мен түрлі қоқыстарды тазалау жұмыстары толығымен аяқталып, оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылған. Қақтығыс орын алған күні Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірге 80 адам күші мен 19 техника ұйымдастырылған. Ал, өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және бақылауға алу үшін үшін барлығы 1968 құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 130-ға жуық әскери техникалар тартылған. Бүгінгі таңда ауылдардағы барлық әлеуметтік нысандар, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Жамбыл облысында жағдай тұрақты.

Айта кетейік, өткен аптаның жұма күні Қордай ауданында жаппай төбелес орын алған болатын. Аудандағы Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында болған қақтығыс салдарынан 176 адам ауруханаға жүгініп, 41 адам ауруханаға жатқызылған. Өкінішке қарай, 10 адам қайтыс болған. Зардап шеккен азаматтарға барлығы 39 дәрігер көмек көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айту, оларға көмек беру мәселелері ұйымдастырылды. Бердібек Сапарбаев пен Асқар Мырзахметов қайтыс болғандардың жерлеу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

 

Жамбыл облысы