Парламент • 13 Ақпан, 2020

Ратификациялық заң жобалары мақұлданды

199 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар жаңа ратификациялық заң жобасы мақұлданды.

Ратификациялық заң жобалары мақұлданды

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізілді

Алқалы жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі заң жобалары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына, сондай-ақ оның құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы болды. Депутаттар алдында аталған құжаттардың жай-жапсарымен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді таныстырды.

Алдымен «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл хаттама 2018 жылғы 8 қарашада Астана қаласында жасалды.

– Өзгерістер Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 3 және 6 баптарына енгізілді. Олар Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға өкілеттіктер берілу үшін мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының қатысуына мүмкіндік беріледі. Ол Президенттің сыртқы саясат және қорғаныс саласындағы негізгі өкілеттіктерін мемлекеттік мерзіммен Премьер-Министр өтейтін парламенттік басқару нысанына ауыстыруға байланысты, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Бұған қоса заң жобасы бойынша Ұжым­дық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құрал­дарын пайдалану туралы шешімді қаты­сушы мемлекеттердің басшылары немесе егер өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес тиіс­ті өкілеттіктер берілген болса, мүше мемле­кет­тердің үкімет басшылары қабылдайтын болады.

Сондай-ақ министр 2020 жылы 11 ақпандағы жағдай бойынша мемлекет ішіндегі рәсімдерді орындау туралы ақпарат Армения, Беларусь және Ресейден келіп түскенін, Заң жобасын қабылдау теріс экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарға әкеп соқпайтынын, респуб­ликалық бюджеттен қосымша шығындар талап етпейтінін айтты.

Жалпы отырыста депутаттардың қолдауымен 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы екінші және үшінші хаттамалар ратификацияланды.

Хаттаманың мақсаты – әріптестік институтын құру және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы жанындағы байқаушының мәртебесін реттейтін нормаларды жетілдіру. Хаттамаға сәйкес Ұйымның ашық нормативтік- құқықтық базасын, қызмет тәжірибесі мен практикасын зерделеуге қызығушылық танытатын, Ұйымға мүше емес мемлекеттер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аталған Ұйымның практикалық іс-шараларына қатысу туралы міндеттемелер қабылдамастан, Ұйым жанындағы Байқаушы мәртебесін ала алады.

Ал Ұйыммен өзара тиімді ынтымақтастық орнату мен дамытуды қалайтын, Ұйымға мүше емес мемлекеттер және халықаралық ұйымдар Ұйымның Әріптесі мәртебесін ала алады.

ҰҚШҰ-ның құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі хаттамаға сәйкес Ұйымның Бас хатшысының орынбасарлары лауазымдарын атқаратын Ұйымға мүше мемлекеттер өкілдеріне барған елінде дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген көлемде дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетті беру арқылы олардың әлеуметтік қорғалуын арттыру көзде­леді.

Жалпы отырыста депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелері туралы заң жобасын жұмысқа алғаны мәлім болды.

Сонымен қатар Мәжіліске ұсынылған өтініш негізінде Орталық сайлау комиссиясының мүше­сі Ақылбек Ихдановтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин оны арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

 Заставаға Батыр Баян атауын ұсынды

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әдеттегідей мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Олар өз сауалдарында ең төменгі жалақыны арттыру, газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, газбен жабдықтау нысандарын қауіпсіз пайдалану сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Бұған қоса депутаттар дәрілік заттар нарығында баға белгілеуді мемлекеттік реттеу, елді мекендерде жұмыс істегісі келетін жас мамандарды ынталандыру үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасының шарттарын қайта қарау сияқты мәселелерді алға тартты.

Сондай-ақ астананы сапалы ауызсумен қамту, автокөлікті тексеру кезінде техникалық байқау операторларының қызметін бақылауды күшейту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру сияқты тақырыптарға арналған сауалдар да болды.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында, еліміздің Ресей­мен шектесетін мемлекеттік шекарасында орна­ласқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінің «Қарақоға» шекара заставасының «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» болып қайта аталуын сұрады.

– Азаттық жолында арпалысқан, бүкіл өмірін Қазақ хандығының саяси және аумақтық тұтастығын қорғауға арнаған, елдіктің туы еңкеймеуі үшін жанын құрбан еткен хас батырлардың бірі – Баян батыр. Баян Қасаболатұлы 1714 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында дүниеге келді. Батыл, айбынды, ақылды әрі дана адам болған Баян туралы деректер Үмбетей мен Тәтіқара секілді ақын-жыраулар шығармаларында, Ш.Уәлиханов еңбектерінде, М.Жұмабаевтың поэмасында айтылады. Ресейдің Омбы және басқа да мемлекеттік мұрағаттарында Баянға қатысты тарихи құжаттар сақталған, – деді депутат.

Ол бұл сауалға Солтүстік Қазақстан облы­сының «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы Ю.Костюченко мен ұйымның Мағжан Жұмабаев ауданындағы филиалының төрағасы В.Емельянцевтің ұсыныс хаттары негіз болғанын атап өтті.