Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Алматы облысы: Көксулықтар көктемгі су тасқынына дайын

589 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көксу – Жетісудың бір өзені. Бастауын таудан алатын арынды өзеннің әр көктем сайын мінез көрсетіп, жағасын көбік шайып, таситыны бар. Бұл кезде осы өзеннің бойын жағалай қонған ауданның шаруашылықтарына сел қауіпі төнеді. Әсіресе, биылғыдай тауға қар қалың түсіп, күн райы ерте жылынған кезде қатер екі еселенеді.

Алматы облысы: Көксулықтар көктемгі су тасқынына дайын

2018 жылы Көксу ауданының Мұқыры ауылы мен Көксу бекеті аумағындағы елді мекендердің көшесіне дейін қызыл су кіріп, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Былтыр бұл қауіптің алды алынып, өзен және канал арналарының сағасын кеңейту, түбін тереңдету, тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, өзен маңындағы ауылдарға тасқыннан төнетін қатер азайған. Биыл да күн райының құбылуы өзен ранасындағы судың көлемін көбейтіп отыр. Демек, қауіп төнбесе де сақтақ шаралары жасалуы тиіс.

- Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 32 шақырым арық, 55 шақырым канал, 2500 мың текше метр қар елді мекендер аумағынан шығарылып, ауыл ішіндегі арық іші қоқыс, топырақтан аршылып, сонымен қатар 32 дана су өткізу құбырлары да тазаланды. Ауданда арнайы шұғыл әрекет ету жасағы құрылып, 25 техника мен жүзгеге жуық адам төтенше жағдаймен күресуге дайын отыр, - дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.