Жаңа заң қабылдау керек
«Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Аталған баптың іс жүзінде орындалмауы заңның әлсіздігін көрсетеді. Алайда бұл олқылықты «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілген сол Заңның 5-бабымен ақтап алуға болады. Осындай мазмұны бір-бірімен қабыспайтын кереғар баптар қазақ тілінің көсегесінің көгеріп, керегесінің кеңеюіне кедергісін келтіріп тұр. Дәл осы 5-бап орыс тілінің биліктің тілі ретінде үстемдік орнатуына қызмет етіп, қолайлы жағдай жасап келеді. Ал керісінше қазақ тілінің мемлекеттік басқару, заң шығару тілі ретінде қалыптасуына мүмкіндік бермеуде. Сондықтан «Тіл туралы» Заңға түзету енгізілмей, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде мемлекеттік тіл мәселесі өзекті болып қала бермек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында заңдардың негізінен орыс тілінде шығуына түсіністік таныттық. Бұған қоса сол шақтарда қазақ тілінде жоғары білім алған, қазақша заң жазатын, заңдардың орындалуын қазақша жүргізетін заңгерлер жоқтың қасы болатын. Осындай себептермен бастапқы кезде ресми тіл ретінде орыс тілі арқылы іс қағаздардың дені жүйеленді. Бірақ содан бері отыз жылға жуық уақыт өтсе де, іргетасы орыс тілінде қаланған бұл жүйенің іргесін сөгу оңай шаруа болмай тұр. Барлық ісін орыс тілі арқылы үйлестіріп үйреніп қалған Үкімет сол үйреншікті сүрлеумен келеді. Үкімет орысша дайындап, қазақшасын ала-құла аудармамен ұсынған заңдарды Парламент те кері қайтармай, қабылдап жатыр.
«Құқықтық актілер туралы» заңның 24-бабының 3-тармағында «Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс» деп жазылған. Бірақ бұл қазақша заң мәтіндерінің түпнұсқа екенін білдірмейді. Тек аударылған мәтіннің мазмұны түпнұсқадан ауытқымайтынын аңғартса керек. Дегенмен, орыс тілінің қалыбына салынып дайындалған қазақша мәтіндердің калькаға ұрынбауы неғайбыл. Осыдан келіп заңның қазақ тіліндегі нұсқасы қарапайым жұртқа ұғынықты бола бермейді. Тіпті оны судьялардың өздері де әрең түсінер. Олардың көп жағдайда орысша мәтінге сүйеніп отырып қазақ тілінде іс жүргізетіні баршаға мәлім.
Мемлекеттік тілге қатысты барлық мәселенің шешімін ілгерілетіп, сеңнің қозғалуы үшін «Тіл туралы» заңға батыл өзгеріс керек-ақ. Осындай ойды көптен бері көтеріп жүрген, мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға мүдделі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар. Солардың бірі – Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы. Ол Парламент мінберінде бірнеше рет депутаттық сауалына мемлекеттік тіл мәселесін арқау етіп, Үкіметтен тегеурінді іс-шаралар қабылдауды талап етті.
Сенатордың айтуынша, кешегі Кеңес Одағынан іргесін аулақ салған елдер түгел дерлік өздерінің мемлекеттік тілдеріне басымдық беріп отыр. Айталық, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдер өз тілдерінде заң қабылдайды. Өзбекстан тәуелсіздік алғалы орыс тілінде 4-5 қана заң жазыпты. Бұл жерде Беларусь пен Қазақстан ғана орыс тілінің ыңғайынан шыға алмай келеді.
– «Тіл туралы» заң елдегі әлдеқашан өзгерген тілдік жағдаятқа толық жауап бермейді. Қазір қоғам да, адами құндылықтар да өзгерді. Ой мен сана, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жаңаруда. Бүгінгі қалыптасқан демографиялық және миграциялық үдерістерді, ұлттық сана-сезімнің өскенін ескерсек, алдағы уақытта ендігі ұрпақ қазақ тілінің мемлекеттік қолданыс аясын тез арада кеңейтуді талап етуі – заңдылық. Осы ретте мемлекеттік тілдің заңнамалық және нормативтік базасын жаңартатын уақыт жеткенін алға тартамыз. Сондықтан мемлекеттік тілді білу және қолдау Қазақстан азаматтары үшін міндет болуы тиіс. Мемлекеттік тілді білу – парыз емес, міндет деп көрсетіле отырып, енді инструменталды заңдарға көшу керек. Яғни заңдарда егжей-тегжейлі толық жазылып, регламенттелуі қажет. Тілдік заңнаманы жетілдіру, заң талаптарын күшейту арқылы қажеттілікті туғыза отырып, жаңадан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатордың пікірінше, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты барлық ұсыныс, соның ішінде заңдарды қазақ тілінде жазу талабының орындалуы Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның қабылдануымен мүмкін болмақ.
Көршінің тілі – көпшіліктің тілі емес
Жалпы, бүгінге дейін, яғни отыз жылға жуық уақыт ішінде елімізде 3 мыңға жуық заң қабылданған екен. Соның тек екеуі ғана қазақ тілінде жазылды. Олар – 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заң мен 2002 жылғы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң. Мемлекеттік тілде басқа ешқандай заң қабылданған жоқ. Әрине бұған жыл сайын жаңадан заң жазылып жатпағанын, қабылданған заң жобаларының тек өзгерістер мен толықтырулар екенін алға тартып, уәж айтуға болар. Дегенмен, түзетулер енгізіліп жатқан заң жобаларының өзі әлі күнге дейін орыс тілінде дайындалуда. Министрліктер өкілдері Парламент депутаттарының алдында өздері әзірлеген заң жобаларын қазақ тілінде таныстырып, мақұлдатып жатады. Бірақ талай рет депутаттар тарапынан құжаттардың мәтініндегі қателер, мазмұны бір-біріне кереғар тармақтар сөз болып, сынға алынды. Бірақ сонда да Үкімет үйреншікті үрдісінен танбай, түпнұсқасы орысша, қазақшасы аударма түріндегі заң жобаларын әзірлейді.
Бұрын жазылған заңдардың үстінен үстемелеп толықтырулар енгізіліп жатқанын ескермеген жағдайдың өзінде жаңадан қабылданған заңдар баршылық. Осындай жаңа заңдардың қазақша жазылуына ұдайы көтеріліп жүрген ұсыныстар, қолға алынған іс-шаралар ықпал ете алмауы қынжылтады. Мәселен, былтыр жаңадан қабылданған бар болғаны 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заңның толықтай қазақ тілінде жазылатын жөні бар еді. Өйткені жаңа заң бағытталған мұғалімдердің басым бөлігі мемлекеттік тілде білім береді. Статистика комитетінің 2018 жылғы дерегі бойынша елімізде оқушылардың 65%-ы қазақ тілінде білім нәрімен сусындаса, 32%-ы орысша оқиды екен. Ал 90-жылдардың басында бұл көрсеткіш керісінше болған: Қазақстанда қазақша оқитындардың үлесі небәрі 32% болса, орыстілді балалар 65%-ды құраған. Ал өңірлерді жеке бөліп алып қарасақ, кейбір облыстың көрсеткіші 90%-ға жетіп жығылады. Сонымен қатар соңғы 10 жылда қазақ тілінде білім алатын адамдардың үлесі колледжде 59%-ға, ЖОО-ларда 64%-ға жетіпті. Осыдан қазақ тілін меңгергендердің үлесі едәуір артқанын байқаймыз. Сұранысқа сәйкес оларға білім беретін мұғалімдердің де саны көбейгені анық. Ендеше, көпшіліктің ыңғайына қарай мұғалімдердің мерейін өсіретін заң да мемлекеттік тілде жазылса игі еді. Өкінішке қарай аталған заңның да қазақшасы орысшаға сүйеніп әзірленді.
Республика бойынша қазақтілділердің үлесі әлдеқайда артқан. 2009 жылғы халық санағы бойынша елімізде қазақша сөйлей алатындар 64,4%-ды құраған. Биылғы санақтың нәтижесі қазақтілділердің үлесін бұдан да жоғары көрсететіні анық. Қазірдің өзінде қазақтардың саны шамамен 77%-ды құрайды деген болжам жасалуда. Бұған қоса қазақша еркін сөйлей алатын басқа ұлыс өкілдері де бар.
Сонымен қатар ішкі миграция бойынша Қазақстанда 17 өңірдің 15-інде қазақтардың пайыздық көрсеткіші жоғары екен. Соның ішінде ірі үш қаламызда қазақтардың үлесі артқан. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласында – 79%, Алматыда – 60,5%, Шымкентте – 70% қазақтілді халық басым. Бұған қоса республикада жергілікті халық ең көп шоғырланған Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарында 90%-дың айналасында қазақтілділер тұрады. Сондықтан қазақ тілін толықтай мемлекеттік тіл ретінде қолдануға әбден болады. Тек осы жағдайға билік органдары да бейімделіп, қазақ тілінің ресми тіл ретіндегі рөлін күшейтуге мүдделі болуы тиіс.
Жоғарыда тоқталған 1997 жылы алғаш рет қазақ тілінде қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның бастамашысы, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ қазіргі қаралып жатқан заң жобаларының ішінде, әсіресе әлеуметтік салалар бойынша құжаттардың қазақ тілінде дайындалуына мән беру керек екенін айтты. Оның пікірінше, дәл осы саладағы мәселелердің заң жүзінде шешілу процесінің мемлекеттік тілде жүргізілгені жөн. Өйткені басым бөлігі қазақша сөйлейтін халыққа барлық құжаттар толыққанды түсінікті болуы үшін мемлекеттік тілде дайындалуы керек.
Сонымен қатар Әкім Ысқақ кезінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңды қабылдау барысында алдымен «Егемен Қазақстан» газетінде мәтіні толық жарияланып, халықтың талқылауына ұсынылғанын еске алды. Бұған зиялы қауым өкілдері де белсене атсалысқан. Нәтижесінде, депутаттар қазақ тілінде жазылған, бүкіл халықтық талқылаудан өткен жобаны мақұлдады. Осы сияқты белгілі бір мәселе бойынша халықпен кеңесетіндей жағдай туса, мемлекеттік тілдің салмағы басым болатыны анық. Өйткені халықтың көп бөлігін қазақ-тілділер құрайтынын жоғарыда біраз дәлелмен келтірдік. Бұл бүгінгі таңда біздің елде көрші елдің тілі көпшіліктің тілі емес екенін айқын көрсетеді.
Ендігі уақытта мемлекеттік тілде қабылданған алғашқы екі заңның ізін жалғастыратын күн әлдеқашан келді. Осы ретте мемлекеттік тілдің мәселесін көтеріп жүрген азаматтар жаңадан әзірленіп жатқан «Ардагерлер туралы» заң жобасының мемлекеттік тілде жазылатынынан үміттеніп отыр. Бұл заң да әлеуметтік салаға қатысты болып тұр. Жоба ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктердің, көмектердің бәрін жүйелеуді, бір заңға топтастыруды көздейді.
Үкімет мемлекеттік тілге үстірт қарамауы тиіс
Заң жобаларын әзірлеу субъектілері ішінде ең ауқымдысы – атқарушы билікті жүзеге асырушы әрі оған басшылық жасаушы Үкімет. Негізінен заң жобаларын атқарушы билік жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар – министрліктер әзірлейді. Сондықтан мемлекеттік тілде заң жазу мәселесінің ұшы осы мемлекеттік органдарға келіп тіреледі. Үкімет болса, қазақша заң жобаларын әзірлеуде Арнайы лингвистикалық сараптама тобына арқа сүйеп келеді. Парламент Сенатында Мұрат Бақтиярұлы, Сәрсенбай Еңсегенов, Динар Нөкетаева, Нариман Төреғалиев, Бекмырза Еламанов, Ерболат Мұқаев және Рашит Әкімов сияқты бір топ депутат аталған лингвистикалық сараптама тобының қызметін тоқтату, жауапкершілікті толығымен заң әзірлеуші мемлекеттік органның өзіне жүктеу туралы мәселе көтерді. Жалпы, осындай талап-тілектерімен Үкіметтің дайындаған қазақша заң жобаларын үнемі сынап отыратын депутаттар бұл мәселенің тездетіп шешілуіне шындап кірісуі керек сияқты. Заң шығарушы орган ретінде Парламент заңдардың мемлекеттік тілде қабылдануына ықпал етуге қауқарлы. Бұған қазақ тілінде жазылған екі заң да депутаттардың бастамасымен қабылданғаны дәлел бола алады. Ендеше, Парламент депутаттары Үкімет жаққа алаңдай бермей, осы үрдісті неге жалғастырмайды?
Сонымен қатар заң жобаларын алдымен мемлекеттік тілде дайындау бастамасын қолға алуға қазақша заң терминдерінің толық қалыптаспағаны, қазақ тілінде заң жазатын мамандардың тапшылығы кері әсерін тигізіп отыр ма деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде білікті заңгер, Әділет министрлігінің жанындағы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков төмендегіше тұжырым жасайды.
– Егемен ел болғалы Қазақстанда ұлттық құқық жүйесін құру үдерісі тұралаған жоқ. Құқық пен оның негізін құраушы заң терминдерінің қатар дамуы – объективті заңдылық. Осы уақыт ішінде қаншама терминдер мен баламалар сәтті болып, кең қолданысқа ие болды. Мысалы, қазір күмән тудырмайтын «заңнама» сөзі де қазақ тілінің лексикасына тәуелсіздік жылдары енген еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Өкінішке қарай кейбір ұғымдар мен терминдер біржолғы күйінде қалып қойды. Бір жағынан ол да табиғи заңдылық нәтижесі іспетті. Баршаға түсінікті, көңілге қонымды нұсқалар кеңінен қолдау тапса, яғни қоғамдық-әлеуметтік және лексикалық сұрыптаудан өтсе, қолданысқа енеді. Қазіргі терминжасам ісі тек қана тіл немесе заң, не өзге сала мамандарын ғана қамтып қоймайды. Бұл істе қоғамдық үн қату да үлкен орын алады. Электронды қатысу арқылы мүдделі азаматтар мен ұйымдар ұсынылған жобалық баламалар мен нұсқалар бойынша өз пікірлерін білдіре алады. Осылайша Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясына оңтайлы баламалар мен нұсқаларды мақұлдауға көмектескен орынды деп санаймыз. Ақылдасып нақтыланған термин өміршең болады, – деді заңгер.
Бұған қоса Рамазан Сәрпеков қазақ тілінде заң жазатын мамандарға байланысты ойымен бөлісті. Оның айтуынша, осы мәселенің екі аспектісі бар. Біріншісі – тілге қатысты. Мемлекеттік органдарда болсын, қазақ тілінде маман даярлайтын жоғары оқу орындарында болсын, өз саласын жетік білетін білікті мамандар жеткілікті. Осындай жағдай заңнама саласына да тән. Қазақ тілінің теориясы мен қолдану тәжірибесінде «заңнама лексикасы» деген бағыт қалыптасты. Екінші мәселе – құқыққа қатысты. Құқық немесе заң теориясын да меңгерген мамандар жеткілікті. Мәселе оларды ұйымдастыра білуде. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар баршылық. Бірақ олармен жүйелі түрде жұмыс істеу қажет. Заң қабылдауда ведомстволық мүдделілік басымдау.
– Мемлекеттік органдарда кадрлық тұрақсыздық мәселесі өзекті болып тұр. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметшілердің көбі жастар. Заман талабына сай олардың сұраныстары, құндылықтары жоғары болады. Яғни сала лексикасын толық меңгерген маманды қалыптастыру көпжылдық жұмысты қажет етеді. Мемлекеттік тілді білетін мамандарды іріктеу, тұрақтандыру, ынталандыру сияқты іс-шаралар мемлекеттің ұйымдастырушылық құзыретіне кіреді. Бұл жұмыс кешенді тәсіл қолдануды күтіп тұр. Жоғарыда көрсетілген екі фактордың жиынтығы оң болуы заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуге толықтай мүмкіндік береді, – деді Рамазан Сәрпеков.
Түптеп келгенде, Президент айтқандай мемлекеттік тіл ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналып, ұлттық идеологияның ұстыны болуы керек. Қазақ тілі заң жазуға, нормативтік құқықтық құжаттарды түзуге икемсіз деген қасаң түсініктен арылып, көршінің тілін қолай көргеннен, өз тілімізге икемделгеніміз жөн. Билер сотын қалыптастырған бай, өткір тіліміз қазақ тілі – турасын айтып, нақты жеткізуге өте ыңғайлы тіл. Әрісі ел билеген хандардың жарғыларын айтпағанда, берісі жазба әдебиетіміздің негізін қалаған Ұлы Абайдың өзі 73 баптан тұратын Қарамола «Ережесін» жазып қалдырған. Сондықтан мемлекеттік тілдің заң тілі ретінде бекитін, Ата заңымыз рухани жаңғыратын, айбындана түсетін кез келді.