Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Оралда шет аймақ болмайды

461 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласының бұрын «Ет комбинаты» деп аталған шеткері аумағында қалалық кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана-филиалы және «Арай» комьюнити орталығы жаңа ғимаратқа ие болды. Келушілерге сан түрлі мәдени қызмет көрсететін ерекше орталықтың ашылуына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков арнайы келді.

Оралда шет аймақ болмайды

Қала басшысының айтуынша, бұл орталық Орал қаласында қолға алынған жүйелі жұмыстың жемісі.

- Біз былтырдан бері «Шет аймақсыз қала» атты жобаны қолға алдық. Оның мәнісі – заманауи технология, қызмет көрсету нысандары, мәдени-рухани орындар қаланың орталығында шоғырланбай, шет аймақтарымызда да жасалуы керек. Былтыр біз осындай қос комьюнити орталық пен мектептен тыс жұмыстар орталығының филиалын Деркөлден аштық. Неге? Өйткені ол жерде де 20 мыңның үстінде адам тұрады. Енді болашақта Сарытау шағын ауданында ашқымыз келеді. Одан кейін Круглоозерный, Серебряково кентінде осындай орталықтар ашу жоспарда бар. Жақында Желаев кентінде 100 орындық балабақша аштық. Осының бәрі қаламыздың шет аймақтарын даму өзегіне айналдыру мақсатында жасалды. Бүгінгі орталық – бірінші кезекте осы аймақ тұрғындарына жасаған қызметіміз. Осы ауданда үлкен екі саяжай қауымдастығы бар, ол жерде де ағайындарымыз көп тұрады. Оларға да мәдени орталық керек. Қазір жөндеуге жабылған №33 мектептің орнына 300 орындық жаңа ғимарат тұрғызамыз, ол жерде балабақша да ашқымыз келеді. Осы ауданда емхананың бір бөлімшесін ашу жоспарда тұр. Міне, осының бәрі жүзеге асқанда, бұрын қараусыз шетте қалған ет комбинаты аумағының тіршілігі жанданып, мәдени өміріне мән кіреді. Жаңа жыл, наурыз секілді жалпыхалықтық мерекелерді тойлау үшін халық орталыққа сабылмайды. Осы комьюнити орталықтан тәлім алған балалар болашақта қай жағынан да қатарының алды болып, өмірден өз орнын табады деген ойдамын, - деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жаңа орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Бұрын денсаулық сақтау ұйымына қараған үлкен ғимаратты өткен жылдың күзінде Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өз құзырына алып, жөндеуден өткізген екен. Бұл жерде қалалық кітапхана филиалы мен бұрынғы аула клубы көшіп келген.

- Орда көшесінде орналасқан біздің бұрынғы ғимаратымыз апатты жағдайда еді. Қалалық кітапхананың №6 филиалына 1980 жылы берілген ол үй әбден тозды. Кітапхана осы аймақтағы №2, 13, 32, 33 орта мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейтін. Кітапханада 43 мыңнан астам кітап қоры бар, жылына 4 мыңдай оқырманға қызмет көрсетеді. Мұнда түрлі қызығушылықтары бойынша бас қосқан үш клуб – әйелдердің «сырласу-Общение» клубы, «Жас қыран» жасөспірімдер клубы және өлкетану бағытында жұмыстанатын «Мұра-Наследие» қызығушылық клубтары бар. Қаладағы ірі кітапханалардың бірі еді, енді жаңа ғимаратқа орналасып, өрісі кеңейіп жатыр. Кітапхана интернет жүйесіне қосылған, - дейді бізге Орал қалалық кітапханасының кітапхананы дамыту және әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлнәр Өтегенова.

Кітапхананың оқырман бөлмесінен қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды оқып отырған ақсақалға жолықтық. Жауынбай Сағынғалиұлы осы кітапхананың байырғы оқырманы екен. 2004 жылдан бері қарай осы жерден алып 700 кітап оқыпты.

- Биыл жасым 72-де. Қалаға 2001 жылы Жымпиты ауданынан көшіп келіп едім. Әуелден кітапты жақсы көрем. Кейінгі балаларыма айтарым, кітапты қадірлеңдер! Кітапханаға келіңдер! Бұл жерде үлкенге де, кішіге де барлық жағдай жасалған, - дейді Жауынбай ақсақал.

Расында да бұл жерде қалауы, қызығушылығы әртүрлі үлкен-кішіге қажет нәрсенің бәрі бар ма деп қалдық. Бұл жерге жаңадан орналасып жатқан «Арай» балалар аула клубы бұрын қаланың орталығына таман, көпқабатты үйдің жертөлесінде болған екен.

- Біздің «Арай» балалар аула клубы 1989 жылы ашылған. 30 жыл ішінде балалар мен жасөспірімдердің сүйікті орнына айналған, жас буынның шығармашылығын дамытып, санасына мәдениет ұрығын егетін жер еді. Енді мүмкіндігіміз бұрынғыдан да молайды. Бұл комьюнити орталық жастарға да, үлкендерге де қызмет көрсетеді. Қазірдің өзінде 7 кабинет ашылған: олар – ұлттық салт-дәстүрді үйрететін «Достық» бөлмесі, ағылшын тілін, латын әліпбиін үйрететін үйірмелер, музыка кабинетінде ән айту, домбыра, қобыз, гитара үйрену үйірмелері, спорттық ойындар бөлмесінде тренажерлер, эспандер, балалар қабырғасы орнатылған, үстел ойындары, шахмат, тоғызқұмалақ, конструктор, мозаика – бәрі бар. Ал қолданбалы өнер кабинетінде балалар сурет салуды, қағаздан бұйымдар жасау, құммен сурет салуды үйренеді. Үлкендерге арналған кабинетте караоке жүйесі бар. Түрлі кездесу, мәдени шаралар өткізетін залымыз да бар. Осы ауданға көшіп келгелі өткен екі апта ішінде жергілікті тұрғындарға танымал болып үлгердік. Келушілер өте көп, – дейді орталық меңгерушісі Лариса Григорьева.

Айта кетейік, «Арай» комьюнити орталығына жас мөлшеріне қарамастан шағын ауданның кез келген тұрғыны келе алады екен. Мұнда күндізгі ауысымда балалар мен жасөспірімдерге арналған «Дауыс international» эстрадалық ән үйірмесі, «Сиқырлы әлем» қолөнер үйірмесі, ересектерге смартфон қолдануды үйрететін «Смарт КZ» үйірмесі, «Мен - еріктімін» атты ерікті жастар ұйымы, балаларға арналған «Алтын сақа» ұлттық ойындар және басқа көптеген бағыттағы үйірмелер ашылған.

 

Батыс Қазақстан