Экономика • 13 Ақпан, 2020

Қой жүні қажетсіз болғаны ма?

1672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы алғанда, республикада жыл сайын­ 38 мың тонна қой жүні өндіріледі. Оның ішінде 7 мың тоннасы биязы, 4,4 мың тоннасы жартылай биязы және 20,6 мың тоннасы қыл­шықты жүн. Яғни, Қазақстанда негізінен жартылай қыл­шық­ты және қылшықты жүн өндіріледі деген сөз. Ал биязы және жартылай биязы жүнді импорттауға тура келеді.

Қой жүні қажетсіз болғаны ма?

Мәселен, 2018 жылы импорт көлемі 296 тон­наны құрады, бұл 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Дегенмен де мемлекет тарапынан тоқыма өнеркәсібіне қажет биязы жүн алынатын жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруге ынталан­дыру жоқ.

– Бізде қазір заманауи түрленген өнді­ріс бар, олар осындай шетелдік озық кәсіпорын­дармен бәсекеге түсе алады. Өкінішке қарай олардың өндірістік қуаты 40-50 пайызды ғана құрайды. Бұл ретте, Мемлекеттік серік­тестікті қаржыландыру бағдарламасы аясында іске асырылған, жуудан бастап өнімдерді дайын­дауға дейінгі жүннің түрлерін (түйе, қой және ешкі жүндері) қайта өңдеудің барлық өндіріс циклі қамтылған «Caspiy Lana Atyrau» тоқыма кәсіпорны 2015 жы­лы іске қосылған болатын. 100 пайыз қазақ­стандық өнім өндіретін Қазақстандағы жал­ғыз кәсіп­орын жабылудың алдында тұр. Мем­лекеттік органдардың арасында бай­ланыс болса және Қазақстанда жеңіл өнер­кәсіпті дамыту жөнінде толық және анық картинаны білсе, мұндай жағдай орын алмас еді, – дейді Үкімет жетекшісіне депутаттық сауал жолдаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Жалпы алғанда бүгінде елдегі жеңіл өнер­кәсіп саласында 1 030 кәсіпорын бар, оның 96 пайызы шағын кәсіпорындар, жалпы жұмыс­керлерінің саны 11 мың адам. Деген­мен де жасыратыны жоқ, қой жүнін өңдеу мәселесі талай жылдан бері көтеріліп, әбден айты­лып, жауыр болған мәселе. Бірақ еш нәтиже болмай тұр.

– Себебі қой жүнін өңдеудің заманы өтті, сұраныс аз, – дейді бізбен әңгімесінде ауыл шаруа­шылығы саласының белгілі маманы, «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков. – Біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Бұрын қазақы қойлардың жүні қайда кетуші еді? Жүнге ең көп сұранысты кеңес әскері беретін. Солдаттар шинелінің бәрі осы қой жүнінен басылатын еді. Одан мем­лекеттің өзі шаруалар үшін киіз басатын, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар қызметі пайдаланатын. Қазір ондай сұраныс жоқ. Жүн өндіру экономикалық жағынан да тиім­ді емес. Далада жүрген қойды қырқу, оны қайта өндіру саласына жеткізу үшін жол шығынының өзіне біраз қаржы кетеді. Сондықтан жүн өңдеу мәселесі өте қиын. Әлем елдері ішінде қой шаруашылығы, оның ішінде қой жүнін өңдеу саласы дамыған ел – Аустралия. Он сегізінші ғасырдан бері солай болып келеді. Кезінде дүниежүзі бойынша өндірілетін жүннің 10 пайызы Аустралияға тиесілі болатын. Соның ішінде ең сапалы мутон деген жүн бар. Аустралия осы мутонның 50 пайызын өндіретін. 1980 жылдары сән өзгеріп, табиғи киімдердің саудасы жүрмей қалғаннан кейін қой жүніне деген сұраныс азайды. Сол кезде Аустралия қойшылары қатты дағдарып қалды. Не істеу керек? Бұл ауыл шаруашылығымен көгеріп отырған мемлекет. Мамандар әбден зерттеу жүргізді. Енді соншама қойды тиімсіз деп қырып тас­тауға болмайды ғой. Халыққа қандай жұмыс тауып беру керек? Содан марқаның етімен айналысамыз деген шешімге келіп, «Ойбай, марқаның етінің холестерині аз, денсаулыққа өте пайдалы» деген жарнама қаптап кетті. Соның нәтижесінде марқа етіне деген сұраныс көбейді. Марқа етінің қадірін қазақтар да бұрыннан білген. Ата-бабаларымыз осыдан үш-төрт ғасыр бұрын «Марқа туғаннан кейін қар түспей сатып жіберу керек. Қарды көрген марқа пайдасын өзі жей бастайды» деп айтқан. Сондықтан кейде біз сиыр етімен емес, осы марқаның етімен айналысуымыз керек пе деген де ой келеді. Менің есептеуімше, Қазақстан экс­портқа 100-150 мың тонна марқаның етін шыға­ра алады.

Иә, Қазақстанда ет экспорты енді-енді қарқын алып келе жатыр. Жүн өңдеу де өз алдына бір сала, заман қан­шалықты өз­герсе де биязы жүнге де сұраныс жоқ емес. Сондықтан жүн өңдеу өндірісін және жүн өнімдерін дайындауды дамыту үшін ал­дымен жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруді қолға алу керек. Ал әзір­ге қазақы қойдың жүні өртеп жіберуден басқаға жарамай тұрғаны өкінішті-ақ... Сонда киіз басудың заманы шынында өткені ме, қалай өзі?