Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Асудан аса алмаған 463 адам қауіпсіз жерлерге жеткізілді

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иә, биыл өңірдегі қыс жылдағыдай жаймашуақ емес, тұрғындарды әбден әуреге салып-ақ тұр. Бір күн боран, бір күн аяз, бір күн жылымық. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, 11 ақпанда облыстың бір ғана ауданында 60 көлік пен 202 адам көмекке зәру болды.

Асудан аса алмаған 463 адам қауіпсіз жерлерге жеткізілді

Көкпекті ауданындағы Байбура мен Өмеш асуын білмейтін аймақ тұрғындары аз шығар. Әсіресе қыстың көзі қырауда жолға жиі шығатын ағайын қос асуды жақсы біледі. 11 ақпанда осы екі асуда 200-ге жуық жолаушы қар құрсауында қалды. Байбура учаскесі күндізгі сағат 12-де жабылған-ды. Алайда оған дейін Көкпекті ауылынан Қалбатауға шы­ғып кеткен 35 көлік, яғни 112 адам ақтүтек боран кесі­рі­нен жолда тоқтауға мәж­бүр болған еді. Көмекке Көкпектідегі №33 өрт сөндіру бөлімі жіберіліп, жолау­шы­лар Көкпекті ауылындағы Шәйжүнісов және Көкпекті орта мектептеріне, туыстарына және қонақүйлерге орналас­тырылыпты. Ал «Өскемен – Самар» бағытындағы Өмеш асуындағы жол учаскесі де осы күні күндізгі сағат 12-де жабылған болатын. Алайда таңертең ертемен Өскеменнен шыққан жолаушылар (25 көлік, 90 адам) «Өскемен –Самар» жолының 112 шақы­рымында қар құрсауында қал­ған-ды. Бұл жерге көмекке Самардағы №51 өрт сөндіру бөлімінің КУНГ техникасы мен Өскемендегі облыстық Төтенше жағдай департаменті тарапынан ТРЭКОЛ көлігі келіп, жолаушыларды Самар ауылындағы спорт мектебіне, агротехникалық колледжге, Самар бастауыш мектебіне, туыстары мен қонақүйлерге орналастырды. Бұдан бөлек 11 ақпанда «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қай­нары» бағытындағы жолда 97 көлік қарға батып, ша­ғын автобустан 6 адам қауіпсіз жерге жеткізілді, қал­­­ған 303 жолаушы (соның 36-сы бала) көмектен бас тартты. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бас­пасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сенсек, өңірде тек 11 ақпанда 30 адам қар құрсауынан шығарылып, 463 адам қауіпсіз орындарға және 142 көлік арнайы техникалар көмегімен межелі жерлеріне жеткізілді.

Сонымен қатар кеше өңір­­дің бірнеше қаласы мен ауда­нындағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Бородулиха ауда­нында аяз 32, Алтай мен Жармада 30, Ұлан ауданы мен Өскеменде 28, Семей мен Курчатовта 23 градуске жетіп, 1 ауысымның 1-4-сынып оқушылары сабақтан босатылды. Ал Глубокое ауданында градус бағаны 32, Көкпекті ауданында 30, Шемонаихада 28, Бесқарағайда 28, Риддерде 27-ні көрсетіп, 1 ауысымның 1-9-сыныптары жоспардан тыс демалуға мәжбүр болды. Зайсан ауданында көктайғақ болғандықтан, 1 ауысымның 1-11-сынып оқушылары са­баққа барған жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы