Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Өңір экономикасына тың серпін беріледі

250 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүр бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов та тұрғындар алдында есеп берді. Біз облыстың бір жылда алған асуларынан оқырманды хабардар етуді жөн көрдік.

Өңір экономикасына тың серпін беріледі

Суретті түсірген: Талғат ТӘНІБАЕВ

Облысты дамытудың үш жылға арналған кешенді жоспары жасалғаны туралы бұрын жазған болатынбыз. Оны жүйеге асырудың шеңберінде былтыр 92  млрд теңге жұмсалыпты, соның 47 млрд теңгесі жеке инвестициялар екен. Бюджеттің түсімі де артып келеді, 2020 жылдың басында ол  262 млрд. теңгені құраған. Қ.Ақсақалов осы қаражаттың жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталатынын атап айтты. Сонымен бірге баяндамадан былтыр экономиканың негізгі индикаторлында өсім болғаны айтылды. Соның ішінде өнеркәсіп 2%, құрылыс 7,6%, баспана салу 15%,  инвестиция тарту 8,8%, ауылшаруашылығы 0,4% артқан. Былтыр Солтүстік Қазақстандағы орташа еңбекақы ең төменгі деңгейде екенін жазғанбыз. Жыл соңында ол біршама артып, 129 мың теңгеге жеткен екен. Қазақстандағы орташа еңбекақы 170 мың теңгенің маңында болғанда бұл әрине, көп емес. Солтүстік Қазақстан тек Түркістан облысының ғана алдында тұр.

Былтырғы жылғы экономикадағы ең үлкен табыс сыртқы сауда айналымының артқаны сияқты, ол 8,9 пайызға көтеріліпті, соның ішінде экспорт 24,3 пайызға ұлғайған. Былтыр барлығы 235,6 млрд. теңге инвестиция тартылса, соның  15,9 млрд. теңгесі сырттан кіріп, бұл көрсеткішті алдындағы жылмен салыстырғанда 33%  арттырған. Ауылшаруашылығына да қосымша     23 млрд. теңге инвестиция құйылған, бұл 2018 жылғыдан 26,5% артық деген сөз. Соның арқасында осы салада қосымша  4,5 мың тұрақты жұмыс орындары ашылған.

Жалпы өңірдің ауылшаруашылығы саласындағы былтырғы жетістігі туралы жуырда толық жазған болатынбыз. Соның ішінде кейбірін ғана еске салатын болсақ, былтыр ғана 9 мың тонна сүт өндіретін үш кешен іске қосылғаны айтылған. Жыл бойы бес мың тұяқтан астам асыл тұқымды мал әкелінді. 

Ет өндіру көлемі бәр жылда 3,5% артқан, бұл  93,9 мың тоннадан 97,2 мың тоннаға жетті деген сөз. Үстіміздегі жыолы оны тағы да 5% арттыру көзделуде. Өткен жылы облыста астықтың алты, сүттің үш, майлы дақылдардың жеті, еттің екі пайызы ғана өңделіп, дайын өнімдер шығарылған. Осы бағыттағы жұмысты жандандырып, биыл өңдеу көлемін төрт пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Ауылшаруашылығын аграрлы-индустриалды бағытта дамыту бойынша көп жұмыстар істеліп жатыр. Соның ішінде «Kazmeal» ЖШС құны 4,2 млрд.теңгеге құрамажем шығаратын зауытты іске қосты. Оның жылдық қуаты 360 мың тонна. Өнімнің алғашқы партиясы Қытайға аттандырылуға дайын тұр. «ЕМС – Agro» ет комбинаты да іске қосылып, бүгінгі таңда 1800 тонна ет өнімдерін шығарды. Тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын фабрика да іске қосылған. «ПЗТМ» зауыты ресейлік әріптестерімен бірігіп, изотермиялық вагон термостар жасауды қолға алған. Қазірдің өзінде ресейлік тапсырыс берушілерге 20 вагон аттандырылды. Бұл өнімді шығарудың жылдық қуаты бір мың вагонға жетеді деген үміт бар.

Солтүстікқазақстандықтардың былтырғы үлкен табыстарының қатарына «BioОperations» ЖШС екінші линиясының іске қосылғандығы екендігін атап айту керек. Қазір онда крахмал мен глютен сияқты өнімдер шығарылуда. Ал этанол өндірудің мерзімі 2020 жылға шегеріліп отыр. Өйткені, Еуропадан қажетті жабдықтар жетпей жатыр.

Қытайлық инвестордың көмегімен «Тайынша-Май» ЖШС  май зауытының қуатын арттыру жобасы іске асырылуда. Жоба іске толық қосылғанда 165 мың тонна шрот іске қосылатын болады. Түрік инвесторы құны екі млрд. теңге тұратын ламинадталған фанер өндіретін зауыттың құрылысые биыл аяқтайтын болады. Онда жаңадан жүзге жуық жұмыс орыны ашылмақшы.  

Әкім өзінің баяндамасында бұдан басқа да бірнеше жобаның іске асырылуын атап өтіп, шағын және орта бизнестің тынысына тоқталды. Аймақта 30 мыңнан артық ШОБ субъектілері жұмыс істейді. Онда 107 мыңдай адам еңбек етуде. Былтыр бюджетке түскен барлық салықтың 56,4% пайызы осылардың үлесінде. Өңірде ШОБ ты қолдау мақсатына 47,4 млрд. теңге бағытталған.

Облыстың инфрақұрылымы, соның ішінде жол мәселесі ауыз толтырып мақтарлық емес. Ол туралы талай жаздық та... Алайда әкім соңғы үш жылда 2 134 км жол жөнделіп, оған 91,9 млрд.теңге жұмсалғанын айтып өтті. Соның ішінде былтыр 676 км автожолдар жөнделген. Ал биыл 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Халықтың қасыретіне айналды деп айтуға лайық мәселенің бірі таза ауыз суы. Бұл мәселе де Солтүстік Қазақстан өңірі әлі күнге артта қалушылардың қатарында. Соның кесірінен түрлі аурулар да көбейе түсуде екенін дәрігерлер де жиі айтады. Әкім соңғы 2 жылда 409 шақырым су құбыры салынып, 72 ауылдық мекеннің 50,6 мың халқы таза ауыз суға қол жеткізгенін айтты. Сонымен бірге әкім су құбырының ауылдың шетіне ғана жеткізілгендігі дұрыс еместігін атап көрсетті. «Құбырды ауылдың ішімен жүргізіп, су тартқыштардың санын барынша көп орнатуымыз керек. Ал суды әрбір үйге тартсақ тіпті жақсы болады. Су бойынша біздің жұмыс нәтижеміздің ең басты индикаторы осы болмақ», деді Құмар Ақсақалов. Сонымен қатар ол облыста 19,5 мың үй ғана ауыз суға қосылғанын айтты. Ал оларда бар болғаны 58 мың ғана адам тұрады екен, бұл барлық ауыл үйлерінің 26% ғана екенін әкім атап өтті.

Әкім былтыр барлығы 250 мың шаршы метр тұрғын үйлер салынғанын айтты. Соның ішінде ауылдарға салынғаны 97 мың шаршы метр екен. Өкінішке орай ауыл тұрғындарын интернетпен қамту көлемі төмен. Бүгінгі таңда барлық 635 ауылдың тек 145 ғана жалпақ жолақты интернет бар. Олардың қатарына үстіміздегі жылы тағы 139 ауыл қосылмақ, соның өзінде барлығы 87% қамтылады.

Облыстағы мәдениет мәселелеріне тоқталғанда әкім бұл саланы қаржыландыру үстіміздегі жылы 37% артатынын ауыз толтырып айтты. Соның ішінде мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 35%-ға артады. «Биыл жаңа театрдың құрылысы аяқталады. Мен бұл жайында былтырғы кездесуде айтқан едім. Алайда, мердігерлер жұмыс күшін қамтамасыз ете алмай,  құрылыс созылып кетті. Биылғы жылдың тамыз айында нысан қолданысқа беріледі. Погодин атындағы орыс театры күрделі жөндеуден өтеді, материалдық базасы жаңарады. Бұл мақсатқа 350 млн.тн жұмсалмақ. 2020 жыл тарихи оқиғаларға толы болмақ. Әл-Фарабидің 1150-жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы, ұлы ақынымыз Абайдың мерейтойы, жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы және Жеңістің 75 жылдығы аталып өтіледі. Мерейтойлар аясында өткізілетін шаралар әсіресе жастарға рухани тәрбие беруі қажет», деді әкім ол өзінің сөзінде. Сонымен қатар ол былтыр Уәлиханов ауданында табылған Қызыл-оба археологиялық ескерткіші туралы да айтты. «Бұл еліміздің солтүстігінде табылған Алтын Орда дәуірінің жалғыз ескерткіші», деді.

Өзінің баяндамасында облыс әкімі Қызылжар қаласының дамуына да ұзақ тоқталды. Ол туралы біз қала әкімінің есебін жазғанда толық айтқан болатынбыз.  Тек қала бюджеті биыл 44,7 млрд.теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 7,3 млрд.теңгеге артқанын еске саламыз.

Сөзінің соңында әкім облыстың экономикасына тың серпін беріліп, халықтың әл-ауқаты жақсара түсетініне уәде берді. Әкімнің есебі мұқият тыңдалды, дегенмен сұрақ берушілер оның баяндамада айтқан көптеген мәселелерін қайта сұрап, тиянақтауға тырысты.

Солтүстік Қазақстан облысы