Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Қазақ зиялысының соры – салғырттық

1088 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Абай жолында» ұлы Мұхтар Әуезов Құнанбайдың портретін суреттегенде былай деп жазады: «...Құнанбайдың жалғыз сау көзі оның көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші». Түсінген адамға осындағы ең салмақты сөз «салғырттығы жоқ» деген.

Қазақ зиялысының соры – салғырттық

Салғырттығы жоғының  арқасында ғана ол қалғымай, елін сақшыдай бағып отыр. Егер салғырттыққа жол берсе оның иығына ит пен құс шығып алып, елдің өзі ауа жайылып кетуі мүмкін. Сондықтан ол өз қоғамының үлкен жауларының бірі  салғырттық екенін жақсы таныған жан.  

Бәрі бірдей Құнанбай болмағанымен біздің жетілген қоғамымызда да елді бағатын зиялы қауым бар. Қай күнде ақыл да, ақыл тұтарлық салмақты сөз де солардан шығуы керек. Билік олардың сөзін мойындай қоймағанымен бәрібір ескереді.  Ескермеу мүмкін емес, өйткені оның айтқан сөзі көбінесе әділ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мұндайды журналистер көтергенімен аузының дуасы жоқ, қанша жерден ащы шындық, әділетті дау болса да билік оған назар аудармайды. Ежелден консервативтік ұстанымды қолай көретін билігіміз көбіне «соның керегі бар ма» дегеннен аса қоймайды. Ал қоғам «журналист болған соң жазу міндеті ғой, айтқаны дұрыс екен, бірақ соның орындалуы екіталай - ау» деп жүре тыңдайды, байыбына бармайды.

Мұндайда соңғы сөз зиялы қауымда болуы керек. Бәрінің парқын айыратын олардың ақыл-ойы журналистің көтерген мәселесіне сыни көзбен қарап, тәжірибесі мен біліміне сүйеніп, өзінің салмақты сөзін сол ғана айта алады.  Алайда біздің зиялы қауым ондай салмақты өзінің иығына жолатқысы келмей тұр, өйткені оған бойындағы салғырттық жібермейтін сияқты.  

Интеллигенция деген сөзді қазақша «зиялы қауым» деп атаған алдыңғы ағаларымыз оның ой еңбегімен айналысатын білімді және шығармашыл топ қана емес, ортаға ой тастайтын, әділетті әрқашан жақтайтын, адамгершілік тәрбиенің де қайнар көзі болуға тиісті деп осынау биік атауды ойлап тапты емес пе? Философ Амангелді Айталы ағамыз өзінің «Интеллигенция мен зиялы қауымның тарихи жауапкершілігі» атты мақаласында (17 маусым 2014 жыл. https://e-history.kz/kz/contents/view/2121) Мұстафа Шоқайдың зиялы қауым деп кімдерді айтамыз деген сауалға қалай жауап бергенін келтіреді: «Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мəнiнде бұл сауалға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тəрбие көрген адамның бəрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тəн болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз, қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат мақсаттардың соңында жүрген жəне сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық жəне əлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, əлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деген екен ол. Сонымен бірге А.Айталы ағамыз  «Зия» деген сөздің өзі «жарық» деген мағына беретінін айта келіп, «ол жарық — ар-ожданның, иманның нұры. «Зиялы» деген ұғым қазақ дүниетанымында білімді, мəдениеттілік, азаматтық сезіммен қатар имандылық, ар-ождан, мейірімділік, рақымдылық қасиеттерімен ерекшеленеді», дейді ол.

Біздің бүгінгі өмірімізде осы талаптарға сай келетін зиялы қоғам бар ма? Әрине, жоқ деп айта алмайсың, аз болса да бар. Бірақ олар салғырт. Ал салғырттық орыстар айтатын «равнодушие», яғни бейжайлық, немқұрайлықтан да жаман. Соңғысы кез келген адамның басында болуы мүмкін, өйткені жұрттың бәрінің білімі, ақыл парасаты, адамгершілігі, имандылығы терең емес. Сондықтан бейжай, ал зиялы қауымда осы айтылған қасиеттердің бәрі бар, бірақ... Бірақ ол - салғырт.

Абай өзінің отыз бірінші қара сөзінде: «Ой кеселдері: уайымсыздық, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік...» дейді. Өкінішке қарай біз зиялы қауымымыз осындай кеселге ұшыраған сияқты. Әйтпесе мына, төмендегі мәселеге не айтуға болады?

Құдай берген тәуелсіздіктің арқасында жақсы болсын, жаман болсын отыз жылдай өмір сүріп келеміз. Қазақ ұлты өзінің туын көтеріп, әлемнің басқа да мәртебелі халықтарының санатына енді. Өзінің шекарасын белгіледі, астанасын жаңадан тұрғызды, халықаралық бірнеше маңызды шараны өткізіп, әлемнің аузына ілікті. Өнерден, спорттан шыққан саңлақтарымыз еліміздің атағына атақ, даңқына даңқ қосып жатыр. Қаламыз бен даламызды жаңғыртып, тарихымызды да таразылап, отарлаушылар көрсетіп, сызып кеткен біраз әділетсіздіктерден де бас тартып жатырмыз.

Бірақ... бірақ еліміздің солтүстігіндегі екі бірдей үлкен қаламыздың атын өзгерте алмай, әлі күнге отарлаушылардың берген атынан арыла алмай келеміз. Неге?

Тіпті бұл атаулар соңғы отарлаушылардікі де емес, бұрынғыларының берген атаулары еді ғой. Солтүстік шығыстағы Қимақия деген ежелгі қаланың орнына салынған отарлаушылардың қамалының атауы қаламызға ие болып, қазақшалағанда адамның намысына тиетін «Павелдің сыйы»  болып тұр. Отарлау құралы  қамалды тұрғызған патшаның шенеуніктері 1861 жылы патшаның баласының туу құрметіне солай атаса біз де әлі күнге сол атаудан арыла алмай, бас шұлғып келеміз.  

Отарлық езгіден толық құтыла алмағандығымыздың, өзіміздің еркіміздің өзімізде болмағандығының бір айғағы болып екінші қаламыз «Петропавл» да тұр.  Оның тіпті ежелден жер атымен байланыстырылған әп- әдемі «Қызылжар» атауы да бар...

Журналистер, кейбір ғалымдар  екі қаланың  да атын өзгерту туралы көптен бері мәселе көтеріп келеді. Бірақ соны қолдап, өздерінің салмақты сөзін айта алатын зиялы қауым жоқ. Іштерінен бәрі де осылардың өзгергенін қалайды емес пе? Ендеше неге үндерін шығарып, журналистерді қолдамайды?

Осының өзі салғырттық кеселден сияқты. Біреу істесін, мен араласып қайтемін деген сияқты пиғыл әбден бастарын баурап алған. Жоғарыдағы атаулар жандарын ауыртады, бірақ сонымен күресуге сол баяғы салғырттықтан шыға алмайды. Егер зиялы қауым салғырттықтан арылмаса біздің алға қадам басуымыз да қиын-ау. Осылай кете беретін болса жаңаға қол жеткізбек түгілі барымыздан да біртіндеп айырыла беретін шығармыз. Салғырттық-жаман кесел.

ҚЫЗЫЛЖАР