Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

ЕАДБ Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын 95 миллион долларға қаржыландырады

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сақалды құрылысқа» айнала жаздаған құрылыс жайлы әңгіменің нүктесі әдемі қойылды.

ЕАДБ Үлкен Алматы айналма жолының  құрылысын 95 миллион долларға қаржыландырады

Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, келісімге 12 ақпанда Еуразиялық даму банкі  Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Исенов қол қойған. «Жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Ислам даму банкі ұсынатын кредиторлар синдикаты қаржыландырады. Жоба аясында ЕАДБ 95 миллион доллар береді»,   делінген  ЕАДБ баспасөз бөлімі таратқан ақпаратта.

Жоба Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі мен төрт компанияның консорциумы арасында жасалған концессиялық келісім негізінде жүзеге асырылады:  Alsim Alarko Sanayi Tesisleri ve Ticaret A.Ş., Makyol İnşaat Sanayi Turizm ve Ticaret A.Ş., SK Engineering & Construction Co., Ltd. және Korea Expressway корпорациясы. 

Келісім «құрылыс - беру - пайдалану» шарттарымен 20 жылға жасалды.

Индустрия  және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметінше, жобаның құны 150 миллиард теңгені құрайды.

Жолдың ұзындығы алты жолақты қозғалыспен 66 шақырым.

38 көпір өткелін және жол өтпелерін, сонымен қатар жолдың және оның құрылымдарының жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану арқылы салынатын жеті көліктік өткелді қамтиды. Жоба  дайын объектіні мемлекет меншігіне қабылдағаннан кейін ғана инвесторлардың шығындарын республикалық бюджетке ауыртпалықсыз біртіндеп өтеуді көздейді.

2018-2019 жылдары жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және басқа да дайындық жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда Алматы 26,5 км жолда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүріп жатыр.

Жол ақылы болады.  Жеңіл автомобильдер мен жүк көліктеріне әртүрлі тарифтер болады. Алдын ала зерттеулер бойынша  15 жыл ішінде 231, 25 жыл ішінде 570  млрд  теңге жиналады.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үлкен Алматы айналма жолының  құрылысын бастауға тапсырма берген болатын.  Бұған  дейін бұрынғы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құрылыстың  ұзақ уақытқа кешіктірілу себебін,  Алматы қаласының  экс-әкімі Бауыржан Байбек өз кезегінде құрылысқа 1,5 миллиард доллардан астам қаражат кететінін айтқан болатын.

Атап өтсек,  «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасы ұзындығы 66 шақырымдық автожолын салу мен іске қосуға бағытталған.

Жабындысы цемент-бетонды автокөлік жолы 4 және 6 жолақты болмақ. Жобаның құрамына көлік жол айырығы, көпірлер, эстакадалар, жол көрсеткіштері және басқалары енгізілген.