Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Оралдық еріктілер балыққа ауа сыйлады

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Орал қаласы маңындағы Шаған өзенінің бір саласында еріктілер суды оттегімен байыту үшін мұз ойып, балықты құтқару шарасын жасады. Еріктілер қатарында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетіндегі әріптестеріміз де бар.

Оралдық еріктілер балыққа ауа сыйлады

- Бір ғасырдан артық тарихы бар «Орал өңірі» газетінің ұжымы біраз жылдан бері қалың қар мен мұз астында қалған балықтар дүниесіне оттегін ауа жіберу шарасын тұрақты өткізіп жүр. Оның үстіне бүгін Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы еріктілер жылын ресми ашып, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған волонтьерлермен кездесті ғой. Біз де биылғы шарамызды осы күнге орайластырдық. Бүгін редакцияның оншақты жігіті арнайы келіп, мұзға ойық ойдық, - дейді газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Ағысы жоқ, тұйық, шағын су айдындары қыста қалың мұзбен көмкеріліп, қатып қалады. Мұндай судағы балықтар мен басқа да су жәндіктері құтқару шарасы жасалмаса, тұншығып өледі. Сондықтан мұндай кезде 1 гектар айдынға кемінде 10 жерден ойық жасалуы керек. Еріктілер ойық қайтадан қатып қалмасы үшін оған жағалаудан қамыс сындырып әкеліп тығады. Сөйтіп қамыс бойымен барған ауа су жәндіктерін ажалдан сақтайды.

Облыс аумағында балығы тұншығуы мүмкін 170-ке жуық су айдыны тіркелген. Бұлардың 39-ы жалға берілген, яғни нақты қожайыны бар. Одан бөлек 70-ке жуық өзен-көлде былтырғы желтоқсан айынан бастап біздің мекеме қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, тұншығу қаупі бар су айдындарын оттегімен байыту жұмысын жүргізіп келеді. Бұл бастаманы жалпы халық, еріктілер қолдағаны өте маңызды, - дейді Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы Төленді Иманғазиев.

1

Шаған мұзындағы шараға журналистерден бөлек, қаладағы оқу орындарының студенттері де қатысты. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университет жанындағы колледждің 2 курс студенті Әлібек Қуанышбеков барлық жастарды осындай игі іске жұмылуға шақырды. Қысқы айдында сауапты іске жиналған топқа қосыла кеткен Михаил Марков есімді қария бұрын бұл өңірде балықтың сан түрі болғанын сағына еске алды:

- Жайықта бұрын қызыл балықтың сан түрі болатын. Дәл осы ақпан айында уылдырық шашуға құртпа балық (белуга) келе бастайтын, көкек-мамырда жаппай қаптайтын. Одан кейін бекіре келеді, жаз бойы сайран салады. Сосын тамыздан бастап қарақанат шоқыр келіп, Жайықтың қазан шұңқырларында қыстап қалатын. Бәрі құрып кетті ғой. Бұған өзен суының азаюы да, химиялық қоспалармен улануы да әсер етті. Қашан да табиғатты бүлдіру оңай, қалпына келтіру қиын. Мысалы құртпа балық 13-15 жылдан бастап қана жетіледі, бекіре 8-9 жасқа келген соң ғана уылдырық шашады, - дейді Михаил қария балықтың сырын қорадағы малындай сипаттап.

Еріктілер жылының бастауында атқарылған бұл шара жасты да, жасамысты да жаңа іске жігерлендіріп, сауапты қадамға шақырғандай болды.

 

Суретті түсірген Нұрбек ОРАЗАЕВ

 

Батыс Қазақстан